Мақсат Сқақов: тектілік – ұлттың бойындағы қорғаныс қабілеті

Мақсат Сқақов: тектілік – ұлттың бойындағы қорғаныс қабілеті

ашық дереккөзі

Біздің халықта:”Ел аман, жұрт тыныш”-деген аталы сөз бар. Оның мағынасы, ел аман болу үшін, әркез жұрттың жүрегі тыныш болуы керек екен. Жұрт - деп көзі ашық, көкірегі ояу, халқының қамын ойлаған, қанында тектілік бар қауымды атайды. Олар елінің амандығы үшін, жүректері байыз таппайды екен. Қандай істің болмасын халқына қайырлы екенін сезгенде ғана, жұрттың жүрегі тыныштық табады. Текті жұрттың тегеурінді жүрегі тыным тапқанда ғана, еліміз аман болады екен. Қазақтың танымында аса құдіретті, өте қадірлі «тектілік» дейтін ұғым бар. Мысалы, атақты жырау Ақтамберді: «Елден елді аралап, Тектіден текті саралап, Беглердің қызын айттырсам, Нұсқасын байқап шамалап, Сынға толса сияғы, Әлбеті шамның шырағы, Мұхиттан сүзіп шығарған, Қымбатты гауһар бағасы...» деп тектіліктің қасиеті туралы толғайды. Сыпыра жырау: «Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар, Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар» деп тектіліктің не екенін түйіндепті. Әрине, жыраулар білмей айтпайды. Өйткені, тектілік дегеніміз – адам бойындағы асыл қасиеттер парасаттылық үлгісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей берілетін сабақтастық. Егер бұл дәстүр үзілген-бұзылған жағдайда сол этнос құриды. Мысалы, өткен ғасырлардағы отаршылық кезеңі халқымызды осы тектілік қасиетінен айыруға айрықша күш салды. Барлық саяси-идеологиялық насихат құралдары ұлттың өзегі болған тектілігін жоюға бағытталды. Кеңестік кезеңде байларды тәркілеу, оқыған ұлт зиялыларының көзін жою әрекеті бұған дәлел. Сонымен қатар отарлаушылар «Халық үшін ең керемет заң – оның дәстүрі» деп ежелгі қытай ілімгері Конфуций айтқандай, жүздеген ғасыр бойымызға атаның қаны, ананың сүтімен дарып, сүйекке біткен асыл тектілік қасиетімізден айырды. Сол жылдардың зарлы запыраны жайлы айтылған мына бір жоқтауда: Аспаннан түскен жасын-ды, Жасынға тіктім басымды. Теңізден маржан сүзгендей, Теріп бір алды-ау асылды. Қаптай да көшкен қауымның, Қорымы қалды-ау, о, жалған. Ардағы кетіп ауылдың, Тобыры қалды-ау, о, жалған, - депті. Расында, кеңестік колонизаторлар бізді баға жетпес асылымыздан айырды. Тарихшы-этнолог ғалым Жамбыл Артықбаевтың сөзімен айтсақ, тектілерді баудай түсірген алапат азапты жылдардан кейін бұл мәселе өз бетімен кетті. Яғни, елді аздыратын тексіз әрекеттер, өркениет үлгісі ретінде ұсынылды. «Тектіден текті туады, тектілік жолын қуады», «Тексізді төрге шығарма» дейтін қазақтың көне ұстанымы жайында қалып, жарлылық, тексіздік, Абай атамыз айтқандай «арсыздана жалынатын» жолсыздық көріністер жаңа қоғамда артықшылық ретінде дәріптелді. Тарихшы-әлеуметтанушы Жаңабек Жақсығалиев, тектілік феноменін сақтаудың негізінде – ұзақ уақыт сүзгіден өткен асыл дәстүр, терең ой, ғасырлық өмір тәжірибесі, генетикалық ілім сіңген даналық көзқарас жиынтығы бар, бұл қасиет – ұрпақтан ұрпаққа қан арқылы, қатаң тәрбие арқылы дариды депті. Сол сияқты қазақ қоғамының байырғы басқару жүйесі мен генологиялық тұтастығын жайлы кезінде зерттеу жасаған марқұм ғалым-заңгер Нағашыбай Шайкенов, қоғамды берік тұрақтандырушы күш эволюциялық сабақтастық дейді. Яғни, бұл дегенміз – билік мұралаудың тектілік технологиясы. Бұл үрдісті жер бетінде дамытқан һәм қатаң ұстаған – көшпелілер қоғамы. Яки біздің ата-бабаларымыз. Мысалы, біздің дәуірдің 575-581 жылдары Түркі қағанатын билеген Таспар (Тобо) дүниеден өткен тұста, ұлыс басқару жарғысы бойынша үлкен баласы Далобян таққа отыруы тиіс еді. Бірақ орданың би-бектері бұған келіспей басқа әйелінен туған Аньлоны таққа отырғызды. Жолы бола тұра тақсыз қалған Далобянға тағылған айып, оның шешесінің тексіз жерден шыққандығы. Сол сияқты моңғол үстіртінде ұлы көшпенділер империясын құрған Шыңғыстың кезінде онымен үзеңгі қағыстырып, тіпті қажет болса Шалкиіз жырау айтқандай «тепсініп келгенде тебінгінің астынан ала балта суырысып, тең атаның ұлындай» мықтылық таныта алатын Жамуқа шешен деген ноян болды. Көптеген тарихшылар бұл адам Темүжиннен артық болмаса, бір мысқал кем емес еді дейді. Бірақ Жамуқа ешқашан хан болмайды. Себебі, Темүжиннің түп атасы Боданшардан Қабыш батыр туады. Қабыштан – Менен, одан Қаши күлік, одан Қайду, одан Байшоңқыр, одан Тұмбынай шешен, осы Тұмбынайдан қағанның ұлы атасы Қабыл хан, Қабылдан Бартан батыр туады. Бартан батыр Есукей баһадүрдің әкесі. Осы Есукейден – Темүжин. Біздің айтпағымыз ертеде жоғарыдағы Боданшар қол бастап барып, қоңсы отырған жадыран-жаршыт тайпасын шауып, олжаға түскен сұлу әйелді қатындыққа алыпты. Сөйтсе бұл бейбақтың аяғы ауыр екен. Одан ер бала туады. Боржығындар (тайпа атауы) баланың атын Туғадай деп қойып, оны туған ұлдарындай сіңіріп кетеді. Жоғарыдағы атақты Жамуқа осы Туғадайдың жетінші ұрпағы. Қысқасы қанша батыр болса да түп атасы жат болғандықтан оған қағандық орын мәңгілікке бұйырмады. Сөзімізді түйіндеп айтсақ, адам баласы тектілігін сақтаудың арқасында өзінің ұлттық қасиетін және ұлыс бірлігін жоғалтпаған. Өйткені, тектілік феномені – ұлттың бойындағы қорғаныс қабілеті. Осы тектілік жайындағы теореманы Бекен Қайратұлы ағамыз әлеуметтік парақшасында тарқатып жазыпты. Ағамыздан рұқсатын алып, осы мақаланы көппен бірге бөлісіп отырмыз. Ойланатын адамға, орамды ой салатын құнды дүние екен. Тегеуріні мықты, тектілеріміз көп болсын. М.С.

Жүктелуде...