Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
31 мамыр, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жасады
ашық дереккөзі
 width= Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты үндеу жасады. Президенттің үндеуін Ақорда жариялады, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі. "Құрметті отандастар! Бүгін, 31 мамыр – ел тарихындағы ең азалы кезеңнің бірін еске алу күні. Өткен ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси қуғын-сүргін Кеңес Одағы дәуіріндегі миллиондаған азаматтың тағдырына таңба салды. Қазақстанда жүз мыңнан астам адам жазықсыз сотталып, оның төрттен бірі өлім жазасына кесілді. Еліміздің аумағында он бір еңбекпен түзеу лагері болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қасірет мекені КАРЛАГ пен АЛЖИР-де тоталитарлық жүйенің шексіз қатігездігін үнемі еске салып тұратын тарихи мемориалды кешендер ашылды. Зұлмат заманда тұтас халықтар қудалауға түсті. Туған жерінен зорлықпен көшірілген бес миллионға жуық адам қасиетті қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың құтты мекеніне айналды. Ұлтымыз алапат аштықтың зардабын тартып, орны толмас шығынға ұшырады. Шектен шыққан ұжымдастыру науқаны Ұлы даланы бұрын-соңды болмаған ауқымды гуманитарлық апатқа ұрындырды. Халқымыз небір зобалаңды көрсе де рухын аласартқан жоқ. Бірлігін бекемдеп, ынтымағын арттыра түсті. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін біз арыстарымызды ақтауға кірістік. Кезінде жазықсыз жазаланған мыңдаған азаматтың есімін ел жадында жаңғырттық. Былтыр қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы. Төл шежіреміздегі қайғылы кезеңдерді ұлттық бірегейлігімізден бөле-жара қарау мүмкін емес. Сондықтан, біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз. Тарихтан тағылым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз", - дейді мемлекет басшысы.