Ақпан айының басынан бері "Спутник V" вакцинасы 20 157 адамға егілді. Бұл туралы бас мемлекеттік санитар дәрігер – денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов мәлімдеді.
"Коронавирусқа қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда вакцинаның бірінші дозасы 20 157 адамға егілді. 22 ақпанда екінші дозасын егу басталды. Қазір оны 2 137 адам алды. Әзірге вакцинаның адам денсаулығына теріс әсері тіркелген жоқ", – деді Қиясов онлайн брифингте.Ол 23 ақпанда Қарағанды фармацевтика кешенінде өндірілген "Спутник V" вакцинасының екінші партиясы – 93 мың дозасы өңірлерге жеткізіле бастағанын атап өтті. Айтуынша, бұл екпені медициналық қызметкерлерге салу науқанын аяқтап, педагогтерге егуді бастау жоспарланып отыр. Республика бойынша 786 егу пункті ұйымдастырылған, қазір оның 170-і жұмыс істеп тұр. Тоғыз мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.
"Вакцинаның коронавирусқа қарсы қорғаныш әсері, яғни антидене бірінші дозадан 12-14 күн өткен соң пайда болады. Толыққанды иммунитет қалыптастыру үшін вакцинаның екі дозасын алу керек. Бірінші және екінші екпенің аралығы – 21 күн. Екпе егілген адамдар профилактикалық шараларды сақтауы қажет", – деп ескертті бас санитар дәрігер.Ол 65 жастан асқан қарт адамдарға да жуырда коронавирусқа қарсы вакцина егуге рұқсат етілгенін айтты.