Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
31 мамыр, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Аспан мен жердің шегінде, жауынгерлік бар тегімде!

Аспан мен жердің шегінде, жауынгерлік бар тегімде!

Аспан мен жердің шегінде, жауынгерлік бар тегімде!
ашық дереккөзі
 width= Құба дала, құлан түзде аттың жалы, түйенің қомында өскен бабаларымыздың өмір салты, тұрмыс-тіршілігі тұнған философия ғой, шіркін?! Ежелгі грек мифологиясында күні бойы ат үстінен түспейтін сақ сарбаздарын ежелгі гректер жылқымен бірге жаратылған (Кентавр) деп сеніп, олар туралы сан түрлі аңыздар таратқаны да тегіннен-тегін болмаса керек.  Тәуба! Сол Сақ бабаларымыздың заманынан басталған Қамбар ата түлігінің дүбірі, санаға сіңген сарыны ғасыр доңғалағымен аманатталып бүгінге жетіпті. Оған ұлтымыздың ат үстіндегі спорттық ойындары дәлел.    Ықылым замандардан бері жалғасып келе жатқан далалық спорттың түбінде ұлын жүректі, қызын ізетті етіп баулуға деген терең тағылым жатқандай.  Көкпар, Қызқуу, Аударыспақ, Теңге ілу, Жамбы атудың тереңіне телескоп салсаңыз, жоғарыда айтқан тұжырымға көзіңіз жетеді. Көңіліңіз жайланады.  Ұлтымыздың тар пешене, тағдыр талайына жазылған ғасырға жуық жаугершілік әке баласын жауінгерлікке үйретті. Ер қанаты жүйрік ат жеті қазына, бес қаруға баланды.  Міне, сол өскелең ұрпақты ептілік пен жылдамдыққа баулитын  алғашқы мектеп – Теңге ілу болды.  Әу баста бұл рәсімге бозбалалар мен жігіттер қатысқан. Көбіне қыз ұзатылатын және сүндет тойларының думанында ойнатылған. Жігіттің атқа мықтылығы, ат үстіндегі ұшқыр әрекеті, денесін игеріп, билеп алған ептілігі сынға түскен.  Ұзатылып келген жас келін өзінің шолпысын не алқа күмістерін орамалға түйіп, бір қарыстай терең қазылған, қолдың басы ғана сиятын шұңқырға салған. Сәйгүлік мінген жігіттер жүз, жүз елу метрдей жерден екпіндете шауып келіп, сол ағынымен шұңқырдағы орамалды іліп әкеткен. Шұңқыр тұсында іркіліп, тоқтауға не аттың шабысын бәсеңдетуге тиым салынған. Кімде-кім орамалды іліп әкетсе, оны өзіне тарту, сый деп қабылдаған. Әрі, өзі алып қалмай, қалаған адамына сыйлайтын болған.  Осы дағдыны жетік меңгерген жаужүрек ұлдар, соңыс даласында қапыда қолдан түсірген бес қаруын жерден еш қиналмай іліп, алып жауларын жер жастандырған.  Міне, ұлттың ескілік ойын ережесі қазақ даласында әскери дәуірде пайда болды. Ойын арқылы бұқа мойын, бура сан жігіттер жерден қару немесе басқа да заттарды алу үшін әскери дайындықтан өткен. Бұл ойында ептілік, батылдық, атқа міну дағдысын меңгерген жігіттер жүлделі болып,  жеңімпаз атанған.  Бір сөзбен, Теңге ілу (кейде «Теңге алу» деп айтылады) қазақ халқының ұлттық ойындарының ежелгі түрлерінің бірі. Қазіргі таңда Теңге ілу спорты Ұлттық Олимпиадалық комитетпен танылып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитетінен аккредиттеуден өтті.

М.ШАҒЫРБАЕВ