Халықаралық Түркі Академиясының президенті ретінде 2021 жылдың 15 маусым күні Әзербайжан Республикасы мен Түркия Республикасы арасында Одақтастық қарым-қатынастар жөніндегі Шуша декларациясына қол қойылғаны туралы жаңалықты зор қуанышпен қарсы алдым.
Декларация тек аталған бауырлас елдердің ғана емес, түгел Түркі әлемінің ынтымақтастығын паш етеді және оны нығайта түсетін көптеген нақты қадамдарды қамтиды. Халықтарымыздың ортақ құндылықтарының, тарихи және мәдени мұрасының сақталуына, сондай-ақ олардың халықаралық деңгейде танылып, насихатталуына, мәдениет, ғылым және біліммен қатар барлық салаларда өзара байланыстардың дамуына, ұлттық және халықаралық деңгейдегі бастамалардың табысты жүзеге асуына, түркі әлемінің бірлігі мен әлеуетінің артуына қызмет ететін бұл Декларация бауырластық байланыстар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Құжатта Түркі Академиясымен қатар ортақ ұйымдарымыздың аталып өтуі, олардың атқарып жатқан жұмыстарының маңызын арттыра түседі. Сонымен қатар, түркі интеграциясындағы болашақ бағыттарды бағамдап, жаңа белестерді бағындыруға бастайды. Түркі академиясы атынан Декларацияда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыруға өз үлесімізді қосуға дайын екенімізді мәлімдеймін.
Шуша декларациясы тек екі мемлекет ғана емес, бүкіл Түркі елдері арасында көп жақты әрі ауқымды ынтымақтастықтың, туыс халықтар арасында бірлік пен ұйымшылдықтың нығайғанын көрсететін, келешек байланыстармыздың берік іргетасы мен мызғымастығын қамтамасыз ететін ерекше құжат ретінде тарихтан өз орнын алатынына сенімім мол.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ Халықаралық Түркі академиясының президенті