Түркістан облысы әкімінің өкімімен және Президент Әкімшілігі мен Ордабасы ауданы мәслихаты депутаттарының келісімдері бойынша Бағлан Батыршаев Ордабасы ауданы әкімі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Жаңа әкімді аудан активіне Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев таныстырып, алдағы мақсат-міндеттерін айқындап берді. Аудандағы халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтерудегі Елбасы Н.Назарбаев саясатын жүзеге асырып, Мемлекет басшысы бекіткен тапсырмаларды сапалы орындауды жүктеді. Аймақ басшысы Ордабасы ауданын басқарып, өңір дамуына өз үлесін қосқан Нұрбол Тұрашбековқа алғыс білдіріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
«Бұған дейін Ордабасы ауданының әкімі болып келген Нұрбол Тұрашбековтың мол тәжірибесін ескере отырып, басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты атқарып отырған қызметінен босаттым. Бүгінгі күнгі аудандық мәслихатының сессиясына Ордабасы ауданы әкімі қызметіне жаңа кандидатура ұсынылып, депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып отыр. Бағлан Батыршаев – тәжірибесі мол, еңбекқор азамат. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш-жігерін жұмсайды деп сенемін», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Облыс әкімі жаңадан тағайындалған аудан әкіміне басты назар аударып, атқаруды қажет ететін бірқатар мәселелер міндеттеді. Ауданда жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығына инвестициялар мен озық технологиялар тартып, өндірілетін өнім көлемін арттыру бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеді. Ең алдымен, аудан тұрғындарына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасап, ауыл, елді мекендері жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыруды тапсырды.
Б.Батыршаев 1976 жылы Ордабасы ауданында туылған. Білімі жоғары. 1999 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін инженер-экономист, 2008 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану, 2014 жылы Алматы Менеджмент университетін іскерлік әкімшілендіру магистрі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы Тұрғын үй құрылыс банкінде менеджер болып бастаған. 1998-2009 жылдар аралығында "Казагроойл" ЖШС-нің қаржы директоры, Астана қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары, Астана қаласы әкімінің көмекшісі, ОҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары, "Қазтеміртранс" АҚ-ң басшысы, ҚР Премьер - Министрі Кеңесінің бас инспекторы, "ҚазМұнайГаз-Сервис NS" АҚ-ң бас директоры, "Оңтүстік" аймақтық инвестициялық орталығының басқарма төрағасы лауазымдарында еңбек еткен. 2011-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты болған. 2020-2021 жылдары "Түркістан облысы әкімдігінің іс басқармасы" мекемесінің басшысы қызметін атқарған.