– Алтай Сейдірұлы, жуырда Президенттің қабылдауында болдыңыз. Сізге қаланы газдандыру мәселесін тиянақтауды тапсырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы үйлер табиғи газ желісіне қашан толық қосылады? – Нұр-Сұлтан қаласының дамуы – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының жіті бақылауында. Жоспар бойынша қала ішінде газдандырылуы тиіс жер үйлері басым 16 елді мекен бар. Оның 10-ы жыл соңына дейін толық газға қосылады. Дәл қазіргі сәтте 7 елді мекенде газ тарату желілері толық құрылды. 2 288 абонент, яғни 43 мың қала тұрғыны көгілдір отынға қосылуға дайын. Оның ішінде Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный, Көктал-1, Агроқалашық (былтыр газға қосылмаған бөлігі) елді мекендерінде газ тарату желілерінің құрылысы аяқталуға жақын, алғашқы үйлер көгілдір отынға қосылып үлгерді. Сонымен қатар алдағы жылыту маусымында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елді мекендерін газға қосуды жоспарлауда. Алдымен, елорданың елді мекендерінде 350 шақырым газ тарату желілері салынды. Жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету – басты назарда.
Газдандыру басталған сәттен тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерін қосу бойынша көмек көрсету мәселесі қарастырылды. Бір жолғы әлеуметтік көмек зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі ересектерге, ерекше бала асырап отырған отбасыларға, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға беріледі. Былтыр газ тарифі төмендетілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін 60 теңге белгілеу болжанған болатын). Әкімдік жеке сектордың тұрғындары үшін газ есептегіштерді тегін орнату жағын қарастырып отыр.
Қаланың едәуір бөлігін жылумен қамтамасыз етіп отырған 1-ЖЭО және 2-ЖЭО жалпы алғанда 13 қазандықтан тұрады. Былтыр 4 қазандық газға ауыстырылды. Жыл соңына дейін қалған 9 қазандықты газға көшіреміз. Жалпы, шаһарды газдандыру 3 кезеңнен тұрады. Жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатыр. Тағы 1 мыңнан астам отбасы үйіне газ қосуға техникалық шарттар алды. Жыл соңына дейін жалпы алғанда 11 558 абонент немесе тағы да 143 мың қала тұрғыны газ қосуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар қазіргі таңда қаланың екі аумағында жергілікті, автономды жылыту орталықтарын толық газға отырғызу жоспарымыз бар. Бұл 2023 жылы аяқталады.
Қаланың тұрақты дамуы үшін тағы бір маңызды шаруа – ауыз су. Халық саны артқан сайын су тұтыну көрсеткіштері де артып жатыр. Қазір қаланы қосымша ауыз сумен қамтамасыз етіп, оны фильтрден өткізіп, тұтынушыға жеткізу жоспары толық мақұлданды. Жоспар жүзеге асқанда жыл сайын қосымша 100 мың текше метр ауыз су пайдалануға берілмек. Өздеріңіз білесіздер, елорданы газбен қамтамасыз етіп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи жобасы. Оңтүстік өңірден тартылған мың шақырым құбыр – үлкен еңбектің нәтижесі. Алғашында Сарыарқаның сарышұнақ аязында көмір жағып үйренген жергілікті тұрғындар да, басқалар да елордаға газ келеді дегенге сенген жоқ. Шыны керек, бюрократиялық шырғалаңы көп жоба деп қарағандар да болды. Алайда бұл жоба жүзеге асып, астанамызға газ құбыры жеткізілді. Енді үй-үйге кіріп жатыр. Бұл – бұрын бейнет көріп келген қарапайым адамдар үшін үлкен қолдау.
– Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды көбейтуді, жеңілдікпен берілетін үйлерді көбірек салуды міндеттеген болатын. Тұрғын үй құрылысы қалай жүріп жатыр? Жалпы, астанада баспана кезегінде қанша адам тұр? – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде 48 мыңнан астам адам тұр. Былтыр шаһарда 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынды. Оның 80%-ы – жеке инвестиция. Биыл бұл көрсеткіш 3,2 млн-ға дейін өсуі керек. Мемлекет басшысының қолжетімді тұрғын үй санын, құрылыс көлемін үш есеге арттыру туралы тапсырмасы болды. Былтыр бұл үдеден шыға білдік. Мысалы, жеңілдікпен берілетін пәтер алушылар санатын кеңейттік. Енді әлеуметтік пәтерлерге медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, әлеуметтік саланың басқа да өкілдері, өрт сөндірушілер, мәдениет және спорт қызметкерлері, полиция қызметкерлері де қатыса алады. Ал тұрғын үй сертификаттарының сомасын 1 млн теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін арттырдық. Жастарға келетін болсақ, елордада «Жұмыс істейтін жастарға арналған жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы екі жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін мыңға жуық жас отбасы пәтер кілтіне ие болса, биыл тағы 300 жас отбасыға пәтер табыстау жоспарланып отыр.
Баспана мәселесі қоғамдағы өткір мәселенің бірі болғандықтан, мемлекет тарапынан жылдан-жылға жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, Нұр-Сұлтанда 2019 жылы 2 900 әлеуметтік пәтер берілсе, 2020 жылы 7 мыңнан аса пәтер табыс етілді. Ал биыл бұл көрсеткішті 10 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Қала әкімдігі әлеуметтік нысандардың «қадамдық қолжетімдігін» қамтамасыз етуді басты мақсат етіп қойған болатын. Яғни, жаңа тұрғын үй кешені салынып беріле салмай, бірінші қабаттарында «Үй маңындағы дәрігер» медициналық мекемелерін ашуды да қамтамасыз етіп келеміз. Олардың қатарында оңалту орталықтары, балабақшалар, медициналық көмек көрсету пункттері, полицияның тірек пункті және тағы басқа әлеуметтік нысан бар.
Баспана мәселесін айтқанда, елордадағы үлескерлердің жағдайын айтпай кете алмаймыз. Үлескерлердің мәселесін шешу жөніндегі жоспарымыз орындалып келеді. 1,5 жыл ішінде «сақалды» құрылыс саны екі еседен аса азайды. 2019-2020 жылдары үлескерлердің 30-ға жуық тұрғын-үй кешені пайдалануға берілді. Қалған 22 құрылысты 2021-2023 жылдары аяқтау жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 2019 жылы ведомствоаралық коммисияның шешімімен елордада үлескерлердің 52 тұрғын үй нысаны «проблемалық» деп табылған. Бұл – 15 757 үлескер. 2019 жылы соның 10 нысанын толық аяқтадық. 13 үйде тұратын, 2 534 отбасы баспаналы болды. 2020 жылы 14 тұрғын үй нысанын құрайтын 20 үйдің құрылысы аяқталып, тағы
2 723 отбасы үйлі болды. Енді міне, 2021 жылы 18 тұрғын үй нысанын немесе 57 үйде тұратын 7 300 отбасын баспаналы қыламыз деп межелеп отырмыз. Жоспар бойынша 2022 жылы 40 үй, 2023 жылы тағы 20 үйді аяқтап, елордадағы үлескерлер мәселесін түбегейлі шешеміз деген жоспар бар. Өздеріңізге белгілі, кей үйлердің құрылысы тіпті 15-16 жылға дейін созылып кеткен. Қазір үлестік құрылыстардың кейбірін аяқтап, тұрғын үйлерді жөндеп, апатты жағдайдағы үйлерді сүріп жатырмыз. Өткен жылдың өзінде 50-ден астам көппәтерлі тұрғын үй кешені жөнделді. Соңғы екі жылда 400-ден астам отбасы апатты жағдайдағы ескі үйлерден көшірілді. Биыл 200-ден астам отбасыны көшіреміз, оларға жайлы, ең бастысы – өмір сүру үшін қауіпсіз жағдай жасауды жоспарлап отырмыз.
