1982 жыл. Ақпан. Мұқағалиға арналған алғашқы жыр

1982 жыл. Ақпан. Мұқағалиға арналған алғашқы жыр

ашық дереккөзі

 width=
Бүгін қазақтың ақыны, халықтың әрі бір ұлттың ақынына айналған Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Ақын 90 жаста. Назарларыңызға ақын Светқали Нұржанның Мұқағалиға арнаған арнау өлеңінін бірін әрі алғашқысын ұсынып отырымыз. 
АЛМАТЫ. ТОРЫҒУ
М. Мақатаевқа
Көптен бері естімей сыңғырын жырдың,
Алматыға сыя алмай шыңғырып жүрмін.
Қай жаққа кеткен баяғы бұла дауысым?
Төмендеген бе – биіктен құламау үшін?..
Түсінбей жүрмін тіліне сұр бет қаланың,
Тас моншаның ішінде-ақ кірлеп барамын.
Далама жетсем,
кеудені кеулеп самалы,
Жіберер еді-ау, қайтейін, емдеп сананы.
Алайда жол жоқ ол жаққа! –
Тұтқындамын мен,
Тұтқындамын мен –
бүткіл ой, бүткіл жаныммен.
Шықпайды жыр да,
тамырдан ақпайды қан да,
Тірі өліктердің моласы жақпайды жанға...
Тұрмыс-шекпенін неліктен мұқала кидім? –
Басына барып қайтсам ба Мұқағалидың?!
Табылар содан жанға нұр тамызатын үн,
Қарғып тұрар ол,
келді деп «нағыз ақыным».
Қарғып тұрар ол! –
Жанына бөлеген жасын –
Естелік қозғар жайында Төлеген, Қасым...
Сұрар ол,
жырға келгенін қай бота-дарын –
Әбубәкірін айтармын, Байботаларын!
Айтады ол сосын,
ұшырып қимай кептерін,
Өзінің-дағы тірлікке сыймай кеткенін.
Оқыр ол – Бақи дүниеде жаңа жазылған,
Фәни ғаламды егілтер Жаназа-Жырдан.
Молдас құрып ап сөз етер өлең өмірін,
Кім білсін, мынау күйімді неге жорырын?..
Ғұмыр биігі Кеңсайға – белеске шығып,
Жоғалам мен де содан соң Елеске сіңіп...
«Түкірдім сенің бетіңе, жұқана-күйбің!» –
Дедім де, сезім көйлегін тұтана кидім.
Қалдырып бәрін – тас қала, жұтаған үйдің,
Кеңсайға кетем,
қасына Мұқағалидың!..
Ақпан, 1982 ж.
Алматы.
Светқали Нұржан

Жүктелуде...