Сайрам ауданында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының кезекті көшпелі қоғамдық қабылдауы өтті. Оған «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары Аңсар Өсербаев және облыстық басқарма басшылары мен мәслихат депутаттары қатысып, тұрғындардың өтініштері мен талап-тілектерін тыңдады, деп хабарлайды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Қабылдауға келген Ф.Файзуллаев Сайрам ауданы, Манкент елді мекенінде орналасқан мектеп-интернаттың жаңа ғимаратының құрылысына қатысты сметалық құжаттамасын қайта есептеу және құрылыс жұмыстарына қаржы қарастыру мәселесін көтерді. Түркістан облысы Адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова аталған нысан құрылыс басқармасына өткенін, облыстық мәслихтқа ұсынылатынын жеткізді. Фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев әріптестері бекасыл Төлендиев пен Динара Егамбердиевамен бірге бұл мәселені бақылауда ұстайтындарын айтты.
Жергілікті тұрғын Сихымбай Сағындықов аудан аумағында елді мекендерді 100% табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында сараптама қорытындылары алынған 3 табиғи газ желісінің құрылысына қажетті қаржы қарастыру мәселесін көтерді. Тиісті басқарма басшысы бұл мәселе 1-2 ай көлемінде шешілетіндігін, 3,2 млрд. теңге республикалық бюджеттен бөлінгенін айтты.
Ақсукенттік Ахмет Усманов Семей ядролық полигонының ардагерлеріне арнап салынған арнайы бөлмені талапқа сай етіп жөндеу және жабдықтану жөнінде өтініш айтты. Облыстық мәслихат депутаты Б.Төлендиев өз тарапынан кеңсе заттарын алып беруге және ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп беретінін айтты. Мәселе шешімін тапты. Ал Нина Массольд пайдаланып отырған газға төлемақысын уақтылы төлей алмағандықтан өсімпұл қосылған. Тұрғын өсімпұлмен бірге төлей алмайтынын айтып шағымданды. Абдикадиров Абилхан Аскерұлы - Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Әбілхан Абдикаримов өтініш иесінің мәселесін назарға алып, төлеу уақытын арнайы кесте бойынша 6 айға бөліп төлеуге ықпал етті.
Қоғамдық қабылдауда өзге де азаматтардың өтініштері қаралды. Тұрғындар инфрақұрылым, білім, медицина нысандарын салу және жөндеу бойынша мәселе көтерді. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев аталған мәселелер партия бақылауында болатынын жеткізді. Тұрғындардың өтініштерін жіті бақылауға алып, жанашырлық танытқан басқарма басшылары мен мәслихат депутаттарына және Сайрам ауданы әкімдігіне ризашылығын білдіріп, бірлескен жұмыс жалғасатынына сенім білдірді.