Алик Шпекбаев: өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю  сатқындық пен адам өлтіруге тең!

Алик Шпекбаев: өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю  сатқындық пен адам өлтіруге тең!

ашық дереккөзі

 width= Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады. Осынау бір халық нақылын апта соңын ала  жемқорлыққа қарсы іс қимыл әрекет жөніндегі агенттік еске түсірді. Антикорды басқаратын Алик Ішпекбаев дөң дөң мәлімдемелер жасап біраз жайдан хабар берді. Алматыда коронавирусқа қарсы 15 күнде жылдам түрде салынған модульдік аурухананың ақшасын жылдам түрде жеп қойыпты. Құзырлы орын енді Шымкенттегі сондай мекемені тексермек. Екеуінің құрылысына 5 жарым млрд тг жұмсалғанын ескерсек, біраз бас кететін сияқты. Әдетте мемлекеттік қызметкерлер байыппен ресми баяндайтын, бірақ індет келіп, мыңдаған өліп жатқанда миллиардтаған ақшаны жеп қойғандардың әрекеті шенділердің де шымбайына батса керек. Алик мырза әдеттен жырақ сөйлеп, жегіштерді құдайдан қорықпаған, отанын сатқан опасыздар деп қаралады. Айта кету керек, жемқорлықпен күресте ахуалды саралауға сараңдық танытып, басын құмға тыққан Түйеқұстың кейпіне кірген министрліктер де бар екен. Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі олардың бұл шабандығын дереу арада президентке жеткізетінін айтты. Бұл туралы  Newsroom+ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Пандемия кезінде Шымкенттегі модульдік аурухананы салғандар жобалық-сметалық құжаттарда құрылыс құнын асырған. Әзірге бұл экономикалық қылмысқа нақты кімдердің барғаны белгісіз. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі нысанды көтерген және оны қабылдағандарды тексереді. Ал, осыдан он күн бұрын Алматыдағы модульдік аурухананың құрылысына салынған қыруар қаржының да қалай жұмсалғанын тексеру басталған еді.

Мұрат АХМЕТОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бірінші Департаментінің басшысы: "Модульдік ауруханалар бойынша агенттікте екі іс жүргізіліп жатыр. Ол Шымкент пен Алматы қаласында. Оған байланысты сараптамалар тағайындалған. Соның нәтижесінде кінәлі адамдар, ұрлыққа барған, жымқырғандар заңды түрде жауапқа тартылады".
Қос аурухананы жеке  жеке алсақ, оларға 5,5 миллиард теңге жұмсалған еді. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пандемия кезінде жеморлыққа барғандар сатқындық жасап, адам өлтіргенмен пара-пар деді.
Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы: "Пандемия кезінде халық билікке үміт артып, қамқорлық пен көмек күтіп отырғанда кейбір арсыз шенеуніктер мен топ-менеджерлер заңнан да, Құдайдан да қорықпай, лауазымын «қалтасын толтыруға» пайдаланып, жүйелі түрде пара алып, бюджет қаржысын жымқырды. Менің ойымша, өз халқының қайғы-қасіреті арқылы баю  сатқындық пен адам өлтіруге тең!".
Жиында індет өршіген тұста халықты дәрі-дәрмекпен дұрыс қамти алмаған «СҚ-Фармация» жайы да сөз болды. Бірыңғай препарат жеткізуші оператордың жұмысындағы олқылыққа бір адам кінәлі деп, күдікке іліккен. Бұған дейін дәл осы «СҚ-Фармацияның» бұрынғы басқарма төрағасы Берік Шәріп екі айға қамауға алынған еді.
Сергей ПЕРОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екінші департаментінің Басшысы: "СҚ-Фармация» бойынша іс аяқталып, танысуға берілді. Танысу рәсімі аяқталғаннан кейін айыптау актісін бекіту үшін прокуратураға жіберіледі. Істің мән-жайын толық аша алмаймын. Күдікті біреу ғана. Оның әрекеті салдарынан денсаулық сақтау ұйымдарының қалыпты қызметі бұзылып, дәрігерлер вирус жұқтырды. Келісімшарт сомасы  8 миллиард теңге".
Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлықпен күресте сылбыр мемлекеттік органдарды да атады.
Алик ШПЕКБАЕВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы: "Бірінші басшылары жемқорлықтың алдын алуға белсенді түрде атсалыспайтын мемлекеттік органдар анықталды. 2020 жылдың қорытындысы бойынша антикөшбасшылардың үштігіне Ішкі істер министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Мемлекеттік кірістер комитеті енді. Осы органдар жемқорлықтың алдын алу жолында баяу жұмыс істеп келеді. Мен осы үш мемлекеттік органға қатысты ұсынысты Мемлекет басшысына тапсырдым"
Төрағаның сөзінше, полицейлер жемқорлық тексерісіне үзілдік-кесілді қарсы болып келеді. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегілер осы саладағы субсидия мәселесін толық қаратқызбайды екен. Айта кетейік, өткен жылы экономикалық қылмысы үшін елімізде түрлі деңгейдегі 210 басшы қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 722 адам сотталған, оның ішінде  1 облыс әкімі, 4 облыс әкімінің орынбасары, 2 жауапты хатшы, 2 комитет төрағасы, 1 елші, 5 судья және 10 аудан әкімі және олардың орынбасарлары бар. https://youtu.be/y0KlPv5D_SY

Жүктелуде...