
Марафон барысында ерекше балалары бар аналарға және көп балалы отбасыларға 15 мың теңге көлемінде қаржылай сертификаттар, азық-түліктер пакеті және гүлдер табысталды. Осындай сыйлықтарға облыс бойынша 2000-нан аса атыраулық ие болды. Сертификат алғандардың бірі Мнупар Жамбылова. Ол сал ауруына шалдыққан немересін тәрбиелеп отыр.
Қызымның бес баласы бар. Олардың бірі сәби күнінен сал ауруына шалдыққан. Бес баланы бағып-қағудың өзі оңай емес. Оның үстіне ерекше қамқорлықты қажет ететін сәбидің күтімі мүлдем қиын. Сондықтан, ерекше қамқорлықты қажет ететін Саида жиенімді өз жауапкершілігіме алдым. Әркез еміне алып барамын. Жиенімізді емдету мақсатымен Қазақстанның барлық үздік клиникаларында болдық. Оның емі үшін үнемі көмек көрсетіп келе жатқан әкімдік өкілдері мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Мереке алдында ерекше балаларға тағы да қамқорлық жасалуда. Ризашылығымыз шексіз, – дейді Мнупар Жамбылова.