
Оның айтуынша, атасы қайтқан кезде әкесі Құдайберген бар болғаны тоғыз жаста болған. Әке аманатына берік Аязбай атасы інісі Құдайбергенді жетелеп жүріп өсіріп, Барақтың Тілеубайынан, Жақайымның Талпағынан тарайтын барлық туыс, туғанның мейірімін бойына тең сіңіреді.
"Әкем Жақайым мен Барақтың ортақ баласы болып ер жетеді. Әскер қатарынан келген соң, ағасының ақ батасын алып әкем Алматы ауылшаруашылық институтына оқуға түседі. Оқып жүріп, Ақтөбенің Шалқар өңірінен келген, Әлімнің Шектісінен тарайтын Қабақтың қызы, менің анам Миуамен танысып, шаңырақ көтереді", - деп шежіре тарқатты Қанат Айтбаев.Оның айтуынша, Құдайберген мен Миуадан үш бала өрбіген. "Екеуінен үш бала өрбідік - мен, әпкем Гүлзира, қарындасым Нұргүл. Мен 1993 жылы институт бітіріп, Әлімнің Шектісінен, оның ішінде Назар руының Бәшенінен тарайтын Ермекқызы Светамен шаңырақ көтердім. Аллаға шүкір, қазір екі ұлымыз, бір қызымыз бар. Ата-анамызбен бірге бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Алатаудың бауырын мекендеген қырғыз ұлтына қатысымыз жоқ. Құдандалы, жекжатты болар кезде ғана айтылатын ру тармақтарын, өмір тарихын жариялы түрде баяндауға мәжбүр еткен "журналистерге" не дейін", - деп түйіндеді Қанат Айтбаев.