Абайды әлемге дәріптеді

Абайды әлемге дәріптеді

ашық дереккөзі

Қайнар академиясында Тілдер және журналистика кафедрасының  ұжымы ұйытқы болуымен «Абай мұрасы әлемдік руханият кеңістігінде» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі. Тілдер және журналистика кафедрасы меңгерушісі, модеротор Гүлнәр Мұхаметкалиева онлайн конференцияны ана тілімізде ғана емес, орыс, ағылшын, француз тілінде жүргізіп, көптіл білетін білгір басшы екенін көрсетті. Ал,  академия ректоры, профессор Еренғайып Омаров Абай шығармаларының кейбір ашылмай қалған тұстары мен айтылмай жүрген жәйттар туралы өз білгенімен бөлісті.  Ұлы ақын,  философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған конференцияда Түркия, Нидерланд, Польша, Франция елдерінен шетелдік ғалымдар қатысып, қазақтың кемеңгер ұлының өзге тілде сөйлеген шығармаларын жарыса айтты. «Фырат» университетінің профессоры, ф.ғ.докторы Ерджан Алкая Түркияда жарияланған Абай еңбектерімен таныстырды. Стамбул қаласында «Зейтун Бурна» ауданында  қазақтар тұратынын, онда Абай атындағы көше және сол көше бойында Абай мектебі бар екенін айтқанда, қазақтың мақтанышына туған ұлы бабамыз үшін көкіректі керемет қуаныш тербегені анық. Варшава университеті, саяси ғылымдар және халықаралық қатынастар факультетінің   докторанты Жандос Каринбаев қазақ және поляк зиялыларын зерттеп жүргенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, бүгінде Нидерландыда қызмет ететін Мұхтар Әуезовтың ұрпағы Зифа Мұратқызы Абай өлеңдерін насихаттауда қыруар еңбек етіп жатқанын білдік. Асылдың сынығы З. Әуезова Абай голланд тіліне де аударылғанын, ал өзі ғұламаның  15 әнін ағылшын тіліне аударғанын айтты. Ал, отандық ғалымдар да кемеңгер туралы көп мағлұмат бере білді. М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Абайтану және жаңа дәуір әдебиеті бөлімінің меңгерушісі, әдебиет зерттеушісі Серікқазы Қорабай ақын туралы дүйім жұртшылық біле бермейтін құнды жаңа ақпараттармен сусындатты. 80 жылдық тарихы бар «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Тұрдықұл Шаңбай қазақтың бас ақыны туған өлкеде ғылыми танымдық орталықтарын дамыту, бірнеше ғылыми еңбектер мен Жидебай атласы дайындалып жатқанын, бұған қоса шығыс өңірінде ауқымды құрылыс жұмыстары да қарқынды жұмыс жасап жатқанынан хабардар етті. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті «Абайтану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек  Құрманәлиев «Абай әлемі» жөнінде мазмұнды баяндамалар жасады.  width= Онлайн конференцияның мақсаты – әлем мойындаған дана ұстаз, адамзаттың ақыны, ұлы ойшылдың шығармашылық мұрасын дәріптеу болды. Абайдың асыл мұрасы мен даналық сөздері бүкіләлемдік қазынаға қосылған  алтын қор екені айқын. Ендеше үш сағатқа созылған зум-конференция өз мақсатына жетті деп айтуға толық негіз бар. Үстіміздегі жылы 175 жылдық мерейтойы болғалы отырған Абай Құнанбайұлы туралы тың деректермен студенттер, магистранттар, докторанттар, оқытушы-ұстаздар мол мағлұмат алғаны сөзсіз. Қорыта айтсақ, оқу ордасы ұйымдастырған халықаралық онлайн жиынның бергенінен берері мол болды. Талай жас жеткіншек ұлы ақынның басқаша қырын ашып, әлі де зерттелу қажет тұстарын байыптап, бағамдап алды. Алдағы уақытта ғылыми жұмыстарында осы өлмейтін тақырыпты ары қарай аша түсуді қолға алуы бек мүмкін. Осылай мұхиттай терең дана Абайдың мұрасы әлі талай зерттеле, зерделене түспек.  width=       

Жүктелуде...