Мұхтар Кәрібай: Індет һәм адамзат
Мұхтар Кәрібай: Індет һәм адамзат
ашық дереккөзі
Бүгінгі әлем бетпе-бет келіп отырған, тіпті, атауын жер бетіндегі әрбір жан иесі жатқа білетін жаһандық індеттің таралуы адамзат қоғамдастығының ажырамас бөлігі болғандықтан, біздің еліміздің де алдына күрмеуі қиын сынақ ретінде қойылуда. Тәуелсіздігі кезеңінде жас мемлекетіміз бұған дейін де бірнеше дүркін экономикалық, сауда, қаржы дағдарыстарын, сондай-ақ табиғи апаттарды басынан өткерген. Алайда, «сегіз ұлым бір төбе..» демекші, бұл жолғы жайттың жөні бөлектеу көрінуде. Мұның басты ерекшелігі – ол балабақшадағы сәбиден бастап, үйдегі қарияларға дейін тұрғындардың барлық буынын, анығында барша халықтың әдеттегі тыныс-тіршілігін, қажет десеңіз тағдырын тұтас қамтыды.
Ең бастысы, Қазақстан билігінің көршілес Қытайда басталып, көп ұзамай өзге елдерге дереу тарай бастаған бұл індеттің қатерінің ауқымын жан-жақты мұқият бақылай білгендігінен, дер кезінде қажетті жедел шаралар қабылдауының нәтижесінде ел ішінде таралу қаупін тежеуге қол жеткізілді. Әрине, ғаламшардағы әлеуетті, ықпалды, алпауыт елдердің өзін есеңгіретуге жеткізген бұл құбылыстың біздің мемлекетіміз үшін де өте үлкен көлемдегі ауыртпалық әкеліп отырғаны аян. Әсіресе өмір сүруге керекті қаражатын күнделікті айырып отырған миллиондаған қарапайым адамдар мен олардың отбасы жандары үшін күтпен жерден қиындықтар туғызды. Мінеки, дәл осы санаттағы ел тұрғындарына Президент Қ.Тоқаевтың пәрменімен қажетті қаражат көлемінің бөлінуі батыл да ізгілік шешім болғандығы ел тарапынан зор қанағатпен қабылданды. Осы жайт биылғы ұзақ қыстан кейін жуанның жіңішкеретін ауыр мерзіміне тұспа-тұс келгендігін де айтқанымыз лазым. Қатаң карантиндік амалдар көктем уақытына, яғни ауыл шаруашылығындағы ең маңызды кезеңде елеулі қиындықтар туғызғандықтан, Үкімет тарапынан дихандар мен шаруа қожалықтарын қолдауға арналған шаралардың маңызы да талассыз. Сәтін салса, барлық науқандық істер уақтылы атқарылып, дархан қазақ даласы жайқалған астығы мен мыңғырған малына толатын ырысы оралары анық. Мұндай батыл сенімді риясыз жариялап отыруымызға баршамыз қапысыз көз жеткізіп отырғандай, тәубелі, текті жұртымыздың осынау күрделі кезеңде де тәрбие мен тәртіптің биік үлгісін паш етіп, мемлекет басшылығы, жергілікті атқарушы орындар тарапынан амалсыз ұсынылған барлық іс-шараларға біртұтас қолдау білдіріп, «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» отырған бірлігі мен ынтымағы айқын дәлел бола алады. Иә, еңку-еңку жер шалған асыл текті бабалар жерінде елдік мұрасын көздің қарашығындай сақтап келе жатқан қасиетті халқымыз өз тарихында бұдан жүз, мың есе ауыр қиянат пен нәубеттерді бастан өткерсе де, жігері жасымаған жасампаздығымен бұл жолғы сынақты да сүрінбей лайықты еңсеріп әкетері кәміл!
Елдің ішінде осынау ізгілік пен мәдениеттіліктің жарқын белгісімен алға бассақ, әртүрлі себептермен шетте, сыртта жүрген ондаған мың отандастарымызға, соның ішінде оқушы студенттердің, жастардың уақтылы Қазақстанға, ата-анасы мен жақындарының ортасына оралуына тиісті мүдделі меморгандармен іскерлік бірлікте еліміздің дипломатиялық, консулдық мекемелері қызметкерлерінің жанқиярық күшімен барлық қажетті көмек көрсетіліп, орайымен жүзеге асырылды. Осы арада ел басына қиындық түскен кезде дүниежүзіндегі мемлекеттердің басым көпшілігі, тіпті өркениеттің озық үлгісіне жеттік дейтін, ол аздай тұтас одақпыз деген елдердің өзі жеме-жемге келгенде іргесін бөлек салуға бет қойып, бірінші кезекте тек өз азаматтарын қорғауға ұмтылғаны баршаға сезілді. Демек, дана халқымыздың «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтін ұлағатының тереңіне тағы бір көз жеткен сәті де осы.
Тұжырымдай келгенде, осынау айтпай келген әлемдік ауқымды апат, қандай күрделі қиындықтар болмасын, шын мәнісінде «тыңдайтын мемлекет» қағидаты орнығып, билік пен халық арасында еш жасырынсыз, ашық һәм сындарлы, түсінікті сұхбат жүргізілетін болғанда кез келген кедергіден, қиындықтан жоғары жасампаздықпен, пайымды парасаттылықпен кеудені биік ұстап өтуге болатындығын ұқтырды.
Әрине, жекелеген бір ел емес, ғаламды қамтыған бұл қатерлі індет барша адамзат қоғамдастығының бүгінгі тым қарқынды бет алысы мен ертеңгі өмірінің мәнісіне түпкілікті қайта үңіліп, Тәңірінің өзі қазақ ақыны Қасымның шамырыға айтқан: "Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы" ұранын, сәл өзгертіп, "Ей, адамзат баласы, өзіңе бір қарашы" деп тұрғандай. Ендеше, өзіміздің де Хәкім Абай айтқан «бес дұшпанымызды біліп, бес асыл іске көнуіміз», Толық адамға айналу, керегемізді кері тарттырып келген мағынасыз даңғойлық пен кердеңдік, орынсыз отырыс-жиындар, ысырапшылдық пен астамшылықтан арылып, мүлде өзге сапалы мазмұндағы болмысты қалыптастыруға ұмтылуымыз – бұл әрине өзге тақырып!
24 сәуір 2020 жыл