
Садыр Жапаров Қырғызстан президенті қызметіне ресми түрде кірісті. 28 қаңтарда Бішкектегі ұлттық филармонияда Жапаровтың инаугурациясы өтіп, мемлекет басшысы ретінде ант берді деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Азаттықтың Қырғыз қызметіне сілтеме жасап.
Президент ретінде алғаш сөз сөйлеген Жапаров мойнына "өте ауыр жауапкершілікті" алып отырғанын атап өткен. Елдің қиын жағдайда тұрғанын еске салып, мемлекет бюджетінің қысқаруы, мемлекет қарызының өсуі, энергетика саласындағы дағдарыс мәселелеріне тоқталған. Халықты мәселелерді бірігіп шешуге шақырған. Ол елдегі барлық саяси күштерді де бірлікке үндеген.