Алла Илчун - дүниежүзіне танылған, сән әлемінде тренд қалыптастыра білген, 40 жыл тағынан таймаған модель. Алайда, бұл бұрымды модельдің модельдік жолына дейінгі және кейінгі өмірі жұмбақ болып келген болатын. Тіпті, ұлтының кім екені беймәлім болған. Тек 60-қа келгенде ғана әкесінің атын жариялап, түбі қазақ екенін мойындады. Енді бәрінің көкейінде бір сұрақ туындайтыны сөзсіз: Қазақ қызы Парижге қалай келді? Кристиан Диор мырзаға қалай жолықты?
Алла Илчунның әкесі Қуантхан Илчун қазақ жерінде Алматыда дүниеге келген. Алайда жұмыс бабымен Қытайдың Харбин қаласына қоныс аударады. Осында Қуантхан жұбайы Тамарамен танысып отбасын құрады. Көп ұзамай дүниеге Алла келеді. Бірнеше уақыттан кейін бұл мемлекетте қиын жағдайлар туындап, Илчун жанұясы Еуропаға қоныс аударады.
Алғашында Алла Илчун мейрамханада даяршы болып жұмыс істейді. Модель болу тіпті ойына кіріп те шықпаған. Бірақ, 1947 жылы Алла құрбысымен бірге Диор үйінің кастингіне келеді. Бұл туралы ол Chicago Tribune газетіне берген сұхбатында былай деп еске алады: «Мен жұмыс іздеп жүрген құрбыма серік болып барған едім. Себебі ол жалғыз баруға ұялатынын айтты. Мені көріп Диор жұмыс жасау туралы ұсыныс жасады. Ал құрбым кастингтен өткен жоқ, дегенмен біз жақсы қарым-қатынасымызды сақтап қалдық».
Осылайша, Алла ойламаған жерден Диор Үйінің экзотикалық жұлдызына айналады. Алланың азияттық түр келбеті, көзінің қиығы, небәрі 47 сантиметрлік қыпша белі бәрін таңқалдырады. Сол күннен бастап, қазақтан шыққан сұлу бойжеткен «Диордың музасына» айналды. Ол модель мансабын 1967 жылы аяқтады. Дегенмен соңғы рет модель 1987 жылы Диор үйінің 40 жылдық мерейтойына орай подиумға шықты. Сонымен қатар жақында осы жылдың қаңтар айында Берлин Кенжетайұлының «Муза Dior» кітабы жарыққа шықты. Алдағы уақытта Алла Илчун туралы кино түсіру де жоспарда.
NewsRoom+ақпарат агенттігі.