Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
28 сәуір, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Жұмағалиев жыл соңына дейін қанша ауыл интернетке қосылатынын айтты  

Жұмағалиев жыл соңына дейін қанша ауыл интернетке қосылатынын айтты  

Жұмағалиев жыл соңына дейін қанша ауыл интернетке қосылатынын айтты  
ашық дереккөзі
"Биыл кең жолақты интернетке қосылатын ауылдар саны 5163-ке жетеді. Еліміздің халқын 3G және 4G интернет желісімен қамту 99,3%-ті құрайтын болады", - деді Жұмағалиев үкімет отырысында.
Министр 2018 жылдан бері мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі бойынша елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс технологиясы арқылы интернетпен қамту жобасы іске асырылып жатқанын еске салды. Жоба жыл соңына дейін 1250 ауылды интернетке қосуды көздейді. Талшықты оптикалық желінің ұзындығы 20 мың шақырымнан асады. "Осы жылдың 20 сәуіріне дейін 637 ауылға интернет тартылды. Ал жыл соңына дейін қалған 613 ауылды интернетке қосу қажет", - деді ол. Министрлік халық саны 250 және одан көп ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында байланыс операторларымен бірге жоспар кесте бекіткен.
"Бұл жобада осы жылдың соңына дейін 600 мың адам тұратын 928 ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр", - деді Жұмағалиев.
Министр ауылдарды интернетке қосуда жергілікті әкімдіктердің көмегі қажет екенін айтты. Атап айтқанда, олар базалық станцияларды орнататын мачталар салуға қажетті жер телімін бөліп, электр энергиясымен қамтамасыз етуі қажет. Оның айтуынша, шамамен 384 ауылда ұялы байланыс инфрақұрылымы жоқ. Яғни антенна-мачталық құрылғы орнату, оған электр энергиясын жеткізу қажет болады. Операторлар осы мәселе бойынша қиындықтар туындайтынын жеткізген. "Әрі қарай тұрғын саны 250 адамнан аз 1178 ауыл қалады. Оларда тұрғын саны 130 мыңнан аспайды. Сондықтан халқы аз ауылдарды интернетпен қамту қажеттігін осы ауылдарды урбанизациялау, біріктіру немесе ауылдарды бұдан әрі дамыту жоспарларына сәйкес пысықтап, анықтауды ұсынамыз", - деді Жұмағалиев.