Қазақстан Қытайдың бақылау технологиясын пайдалана ма?

Қазақстан Қытайдың бақылау технологиясын пайдалана ма?

ашық дереккөзі

 width= 2021 жылы ішкі істер министрлігі азаматтардың биометриялық деректерін жинауға қосымша 3,1 миллиард теңге жұмсамақ. Қаржы министрлігі таратқан мәлімет бойынша, биыл ІІМ бюджеттен қосымша 5,5 млрд теңге қаржы бөлінбек. «ҚР ІІМ 5,1 млрд теңгенің орнына 10,7 млрд теңге қаржы бөлінеді. Азаматтардың биометриясына қосымша – 3,1 млрд теңге, Нұр-Сұлтандағы 150 адамдық сот сараптама институтының құрылысына – 1,9 млрд теңге қаржы жұмсау қарастырылған», – делінген қаржы министрілігі жариялаған мәлімдемеде. Билік азаматтардың биометриялық деректерін жинауға 2019 жылдан бастап көңіл бөле бастады. Дәл осы жылдың қазан айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының дамуына арналған жиында «адамдардың жеке бас деректерін цифрландыру өте маңызды» екенін айта келе, Қытайдың «Hikvision» компаниясының өнімдерін мақтап, Қазақстанда Бейжің тәжірибесін қабылдау қажеттігін мәлімдеп, үкіметке тапсырма берген. Ол өз сөзінде: «Олар (Қытайлар – ред) негізгі қалаларының барлығын цифрландырған. Өте терең цифрландырған. Қазір оны түсіндіріп жатпайын. Экранға бассаң, адамның қай уақытта университет бітіргені, бос уақытында қайда баратыны, қанша несиесі бар екендігі барлығы шығып тұрады. Бізге де осы бағытта жүру қажет. Бұл жаһандық үдеріс», – деген. Мемлекет басшысы мақтаған «Hikvision» компаниясын 2019 жылы АҚШ сауда министрлігі «Шыңжаңдағы аз ұлттарға қысым жасауға атсалысты» деп айыптап, санкция салған. Қытайлық бақылау технологиясы дегеніміз не? Әлемдік сарапшылар бұл жүйені «цифрлық диктатура» деп бағалауда. Қытай билігі жаңа технологиялардың көмегімен бақылау жүйесі арқылы адамның жеке өмірі мен деректерін сараптап, оған арнайы рейтинг береді. Ешқандай заң бұзбай, қалыптасқан жүйге бағынған азаматқа билік жоғары балл беріп, оған әлеуметтік қолдауды үйіп-төгеді. Бейжің бақылау жүйесі бойынша, 1050 балл жинаған адам «А» тобына кіреді. Бұл дегеніміз мемлекеттік қызметте өсуге, төмен пайызбен несие алуға апаратын бірден бір жол. Ал 1000 балл жинаған адам «АА» тобына, 900 балл жинағандар «В» тобына, 850 балл алғандар «С» тобының қатарына кіреді. Жаңа жүйеге сәйкес, 600 балдан төмен жинағандар «Д» тобына енеді. Бұл топтағылар мемлекеттік қызметке тұрмайды, әлеуметтік көмек немесе несие ала алмайды. Бір сөзбен айтқанда, жүйеге қауіпті адамдар санатына енеді. Қасым-Жомарт Тоқаев жер-көкке сыйғызбай мақтаған қытайлық жүйе Қазақстан аумағында қандай талаптар бойынша жұмыс істейтіні және қай уақыттан бастап іске қосылатыны әзірге белгісіз…

Жүктелуде...