Нәзірбек Өзтүрік: Мен үшін әкем - ұлы тұлға

Нәзірбек Өзтүрік: Мен үшін әкем - ұлы тұлға

ашық дереккөзі

 width=Нәзірбек Мюнхен қаласында тұрады. Мұстафа ағамыз бен Нүрилә жеңгеміз 1980 жылы үйленген екен. Тұңғыштары Нәзірбек 1981 жылы туылған. Қазіргі таңда бухгалтерлік мамандығы бойынша жұмыс істейді. Жалпы Мұстафа Өзтүріктің 3 баласы бар. Қалған екеуі қыз. Үлкені Несли, кішісі Аслы. Төменде Мұстафаның ұлы Нәзірбек Өзтүрікпен болған сұхбатты жариялап отырмыз.   - Нәзірбек, Қазақстанда тұрғың келе ме? - Әлі шешімге келіп үлгермедім. Болашақта барып қалуым мүмкін. - Қашан үйленбексің? - Құдай бұйыртса осы жылы немесе келесі жылы үйленбекшімін. - Сен үшін қазақ қандай ұғым? - Ең бірінші өзімнің қазақ екендігімді мақтанышпен айтамын. Екіншіден, Қазақстан - менің ана Отаным! Біздің ата-бабаларымыздың елі. Салтымыз, дәстүріміз - Қазақстанмен тығыз байланысты деп айта аламын. Сондықтан, мен үшін қазақ болудың орыны ерекше. - Қазақтардың салт-дәстүрін білесің бе? - Иә, өте жақсы білемін деп айта аламын. Балалық шағымыз Түркияда өтті. Өзіңіз білетіндей ол жақта көптеген туыстарымыз бар. Бала туылғанда, бесікке саларында, шілдеханада, үйлену тойда, қайтыс болғандағы жоралар - бәрі-бәрі көз алдымызда өтті. Жастайымыздан соларды жадымызға тоқып өстік. - Қазір қандай жұмыс істеп жүрсің? - Бухгалтерлік мамандығын меңгерудемін. Яғни, жұмыс істей жүріп тәжірибе жинақтап жатқан жайым бар. Бұған дейін өзге салада қызмет атқарып келдім. Мамандығымды ауыстырып жатырмын. - Бос уақыттарыңды қалай өткізесің? - Көбінесе компьютерде отырамын. Кітап оқимын, спортпен айналысқанды ұнатамын, достарыммен бірге қыдырамын, интернетте отырамын. Кей кездері тамақ істеймін (күлді). - Интернеттегі қандай тақырыптар ұнайды? - Интернеттен қарастыратын мағлұматтардың ең маңыздысы -Қазақстан туралы ақпараттар. Мүмкіндігімше кеңінен тануға тырысамын. Алматыға бардым, қала туралы кітаптарды оқыдым. Интернеттен мағлұматқа қанық болдым. Астана мені қатты қызықтырады. Астанаға бару - менің алдағы уақыттағы мақсатым болмақ. - Әке жолын жалғастырып жүрсің бе? - Таэквондомен бала кезімде айналыса бастадым. Әкеммен бірге жаттығатын едім, маған үйретіп отыратын. Қазақстанға келгеннен кейін маған қарайлайтын уақыты болмады. Сол себепті жеке дайындалуыма тура келді. Әкемнің шәкірттері өте көп еді. Басым бөлігі жетістіктерге жетті, кейбірі мектептер ашты. Қазір де уақытым болғанда жаттығу жасап тұрамын. - Жетістікке жеткен сәттерің болды ма? - Белбеу алу, дан алу өте қиын. Әкемнің мезгілсіз қайтуы, отбасылық мәселелерге байланысты таэквондоны толық меңгеріп шыға алмадым. Әке жолын жалғастыра алмауыма осы жағдайлар себеп болды. Таэквондодағы белбеуім жасыл түсті. - Әке ұғымы сен үшін нені білдіреді? - Әкеден жастайымнан айрылғандықтан болар, мен үшін әке - ұлы тұлға. Әр жыл сайын Түркияға әкеміздің басына барып қайтамыз. Құранымызды оқып, артынан дұға-тілектерімізді бағыштап отырамыз. - Әңгімеңе рахмет! "Нұр Астана" газеті  

Жүктелуде...