– Әлеуметтік саланың негізі – білім беру мен денсаулық сақтау саласы. Халық саны артқан сайын мектеп пен аурухана, емханаларға сұраныс артатыны белгілі... – Елорда – бүгінде Еуразия жүрегі, әлемде ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың бірі. Сәйкесінше халық саны да, соның ішінде оқушылар саны да үнемі өсуде. Мәселен, 2010 жылы қалада 74 мың мектеп оқушысы болса, қазір – 193 мың. Енді 10 жылдан кейін 2030 жылы, бұл көрсеткіш 400 мың оқушыға дейін өседі деп отырмыз. Бұл жақсы хабар, «балалы үй – базар», бізде енді соған сәйкес мектеп құрылысы да қарқынды болу керек. Алдағы бес жыл ішінде 80 880 оқушыға арналған 67 мектеп салу жоспарланып отыр. Елордада жылына кемінде 10 мектеп салынбаса, өсіп келе жатқан халық санына сәйкес келмей, мектептерге артылған жүктеме әлеуметтік қиындықтар туғызуы ықтимал. Былтыр мәселен, пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан елордада 11 мектеп жаңадан бой түзеді. Биыл тағы 16 мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл қала құрылысшыларының ерен еңбегі деп білемін. Білім беру мекемелерін ғимаратпен ғана қамту жеткіліксіз. Сапалы білімді арттыру мақсатында болашақ педагогтерді ынталандыру үшін орта білім алуға жыл сайын 800, жоғары білім алуға тағы 300 әкім грантын бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту үлесі жоспарлы түрде артатын болады. «Қадамдық қолжетімдік» принципіне сәйкес қосымша 30 «Үй маңындағы дәрігер» нысаны ашылады. Сонымен қатар 5 медициналық мекеме салынады.
– Елорданың жасыл белдеуін әрі қарай дамыту үшін 2020 жылға дейін негізгі үш бағытта жұмыс жүргізу тапсырылған еді. Қалыптасқан аймақтардағы жасыл желектің тығыздығын арттыру, қала аумағындағы бос жерлерге тал егу, демалыс орындарын қалыптастыру жұмыстары қалай жүргізіліп келеді? – Елорданы көріктендіру жұмыстарының бәрі «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-планы тұжырымдамасы аясында жүргізіліп келеді. Яғни осы сала бойынша нақты даму картасы бар. Биыл демалыс орындары мен жасыл желекті аймақтар айтарлықтай көбейеді. Экологияны жақсартып, тұрғындардың демалыста уақыт өткізуіне қолайлы орындар жасау үшін қаламызды көгалдандыруды жалғастыра береміз. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерде (саябақтар, скверлер, бульварлар) тал-терек егуді жалғастырамыз. Мәселен, Б.Момышұлы даңғылы бойымен жағалауға дейін жаяу жүргіншілер желекжолын абаттандырамыз. «Толқын тәрізді аллея» аумағында үстел теннисі мен шахматқа арналған үстелдер, демалуға және әткеншек тебуге арналған саялы аймақтар орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл «Триатлон паркін» жаңа бөртегүл бағымен біріктіре отырып, эко-маршрут құруға мүмкіндік береді. Онда мыңнан астам бөртегүл көшетін отырғызамыз.
Былтыр Триатлон саябағын ауқымды абаттандыруды бастадық. Өткен жылы қалада алғаш рет көпірасты алаңдар жасалды. Сарайшық көшесіндегі «Арқар» көпірінің астында спортпен айналысуға арналған бірнеше аймақ ашылып, саябақ аумағында футбол алаңдары орнатылды. Бұл – Триатлон мен Президент саябағы арасындағы көпір, жұмыстар биыл да жалғасады. Мысалы, Тұңғыш Президент саябағында саялы бастырмалар, әткеншектер, үш субұрқақ, оның ішінде тұманды булану, орындықтар және т.б. орнатылды. Алдағы уақытта өзен арқылы вело-жаяу жүргінші көпірін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл көпір екі саябақты – Тұңғыш Президент саябағы мен Есіл өзенінің бойындағы саябақты бірыңғай кластермен біріктіруге мүмкіндік береді. Осылайша, қала тұрғындары аудандар арасында кедергісіз жүре алады. Көпірдің бойында демалыс аймақтарын жабдықтаймыз, ал көпірдің астына әткеншек орнатамыз. Әзірбайжан Мәмбетов көшесі бойында, қаланың оң жағалауында «Демалыс Променад» деп аталатын жаңа қоғамдық кеңістік жасадық, арбат іспетті, жаяу жүргіншіге арналған кеңістік болды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қоғамдық кеңістіктерді (саябақтар, скверлер, бульварлар, бақтар) абаттандыру кезінде, көгалдандыруға ерекше назар аударамыз, өйткені бұл – қала дамуының ажырамас бөлігі. Биылғы көгалдандыру жұмыстарының ерекшелігі – аулалық аумақтардан, саябақтардан, скверлерден, бульварлардан, елді мекендерден басқа, көрікті жерлеріміздің іргелес аумақтарын көгалдандыруға кіріскенімізде. Бұл «бетонды орындар» санын азайтады. Мысалы, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театры мен «Астана Балет» аумағында жасыл бақ, «Астана Опера» аумағында емен бағы, Триатлон саябағында бөртегүл бағы пайда болмақ Қазір барлық жерде көшет отырғызылып жатыр. Өзім де қаланы көгалдандыруға қатысамын. Қаланың барлық ауданын, соның ішінде елді мекендерді көгалдандырамыз. Ағаш егуге қала тұрғындары, еріктілер, кәсіпкерлер де қатысатыны қуантады. Осы жылы 1 млн-нан астам жасыл желек (ағаштар, бұталар, көшеттер және т.б.) отырғызуды жоспарлап отырмыз. Қазір қаланың жасыл түске айналғанын, жаңа экоаймақтар мен «жасыл аралдар» пайда болғанын көруге болады. Егер жылдан-жылға сапалы тал егіп, тал егу жоспарын осы деңгейде ұстап тұрсақ, елорда санаулы жылдар ішінде жасыл қалаға айналмақ. Бір кездері тек даладан тұрған қала бақшалы қала болады. 2020 жылы 148 аула мен 60 қоғамдық кеңістік жаңадан тұрғындарға пайдалануға берілді. Осы жылы 150 аула мен 28 қоғамдық кеңістікті абаттандырамыз.
Елбасы сұқбатында елорданың бас жоспары ғимараттардың, жасыл желектер мен орманның симбиозы ретінде жасалғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғастырылады. Қала тұрғындарының қатысуымен сенбіліктер, экоакциялар тұрақты өткізіледі. Шаһарды көгалдандыруға кез келген адам үлес қоса алады.
– Пандемиядан зардап шегіп жатқан кәсіпкерлерге қандай қолдау шаралары көрсетілді? – Иә, пандемияның салдарынан қабылданған карантиндік шектеулер кәсіпкерлік ортаға көп зиянын тигізді. Төтенше жағдай уақытында және одан кейінгі шектеулердің салдарынан Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 79 мың шағын бизнес субъектісі немесе 56%-ы жұмысын уақытша тоқтатты. Пандемияның әсерін сезініп, зардап шеккен бизнес субъектілері – сауда, тұрмыстық қызметтер, көлік, қоғамдық тамақтану, туризм, білім, ойын-сауық, спорт және қосалқы қызмет салаларында.
Шектеу шараларын енгізуден экономикаға тиетін әсерді азайту және іскерлік белсенділікті қалпына келтіру үшін бірқатар шаруа қолға алынды. Біріншіден, айтарлықтай зардап шеккен кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Сомасы 31 млрд теңгені құрайтын 97 мыңнан астам жеке кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктерге ие болды. Екіншіден, мемлекеттің меншігіндегі ғимараттарды жалдап отырған кәсіпкерлер, жалдау ақысын төлеуден уақытша босатылды. Үшіншіден, «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына біршама өзгеріс енгізіліп, кредит мөлшері 6%-ға дейін төмендетілді, субсидияланатын сома 7 млрд теңгеге дейін өсірілді. Осы мақсатта бір жылда 2 млрд теңге дағдарысқа қарсы қаражат бөлініп, 500-ге жуық жоба қолдау тапты. Төртіншіден, пандемия кезінде отандық тауар өндірушілерге ерекше назар аударылуда. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жергілікті қамтуды қадағалайтын арнайы комиссия құрылды. Мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібі өзгертілді. 2020 жылы комиссияның 30 отырысы өткізіліп, 18 мыңнан астам тауарға СТ-KZ, яғни отандық деген сертификаттар берілді.
