«Кең дала» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелеу бағдарламасы аясында биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тартылған 3,8 млрд. теңге қаражатты «ОҢТҮСТІК» АИО» ЖШС-мен оның еншілес мекемесі «Ырыс» МҚҰ» ЖШС қысқа уақыт аралығында Түркістан облысы ауылшаруашылығы тауарөндірушілерге таратты. Бұл - облыстағы қаржы институттарына бөлінген жалпы 6,8 млрд. теңгенің 55 пайызы.
2021 жылдың наурыз айында «Ырыс» микроқаржы ұйымы мен «Аграрлық несие корпорациясы» арасындағы келісімшартқа сәйкес, республика бюджетінен 2,8 млрд. теңге қаражат көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға бөлінген болатын. Межеленген міндеттер уақытында орындалды.
Атқарылған жұмыстардың аясында көктемгі егін егу және жинау жұмыстары бойынша барлығы 3,8 млрд. теңгеге 809 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, өңірде 900-ден астам жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз үлесін қосты. Қаражат мақта, бақша, жүгері, бидай, мақсары, көкөніс және арпа дақылдарын өсіруге үлестірілді. Аталған бағыттар бойынша барлығы 80,6 мың га егін егілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі