Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы туралы жалған ақпар беріп келген

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пневмониясы туралы жалған ақпар беріп келген

ашық дереккөзі

 width= Қазақстанда өкпесі қабынып көз жұмғандардың саны 800-дей емес, ол үш есе көп. Министрлік вакцина салдырушылардың санынан да жаңылған.  Бұл туралы Newsroom+ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.  Мамыр айында 4 миллион қазақстандық қауіпті індетке қарсы екпе салдыру керек еді. Бірақ бұл жоспар орындалмайтын сыңайлы. Шенеуніктер бүгінде Қазақстанға үнді штамын кіргізбеуге талпынып жатыр. Мальдив аралдарына ұшатын рейс тоқтатылып, ол жақтан келгендерді карантинге қамайды. Өткен жылдың тамызынан бері 865 қазақстандық коронавирус пневмониясынан көз жұмыпты деп жүрсеңіз, ол – қате. Денсаулық сақтау министрлігі бүгін қос өкпесі қабынған 3 мыңнан астам науқастың қайтыс болғанын айтты. Бұған өлім деректерін кеш тіркеу себеп болған. Саннан жаңылыса беретін үкіметтің бұл ісіне жұрттың еті үйренгендей. Олар вакцина салдырудың есебін де түгелдей алмай қалған. Мамырда 4 миллион азамат екпе салдыруы керек еді, межеге жете алмайтын түріміз бар.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бүгінде 3 миллиондай адам вакцина салдырды. 1 миллион 923 мыңы  бірінші, 823 мың адам екінші компонентіне егілді. Айдың соңына дейін 2 миллиондай вакцина әкелуіміз керек. Препарат бірнеше елден сатып алынып жатыр.
Қазақстанда үш вакцина қолжетімді. Денсаулық сақтау министрлігі «Спутникті» – 26, Hayat Vax-ты – 62,2, отандық QazVac-тың әр дозасын  9,6 доллардан сатып алып отыр. Шетелдік препараттардың неге қымбат екенін сұраған сенаторларға министр Цойдың берер жауабы дайын.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі Бізге ең маңыздысы қысқа мерзім ішінде вакцинамен қамту, тұрғындардың таңдауы болатындай жағдай жасау. Өздеріңіз білесіздер, жеткізу мен лимитте тапшылық бар. Ал біздің басты мақсатымыз – қысқа уақытта халықты барынша вакцинамен қамту. Ал вакцина кестесі бойынша елімізде 20 түрлі вакцина салынады және оның өндірісі бар, сондықтан отандық фарминдустрияны қолдау керек.
Вакциналардың ішінде ең арзаны, 4027 теңгеге бағаланатын – QazVac. Оны өндіретін зауыт 10 ай дегенде 1,6 миллиард теңгеге салынып бітті. Енді жыл соңына дейін ай сайын 500 мың доза шығарылады. Осылайша бір жылдан бері коронавируспен күрескен министрлер кабинетінің ендігі үрейі – елге емі жоқ үнді штамын кіргізбеу.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі Енді Үндістанмен барлық тікелей рейске тыйым салынады. Сонымен қатар ПТР-тесті теріс болса да, Үндістаннан келетіндердің барлығы оқшауландырылып, 14 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болуы керек деген бас дәрігердің жарлығы бар. Енді елге коронавирусты анықтайтын ПТР- тестінің нәтижесінсіз келуге тыйым салынды.
Қазақстанда әзірге үнді штамы анықталған жоқ. Бірақ британдық, оңтүстікафрикалық және бразиялық вирус штамдары елді кезіп жүр. «Сақтықта қорлық жоқ» екеніне көз жеткізген шенеуніктер Үнді мұхитындағы Мальдив аралдарына әуе қатынасын тоқтатты. Қазір аралда 1000-ға жуық қазақстандық демалып жатыр.

Жүктелуде...