«Хабар» агенттігіндегі «Большая неделя» қоғамдық-саяси ток-шоуының жүргізушісі Азиза Шужеева өз еркімен орнын босатты, деп хабарлайды NewsRoom.kz тілшісі. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жариялады.
А.Шужееваның шешіміне «Большая неделя» бағдарламасының соңғы шығарылымы негіз болды.
«Мен өз позициямды айқын көрсеткім келді, бірақ ондай мүмкіндік беретін бізге кім бар? Тіпті, ток-шоу алдында редактор мен продюсерден Никонов-Федоров қозғаған мәселелер түкке де тұрмайтын бала әңгімесі ұстанымын қорғаңдар деген нұсқаулық та келді. Елдегі барлық проблеманы ашық талқылап, халыққа бір табан жақын болғым келіп еді. Әттең, қолым байлаулы еді», – дейді ол ашынып.
Экс-жүргізуші сөзін жалғастыра келіп, бағдарламадағы әріптесі
Дмитрий Олейниковқа деген өкпесін білдірді: «Эфир бастала салысымен Дима менің жанында тұрғанымды ұмытып, өзінің жеке концертін көрсетті. Жақ аштырмады. Менің ғана емес, қонақтардың да сөзін бөліп, ешкімді қыстырмады. Шынымды айтсам, мұндайды күткен жоқпын. «Базардағы қатын» сықылды онымен сөз таластыруға құлқым да болмады. Ток-шоудағы хаосты өздеріңіз де көрдіңіздер ғой. Дмитрийдің қылықтарын әлі түсіне алар емеспін. Мен оны адам ретінде, маман ретінде қатты құрметтейтінмін, алайда қазір қаншалықты қателескендігімді ұғынып отырмын».
Дәл осы тұста әлеуметтік желі қолданушыларының ойы екіге қақ бөлінді. Бірі тікелей эфир кезінде ойын жеткізбей, енді келіп көсілгеніңнен не пайда десе, екінші жақ Азизаның «Хабардан» кеткені оң болды десіп жатты.
https://www.youtube.com/watch?v=ChJ0Ft8nvlQ
Шужееваның ток-шоуды жүргізушіліктен бас тартқаны турасында мемлекеттік қайраткер Ермұхамет Ертісбаев та өз пікірін білдірді.
«Жақында Азиза Шужеева әлеуметтік желіде өзінің «Хабардан» кеткені жайлы ұзын-сонар пост жазыпты. Бұл тұста телевизия саяси провокацияға бой алдыратын жер емес екендігін айтқым келеді. Осындай қиын-қыстау мезетте телевизия манипуляцияға жол бермей, шындықты ашық жеткізуі парыз. Дмитрий Олейников өзінің нағыз профессионал екенін дәлелдеп, ток-шоудың негізгі мақсатынан ауытқымай, жоғары деңгейде бағдарламаны өткізіп шықты. Иә, спикерлердің сөзін бөлді, біреу кем сөйледі, бірақ ол оның міндеті екенін естен шығармаған абзал», – дейді ол.
https://www.youtube.com/watch?v=L-ptpshCu40
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір апта бұрын «Большая неделя» бағдарламасында Е.Ертісбаев, А.Әмребаев, Н.Шаталов, М.Башимов және М.Шевченко (Ресей саясаттанушысы) қатысуымен ресейлік депутаттардың комментарийлері талқыланды.
Ток-шоу біткен соң жүргізуші Д.Олейников халықтың наразылығына ұшырады. Көптің айтуынша, ол мемлекеттік мүддені екінші қатарға қойып, Ресей саясатының сойылын сойды.
Алдағы уақытта «Большая неделя» екі емес, жалғыз жүргізушімен эфирге шығатын болады. Әзірге Дмитрий Олейниковтың ток-шоу тізгінін ары қарай ұстайтындығы я ұстамайтындығы белгісіз.
Сұлтан Әбдірасыл