– Елорда қазақыланбай, ел қазақыланбайды. Қаланы қазақыландыру үшін ең алдымен тілдік орта керек дейтін болсақ, онда жыл сайын ауылдардан келіп қоныстанып жатқандар көп. Алайда аулада, көшеде балалардың өзге тілде сөйлейтініне куә боп жүрміз. Қала әкімдігі тарапынан жалпы ұлт руханиятына қатысты қандай шаруалар атқаралып жатыр? – Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсам, нағыз рухани жаңғыруды басымыздан өткеріп жатырмыз десек, артық айтқанымыз емес. Елордадағы жаңа көшелерге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдері берілсе, қаладағы бірнеше мектеп ұлт зиялыларының атымен атала бастады. Былтыр оқу орындарына Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жұмабек Ташенов, Мәшһүр Жүсіп, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллиндердің есімдері берілді. Биыл да ұлт зиялыларының есімдері жаңа мектептерге берілуі үшін республикалық ономастикалық коммисияның шешімін күтіп отыр. Бұл өскелең ұрпаққа өте қажет дүние. Әлем ұстаздарының бірі әл-Фараби мен ұлы Абайдың мерейтойлары да карантин талаптары сақтала отырып атап өтілді. Ас та төк той тойлайтын емес, тағылым алып ой ойлайтындай етіп өткізілді деп есептеймін. Пандемияға дейін ұлттық өнеріміз – айтыс тұрақты болып тұрды. Елорда ақын-жазушылары бас қосатын «Жазушылар үйі» Жазушылар одағының астаналық бөліміне берілді. Бүгінде онда қала зиялылары түрлі кездесулер өткізіп, ұлт руханиятына өз үлесін қосуда. Оң жағалауда «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Ол жерде асылдарымыз, үш бәйтерек – Ілияс, Сәкен, Бейімбет ескерткіштері тұр. Ендігі кезекте осы жерде ұлт зиялылары, Алаш қайраткерлері Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіштер ашу жоспары бар. Бұл ұлт санасын жаңғырту жолында өте маңызды қадам деп білеміз. Күні кеше, 8 мамыр күні елорданың тумасы, даңқты батыр, ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткіші ашылды. Сонымен қатар биыл Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев сынды ұлт ардақтылары да ұмытылмайды. Жақында тағы да 40-тан астам көшенің атауы ауысты.
– Қала тұрғындарының ең көп көтеретін мәселесі қандай? – 2019 жылдың екінші жартысында – 721 адам, 2020 жылы – 1005 адам, биылғы жарты жылда 221 қала тұрғынын жеке қабылдадым. Қабылдаулар әр жұмада тұрақты түрде жүзеге асады. Және қабылдаулар қала басшылығының барлығының тарапынан жүзеге асады. Мәселен, 2020 жылы орынбасарларым жеке қабылдауларында 3100 адамды қабылдаған. Ең көп көтерілетін сұрақтар – әлеуметтік көмек түрлері, баспана, бизнес бастау және жеке өтініштер. Әрбір мәселе – жеке бақылауда. Себебі бұл – Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының ең басты алғышарты. Әр азаматтың жеке мұқтажын шешу арқылы қоғамдағы күрмеулі сұрақтардың алдын аламыз, шешімін табамыз. Сонымен қатар қала тұрғындары көтерген әр мәселе толық шешілуі үшін отбасы институтын қолдауға бағытталған «Жанұя» орталығына тек осы жылдың басынан бері әртүрлі сұрақпен 23 580 азамат келген. Біздің сараптау бойынша келушілердің ең көп көтеретін мәселесі – баспана жайы, сол себепті былтыр арнайы Тұрғын үй орталығын аштық. Биыл бұл орталыққа тиісті сұрақтарымен 5 мыңнан аса адам келіп үлгерген.
https://youtu.be/eGzPywHlCmk
Думан АНАШ
«Egemen Qazaqstan»