Сафина Ақтай: Кемпір

Сафина Ақтай: Кемпір

ашық дереккөзі

 width= Конкурсқа келіп түскен келесі ең қысқа әңгіме. Сафина Ақтай  1996 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетінің түлегі.

Кемпір

Кемпір бүгін ерте оянды. Кәріліктен бе, кім білсін, әйтеуір ұйқы жоқ. Түні бойы дөңбекшіп, таң қылаң бергенде ғана көз ілген. Әдетте ерте жатады. Ұйықтамаса, әлденелерді ойлап кететінін біледі, сондықтан төсекке жантайса болды, көзін тарс жұмып, жиірек дем ала бастайды. Соңғы уақытта өзін ұйықтап жатқанына сендіретін амал тапты. Ол – қорылдау. Жастыққа бас қойысымен өтірік қорылға басады. Осылайша, қалай ұйықтап кеткенін сезбей де қалатын. Бірақ соңғы екі күнде бұл әдісінен түк шықпай жүр. Алюмин кастрөлдегі сүт әне-міне дегенше шарасынан асып төгілгелі тұр. Көбіктеніп, әнтек көтеріліп келеді. Аяғына тобығынан асыра тоқыма шұлық киіп, белін қоңырқай шәлімен орап, шетін түйіншек қып түйе салған кемпір бір аяғын сылти басып барып, газ тетігін енжар бұрады. Тоңазытқыштан ірімшік, вареньенің қалдығымен апталап тұрып қалған кесені алып шығып, оған сарымсақ қосылған картоп езіндісін құйды. Өзі қолдан жент жасап, қырыққабат, арасында ішек-қарыннан пирожки пісіретін. Тоңазытқыштан көрсе де, олардан дәм татқысы келмеді. Бұлар айлап тұрып қалатын. Үйдегі артық жиһаздың бәрін өткен жазда қонақ бөлмесіне үйіп тастап, есігін бекітіп қойған. Үйдің іші көңілсіз, бояуы өше бастаған терезенің алдында өлген шыбындар сұлап жатыр. Әбден шіріген картоптың күлімсі исін кемпір сезген жоқ. Оның көзіне жәшіктің ішінен қараң-құраң еткен әлдене көрінді. Сұп-сұр кішкентай тышқан жәшіктің ішінде тыпырлайды. Кемпір ебедейсіз саусақтарымен тышқанның құйрығынан ұстады да, жәшіктің ішінде мыжғыланып қалған целлофанға салып, аяғымен басып, езді. Жылымық көздерін еденге қадаған күйі өлген тышқаны бар целлофанды ұмсынып алды да есіктен далаға лақтыра салды. Бұрыштағы трюмоның бетіне жапқан сарыала шақпақ одиалдың ұшы жерге төгіліп, далдиып кетіпті. Ескі шкафтың есігі қақырап тұр. Кемпір енді төсегіне жантайды. Жым-жырт тыныштықты ештеңе де бұзған жоқ. Көрпесін иығына тарта жамылған қалпы терең ұйқыға батқысы келді. Кемпір тағы ерте оянды.      

Жүктелуде...