Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығына орай, ел ордасы Нұр-Сұлтанның ең беделді саябағы саналатын Президенттік саябақта “Түркия-Қазақстан бауырластық аллеясының” ашылуы өтті. Есіл өзенінің жағалауында ашылған және ҚР Президенті резиденциясы - Ақордаға қарама-қарсы орналасқан аллеяға екі бауырлас елдің әр жылын бейнелейтін 30 тал ағаш отырғызылды. Түркия Елшісі Уфук Экиджи мен Нұр-Сұлтан қ. әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкеннің қатысуымен өткен ашылу салтанатына Халықаралық түркі академиясы президенті Дархан Қыдырәлі, Әзірбайжан Елшісі Рашад Мамедов, ҚР СІМ департамент директоры Оңталап Оңалбаев және Нұр-Сұлтандағы түрік қауымдастығы өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, аллеяның ашылуы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келді. Өздеріңіз білетіндей, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған ел Түркия болды. Екі бауырлас ел арасындағы дипломатиялық қатынастар 1992 жылғы 2 наурызда орнатылды.