145 студент Ресейдің Түмен қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына келді. Бұл туралы өңірлік тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігінің тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Департаменттің мәліметінше, 77 студент шекарада тексеруден өткен (оның 54-і СҚО-дан, 15-і Қарағанды, 5-і Түркістан, 2-і Алматы облысынан және 1-і Шымкент қаласынан).
"Студенттің барлығы Петропавл қаласы мен облыс аудандарындағы карантиндік ауруханаларға орналастырылды. 25 сәуірдегі жағдай бойынша азаматтардан алынған COVID-19 зертханалық сынамасының нәтижелері теріс болып шықты. Қазіргі уақытта олардың қатарындағы кейбір азаматтар үй карантинінде жатыр", – делінген баспасөз хабарламасында.
Солтүстік Қазақстан облысының шекаралас аймақтарында тұратын қалған 68 студент тұрғылықты жеріне жіберіледі және міндетті түрде тексеріліп, үй карантинінде болады. Еске сала кетейік, бұған дейін Сеулде оқитын шымкенттік студент Оңтүстік Кореядағы коронавирусқа байланысты эпидемиологиялық жағдайды баяндаған болатын. Оның айтуынша, коронавирустың ауыздықталуына қатаң сақтық шаралары себеп болған.