Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
28 мамыр, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Палестина - Израиль дауы: Әрі қарай не болмақ?

Палестина - Израиль дауы: Әрі қарай не болмақ?

Палестина - Израиль дауы: Әрі қарай не болмақ?
ашық дереккөзі
 width= Осы күндері дүниені дүбірлетіп жатқан таяушығыстағы оқиғалар неден басталды? Иерусалим қаласының араб аудандарының бірі Шейх Джаррахта тұратын сегіз араб жанұясын мәжбүрлі көшіру туралы соттың шешімі шыққан. Бірнеше еврей жанұясы бұл тартыста әлгі ғимараттардың 1948 жылдан бері өз иелігінде болғандығын сот арқылы дәлелдейді. Иерусалим әкімшілігі және Сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны кішігірім оқиға ретінде назар аударғысы келмеген, бұл қалада мұндай оқиғалардың дереу саяси сарынға түсетіндігі израиль жағын алаңдатпады. Араб аудандарынан арабтарды күштеп қоныс аудармақшы еврейлер Иерусалимды толық еврейлендіруді көздейтін ұйымның мүшелері және оларды радикалды бағыт ұстанатын мемлекеттік емес ұйымдар қаржыландырады. Жер дауы Рамазан айында басталғаны жағдайды одан бетер өршітіп жіберді. Бұған қоса, 9 мамырда еврей ұлтшылдары араб аудандары арқылы шеру жасамақ болған. Арабтардың еврейлерге тас лақтыруы, израиль полициясының шектен тыс күш қолдануы, текетірестің бұдан кейін қасиетті Әл-Ақса мешітіне ауысуы, ақыры осынау ірі қарулы қақтығысқа әкеліп соқты. Әл-Ақса мешітін израиль полициясы күшпен алғаннан кейін 10 мамырда Хамас пен Исламдық джихад ұйымдары Израильдің қалалары мен елді мекендерін зымырандардың астына алды. Осы күндері палестина тарапынан 200-ден, олардың ішінде 60-қа жуық бала, ал израиль жағынан ондаған адам қаза тапты. Соққылар толастамауда. Хамас пен Тель-Авив басшылары түпкілікті жеңісі туралы жарыса жариялауда. Біріккен Ұлттар Ұйымы Израиль тарапын араб тұрғындарды мәжбүрлі көшіруді тоқтатуға және ереуілшілерге қатаң күш қолданбауға шақырды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 10 мамырда туындаған жағдайды талқылау мақсатында жабық кеңеске жиналды. АҚШ жағы Қарарды қабылдамады. Еуропалық Одақ шиеленісті бәсеңдетуге үндеп, арандату мен жәбірлеуге жол беруілмеуін, екі жақтың да кінәлілері жауапкершілікке тартылуы керектігін мәлімдеді. Араб елдері лигасы 11 мамырда кезектен тыс жиын өткізіп, Лиганың Бас хатшысы Ахмад Абу Әл-Ғейт Израильдің Ғазаға жасаған әуе соққыларын шектен шығушылық деп айыптады. АҚШ Мемлекеттік департаменті Израильдің әрекетін айыптап, арабтарды көшіру ісіне алаңдаушылығын білдірді. Сондай-ақ Ақ Үйдің баспасөз хатшысы Израильдің тым жойқын әскери шабуылдарын сынаса, Президент Байден Израильдің өзін және өз халқын қорғау құқығын фундаменталды деп танып, одан бас тартпайтындығын мәлімдеді. Дей тұра, Ақ Үй әрдайым израиль, палестинаның ресми өкілдерімен ықпалдасып, жағдайды тыныштандыруға күш салатынын қоса жеткізді. Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған Анкарада 9 мамырда Израиль мемлекетін қатыгез террористік мемлекет ретінде айыптай келе палестиналықтарды қорлауды тоқтату мақсатында БҰҰ жағдайға дереу араласуын талап етті. Қытай Сыртқы істер министрі Ван И 16 мамырда пәкістандық әріптесімен телефон сұхбатында сындарлы саяси диалог арқылы туындап отырған тығырықтан шығу, заңды құқықтарын қайтаруды көздейтін палестина халқының әділетті күресіне қолдау білдіретіндігін атап өтті. Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Шығыс Иерусалимдегі зорлық-зомбылықтың өршуіне және палестина-израиль қатынастарының шиеленісуіне байланысты алаңдаушылық білдіріп арнайы мәлімдеме жасады. «Қалыптасқан жағдайда барлық тараптар ұстамдылық танытып, жағдайдың одан әрі нашарлауына апарып соғатын қадамдардан бас тартуы қажет. Әл-Ақса мешітінің кешені төңірегінде арандатушылық әрекеттерден аулақ болуға және статус-квоны құрметтеуге шақырамыз. Саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар қасиетті Рамазан айында шиеленісті азайту үшін бар күшін салады деп үміттенеміз. Қазақстан палестина-израиль қақтығысының тек «екі мемлекет» формуласы және Біріккен Ұлттар Ұйымының тиісті қарарлары негізінде бейбіт жолмен әділ шешілуін қолдайды». Әлемді алаңдатқан жанжалдың болмашы ұшқыннан лаулауына не себеп болды? Соңғы жылдары Израильдің саяси өмірінде билік вакуумы орнап, сайлаудан сайлауға ұласқан партиялардың кикілжіңінен бас көтере алмай отыр. Үкімет басшысы коррупциялық айыптауларға ұшырап, өзінің саяси орнын сақтап қалуға тырысуда. Қауіпсіздік және халықаралық қатынастар саласындағы шешімдер жеке қабылданады. Үкімет мүшелері автономды түрде жұмыс жүргізуде. Осы жолы да премьер жағдайдың ушығып бара жатқанына көңіл аудармағандай. Төртінші рет үкіметті жасақтай алмаған Нетаньяху ендігі уақытта Хамасты жоямыз деген жасанды үндеумен қорғануда. Бұл дегенің бірқатар елдің басшылары тоқырау мен тығырыққа тіреліп, халықтың сенімінен ажыраған кезде жымысқылықпен жиі қолданатын, әлгіндей ел тұрғындарының назарын ішкі дағдарыстан алшақтату үшін сырттан жау іздеп, назарды мүлде басқа жаққа аударудың құйтырқы әрекеті екендігі аян. Осынау қақтығыс оның қарсыластарының Израиль арабтарының жаңартуға бағытталған қозғалыс партиясымен коалиция құру мақсатын жоққа шығарды. Бұл дегеніміз, Израиль арабтарымен диалог құру алдағы уақытта қиынға соғатындығын білдірмек. Палестина-израиль қарулы шиелінісінің қанша мерзімге созылары беймәлім. Бұған дейінгі шиеленістер ұзаққа созылмайтын. Хамастың әскери мүмкіндігі шектеулі және Израильдің де ұзақ мерзімді әскери операция жүргізуі күмәнды. Ағылшын тарихшысы Саймон Джонатан Себаг-Монтефиоре Иерусалим деген кітабында айтқандай, Иерусалим мен Палестина 1000 жыл бойы иудейлердің, 400 жыл христиандардың, 1300 жыл мұсылмандардың иелігінде болған. Түрлі діндер өкілдерінің қаны төгілген жер. Барлығы өздерін дара санайды. Израиль әрдайым дипломатиялық икемсіздігін танытуда. Соның салдарынан өз өміршеңдігін қатерге итермелейді. Палестина ұстанымы да берілмеу, Израиль мемлекетін мойындамау.

Ал, палестиналықтар мен изральдіктерді жетік білетін кәнігі саясаткер, «Израиль бұл тарих, ал Қазақстан дегеніміз география. Аумақ- бұл қазіргі уақыттың сыны. Палестиналықтармен қарым-қатынастағы ең өткір проблема- су. Жерді бөлуге болар, ал суды бөле алмайсыз. Бұрынғы Кеңес Одағында 110 өзен болды, ал Израйльде біреу ғана, оның өзі екі мемлекет иелігінде. Израйльде барлығы екі теңіз бар, оның біреуі - Өлі теңіз» сынды ойларымен бөліскен Израиль Президенті Шимон Перестің - Палестина мемлекетінің құрылуы мен Иерусалимнің бөлінуінің қағидаты: Иерусалим екі мемлекеттің астанасына айналады, араб аудандары - арабтардікі, еврей аудандары – израильдікі, -  дейтін Осло келісімдері архитекторының тарих тереңіне бойлаған жанайқайы, өкінішке қарай, адасу арнасындағы бүгінгі таяз буынның ой-көкірегіне жете бермеуде.

 

Бабыр ДӘУРЕНБЕК, Мұхтар КӘРІБАЙ

Дереккөз: Abai.kz