Президент мемлекет меншігінен шығару саясатының 3 негізгі қағидатын атады

Президент мемлекет меншігінен шығару саясатының 3 негізгі қағидатын атады

ашық дереккөзі

 width= Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты. Бұл туралы Ақорда сайты хабарлады. Тоқаев экономиканы мемлекет меншігінен шығару жолында нақты жұмыстар істеліп жатқанын атап өтті. Бұл отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тағы бір мүмкіндік. 2025 жылға дейінгі жекешелендірудің жоспарына 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын енеді. Оның 112-сі «Самұрық-Қазынаның» құрылымына кіреді. Президент өз сөзінде мемлекет меншігінен шығару саясатының үш негізгі қағидатын атады. – Бірінші, жекешелендіру жеке монополистердің пайда болуына жол бермеуге тиіс. Өкінішке қарай, бізде инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мемлекеттің экономикалық мүддесіне нұқсан келтіретін орынсыз жекешелендірулерге жол беруге болмайды. Мысалы, темір жолдар мен тұйықтар, өнім тасымалдайтын құбырлар. Бұл жөнінде Үкіметтің жуырда өткен отырысында айттым. Мұндай олқылықтарға енді жол бермеу керек. Бұған Үкімет пен қор жауапты. Екінші, активтерді жекеге сату бюджетке түсетін салмақты азайтуға септігін тигізуі қажет. Жеке компаниялар өз табыстарының басым бөлігін бюджеттік тапсырыстардан, жеңілдіктерден, гранттардан және басқа артықшылықтардан емес, өз тауарларын экспортқа шығару және көрсететін қызметтері арқылы нарықтан табуы керек. Үшінші, жекешелендірудің нақты экономикалық қайтарымы болуы тиіс. Кез келген кәсіпорынды жекешелендіруді оның тиімділігін жақсарту, ұлттық экономикаға қосатын үлесін арттыру деп түсіну керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жүктелуде...