Президент әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы айтты

Президент әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы айтты

ашық дереккөзі

 width= Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысында үкіметтің Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатқанын айтты. – Үкімет менің тапсырмам бойынша Әлеуметтік кодекстің жобасын дайындап жатыр. Кодекс азаматтардың, әсіресе, көмекке мұқтаж адамдардың сұранысына толық сай келуі керек. Бұл біздің әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру туралы идеямызбен үндеседі. Министрлер мен әкімдер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын берік ұстануға тиіс. Азаматтардың арыз-тілектеріне жедел жауап беру қажет. Ең бастысы, Тәуелсіздіктің игіліктерін әрбір отандасымыз күнделікті тіршілігінде сезіне алатын болса – мақсатымыздың орындалғаны, – деді Мемлекет басшысы. Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығын осыған дейін қолға алған реформалар аясында ұйымдастырған абзал екеніне тоқталды. Бұл ретте саяси реформаның үшінші кезеңін жүзеге асыру жалғасады. Соның аясында қоғамды демократияландыруға бағытталған бірқатар заң қабылданады. Алдағы он жылда елдің жаңа келбеті және ұлттың жаңа болмысы қалыптасуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық, саяси және әлеуметтік жаңғыруды табысты жүзеге асыра алсақ елге жасаған ең үлкен сыйымыз осы болатынын баса  айтты. – Бүгінде біз іске асырып жатқан елімізді жүйелі түрде жаңғырту жұмысы адамдардың қоғамдағы, экономикадағы, мәдениеттегі мүмкіндіктерін ашуға бағытталған. Мемлекеттік жоспарлау мен басқару салаларындағы соңғы өзгерістер де осы мақсатты көздейді. Біз өңірлік деңгейдегі теңсіздіктер мен кедергілерді біртіндеп жоямыз. Өйткені бізге қуатты Тәуелсіз Қазақстанды құру үшін аймақтардың бәсекеге қабілетті болып, әр ауыл мен қаланың тұрақты дамығаны керек, – деді Мемлекет басшысы.

Жүктелуде...