2021 жыл жастардың саясатқа келу жылы болды

2021 жыл жастардың саясатқа келу жылы болды

ашық дереккөзі

 width= Сократ пен Платон да, Руссо мен Кант та жастар жайында ой қозғаған. Бірақ көбінесе жастардың тәрбиесі хақында. Маркс пен Энгельс те жастардың арзан еңбек күшін пайдалануды зерделеді, капиталистік қоғам жастардың мінез-құлықтары жиынтығын топтастырып оны саяси құралға айналдырудың алғышарттарын қалыптастырды. Айтпағым, жастардың қоғамдағы рөлі адамзаттың әртүрлі даму кезеңдерінде өзгерістерге ұшырап отырды, қазір ше... Жастардың қоғамдағы әлеуметтік топ ретіндегі статусы ХХ ғасырдың басында айқын көрініс тапты. Алыстан емес, тарихымыздығы Алаш қозғалысына белсене араласқан тұлғалардың орташа жасын да жобалап қараңызшы. Осы ретте, Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” өлеңі - әлемдік деңгейдегі мемлекет пен жастардың өзара әрекеттестігінің маңызды ғасырында жазылған еңбек деп бағалауға болады екен. Екі дүниежүзілік соғысты бастан кешірген адамзат өмірінде, я ХХ ғасырдың екінші жартысында жастардың қоғамдағы әлеуметтік-саяси маңызы айқын көрініс тапты. Мәскеудегі қазақ жастарының “Жас тұлпарға” топтасуы, 1968 жылы “Отыздан асқандарға сенбеңдер” деп ұрандаған АҚШ студенттерінің саяси толқулары, Қытайдағы “культурная революция” - мемлекет пен жастар арасындағы сол кезеңдегі ақуалды суреттеуге жеткілікті мысалдар деп ойлаймын. Әлем елдерінің жастар туралы мемлекеттік заңдар қабылдауы да осы кезеңге тура келеді екен. 1985 жыл Халықаралық жастар жылы деп қабылдануы, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан қозғалысы, 1989 жылғы Бейжіңдігі Тяннаньмэн алаңындағы оқиға жастардың әлеуметтік-саяси жүйені өзгертуге деген талпыныстарының ащы шындықтары. Тәуелсіз Қазақстан... 2019 жыл - Жастар жылы. 2020 жыл - волонтерлар жылы. Меніңше, 2021 жыл жастардың саясатқа келу (тарту) жылы деп бағамдауға болады, және бұл мемлекетіміз үшін де өте маңызды қадам екені сөзсіз. Күні кеше NurOtan партиясы жанынан Жастарды қолдау бойынша қоғамдық кеңестер, сондай-ақ 616 жас депутаттарды біріктіретін “Жас депутаттар корпусы” алқалы ұйымы құрылды. Бұл еліміздің бас партиясы мұрындық болған саяси-әлеуметтік реформаларды жүзеге асырудағы маңызы зор тың талпыныстар. Еліміздің саяси-әлеуметтік құрылымындағы өзгерістердің бел ортасында, мемлекет пен қоғамның және жастардың алтын көпірі болу жауапкершілігіне ие болған барлық партияластарыма, әріптестеріме, замандастарыма қажымас қайрат, еңбекте табандылық пен азаматтық ерік-жігер тілеймін!

Амалбек ӨМІРТАЙ, Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры, облыстық маслихат депутаты, Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы

Жүктелуде...