Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
24 мамыр, 2021 / NewsRoom / Жаңалықтар

Петропавлда демалыс орнында екі қыз суға батып кетті

Петропавлда демалыс орнында екі қыз суға батып кетті

Петропавлда демалыс орнында екі қыз суға батып кетті
ашық дереккөзі
 width= Петропавл қаласындағы М.Жұмабаев атындағы колледждің оқытушысы мен бір студенті суға батып кетті. Жастар Қарғалы аралындағы «Волна» кешенінде демалған. Қайтыс болған екі қыздың үлкені 27, кішісі 20 жаста. 12 студент демалыс орнына куратормен бірге барған. Жастар жақын маңдағы «Сосновый бор» кешенінде Есіл жағасында суретке түсуді ұйғарыпты. Алайда бұл әрекет қайғылы жағдаймен аяқталды.
«Топтық суретке түсіп болғаннан кейін бойжеткен мен мұғалімі суға кіріп, тағы да фотосессия жасамақ болады. Абайсызда аяқтары тайып, қатты ағыс оларды алып кеткен. Құтқару қызметіне қыздардың батып кеткені туралы ақпарат түсті. Құтқарушылар, сүңгіуірлер  мен полицейлер олардың мәйітін екі сағаттай іздеп, өзеннен алып шықты. Ол жер шомылуға арналмаған. Жағасы таяз болғанымен, ар жағы терең», - дейді СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.
Солтүстік Қазақстанда ресми түрде шомылу маусымы ашылған жоқ. Алайда биыл күн ерте жылынғандықтан, тұрғындар өзен-көлдерге түсуді бастап кетті. Өңірде шомылуға арналған 58 жағажай бар. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, соңғы 7 жылда Солтүстік Қазақстанда 180 адам суға батып кетсе, оның 24-і бала. Өткен жылы шомылу маусымында 9 адам суда жан тапсырған. Статистика суға  батқандардың қатарында мас адамдар мен рұқсат етілмеген жерде шомылғандар екенін көрсетіп отыр.
«Көпшілік қауіпсіздік шараларын сақтамайды. Рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу керек. Есіл өзенінің кей жерлерінде ағыс қатты. Демалыс күндері 34 рейдтік шара ұйымдастырылды. Суға шомылушылар мен балықшыларға 1300 жаднама таратылды. Халық осы ескертулерге құлақ асса дейміз. Жағажайда спирттік ішімдік пайдаланған 58 адамға айыппұл салынды», - дейді Евгений Журавлев.