Бүгін Бауыржан Байбектің талап арызы бойынша сот процесіне дайындық аясында екінші отырыс өтті. Бұл туралы талап арыз берушінің адвокаты А.Ташенова өзінің Facebook парақшасында толығырақ пікірін білдірді, деп хабарлайды
Newsroom+ақпарат агенттігі.
«Бірқатар маңызды жәйттерге назар аудартқым келеді. Осыдан бір ай бұрын, яғни 19 сәуірде Бауыржан Байбек өз сұхбатында Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның ешқандай негізсіз, бірыңғай өтірік пен долбарға құрылған айыптауларына нақты әрі дәлелді жауап берген болатын. Сол сұхбатында ол өз ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау мақсатында сотқа жүгінетінін де жария түрде мәлімдеді. Б.Байбектің осы сұхбаты шын мәнінде біздің соттағы құқықтық позициямыздың негізіне айналды», – деп жазды А.Ташенова.
«Осыған байланысты 26 сәуірде мен ресми өкіл ретінде жауапкерлердің ешқандай негізсіз таққан айыптауларын теріске шығаратын құжаттардың толық пакетін (әкімдіктің 20-дан аса ресми қаулылары, келісімшарттар мен өзге де материалдар) алдым. Сонымен қатар мен қолжетімді ақпараттарға да экспресс-талдау жүргіздім. Нәтижесінде мен талап арызды ашық дереккөздерден алынған талапкер талабының дұрыстығын мүлтіксіз растайтын фактілермен толықтырдым. Яғни мен деректерге жасалған қарапайым фактчекингтің өзі оппоненттердің жалған тұжырымдарын толықтай жоққа шығарады және Б.Байбек қызмет еткен кезеңдегі әкімдік шешімдері тек мемлекет пен қоғам мүддесі тұрғысынан қабылданғанын растайды деп сенімді түрде мәлімдей аламын», – деп сөзін жалғастырды талап қоюшының қорғаушысы.
Адвокаттың сөзіне сенсек, ол Б.Байбектен сенімхат алған сәттен бастап 4 күн ішінде талап арыз дайындап 30 сәуірде оны тәуелсіз психологиялық-филологиялық сараптама қорытындыларымен бірге сотқа жолдады.
«Еске сала кетейін, Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес талап қоюшы, яғни Б.Байбек өз талаптарын дәлелдеуге міндетті емес, керісінше тек жауапкерлер ғана сотқа өз айыптауларын растайтын дәлелдемелер ұсынуға тиіс.
Істің резонанс тудыратынын және Ж.Мамай мен И.Иманбаеваның ұдайы фактілерді бұрмалауға әрекет ететінін ескере отырып, мен барлық мүдделі тұлғалардың танысуы үшін талап арыз бен сараптаманы сала отырып, пост жарияладым. Бұған қоса, жауапкерлердің әлеуметтік желілердегі деструктивті белсенділігін көре отырып, мен оларды талап арыз берген күні арнайы тегтедім», – делінген адвокаттың парақшасында.
А.Ташенова өз сөзінде аталған жайттарға қарамастан бірінші отырыста айыпталушылар мен олардың адвокаттары «талап арыз бен сараптаманың мәнін талқылауға дайын еместігін» мәлімдеп, соттан «іс материалдарын зерделеуге», БІР ҚЫЗЫҒЫ, «ДӘЛЕЛДЕМЕЛЕР ЖИНАУҒА» қосымша уақыт беруді сұрағанын мәлімдеді.
«Әйтсе де жауапкерлердің көптеген ар-намысқа тиетін, қорқытып-үркітетін және жалаң айыптаулар дайындап, әлеуеттік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруға уақыты жеткілікті екенін атап өткен жөн.
Халықаралық құқықты зерттеген заңгер ретінде Журналистің кәсіптік этикасының халықаралық қағидаттарының ережесіне сәйкес «БАҚ өкілдерінің басты міндеті – объективті нақтылық арқылы адамдардың расталған және шынайы ақпарат алуына кепілдік беру (қағидат – журналистің объективті ақпаратқа адалдығы) екенін атап өткім келеді», – деп сөзін жалғастырды талапкердің қорғаушысы.
Талап қоюшының адвокаты Ж.Мамай мен И.Иманбаева өздері айтып жүргендей, журналистика саласында 10 жылдан артық жұмыс істеген маман, бұрынғы бас редакторлар ретінде жоғарыдағы қағидаттарды жақсы білу керек екенін алға тартты.
Оның ойынша кез келген ақпарат, оның үстіне жарияланымға өзек етіп алынып отырған салмақты айыптау нақты фактілер мен құжаттарға негізделіп, шынайы дерек көзіне сілтемесі болуы тиіс.
Сонымен қатар, А.Ташенованың айтуы бойынша жала жабушы видео жарияланғаннан кейін ӨТКЕН 36 КҮН ІШІНДЕ «журналистік зерттеу» деп аталатын айыптауларын растайтын құжаттай дәлелдемелер жариялаған жоқ. Жауапкерлер мұны сотқа ғана емес, тіпті өз адвокаттарына да ұсынбаған екен. Бұл жайында И.Иманбаеваның адвокаты – А.Түсіпова бірінші отырыста мәлімдепті. Сондай-ақ талапкердің адвокаты И.Иманбаеваның 17 мамырда «kz.media» порталына берген сұхбатында құжаттай дәлелдеменің болмау фактісін, яғни соттағы жеңілісті мойындағанын меңзеді.
«Бүгінгі отырыста судья жауапкерлерге сот тағайындайтын психологиялық-филологиялық сараптама үшін сұрақтар тұжырымдау жайлы бірнеше рет өтініш айтты. Сот істі дайындау кезінде тоқтата тұрып, кешенді тәуелсіз сот сараптамасын тағайындау туралы ұйғарым шығарды.
Жалпы, өздерінің жалған айыптауларына қандай да бір дәлелдер жоқ екендігін ескере отырып сот талқылаулары барысында Ж.Мамай мен И.Иманбаева талқылауды барынша сотқа қатысы жоқ мәселеге бұрып әкетуге тырысып, барлығын арзан қойылым мен саяси фарсқа айналдырғысы келеді. Мысалы, басында жауапкерлер сотқа наразылық білдіру, қарсы талап арыз беру туралы мәлімдеп, одан әрі қарай қайтадан Б.Байбектің тікелей өзі қатысуын талап етті, сонымен қатар көптеген екінші кезекті сұрақтар көтерді» – деді А.Ташенова.
Заңгердің ойынша бұл сот процесі әйгілі британ жазушысы Джонатан Свифттің мына бір қанатты сөзін растай түседі: «Құрттардың негізінен шырынды жемістерге үймелейтіні секілді, әдетте абыройлы адамдарға жала жабылады».
«Сондықтан да жауапкерлердің процесті созуға жанұшыра тырысуына қарамастан, сот бұл істі мәні бойынша заңда белгіленген мерзімде қарап, дауға әділ нүктесін қояды деп үміттенемін», – деп қорытындылады А.Ташенова.