Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
20 желтоқсан, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

«Бітімге келу - бабадан»

«Бітімге келу - бабадан»

«Бітімге келу - бабадан»
ашық дереккөзі
 width= Елімізде дауларды шешудің қосымша әдісі ретінде  Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңы қолданылып келеді. Аталған Заң жеке және заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық және өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында және де сотқа дейінгі дауларды шешуге, сонымен қатар атқарушылық іс жүргізуді орындау кезінде туындайтын қатынастар бойынша қолданылады. «Медиация» сөзі латын тілінен аударғанда «делдал, екі тарапты мәмілеге келтіруші үшінші тұлға»  деген мағынаны білдіреді. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден- бір жолы болмақ, яғни тарапты қанағаттандыру негізінде жүргізілген келіссөз рәсімі. Медиация деген сөздің мағынасын екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндіруге болады. Медиация институты қазақ қоғамына жат емес. Кезінде азаматтар арасында туындаған дау-дамайларды билер, шешендер немесе беделі бар жергілікті ақсақалдар әділ шешіп отырған. Билердің негізгі шешетін мәселесі келген шығынды қалпына келтіріп, дауласушыларды бітімге жеткізу болып табылған. Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Ұлы қазақ даласы билігінің белгілі дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға улкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал. Медиацияны жүргізу кезінде медиация тараптары қол жеткізген дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және оған тараптар қол қояды. Келісімде медиация тараптары, даудың (дау-шардың) нысанасы, медиатор (медиаторлар) туралы деректер, сондай-ақ тараптар келіскен келісімнің шарттары, оларды орындау тәсілдері мен мерзімдері және оларды орындамаудың немесе тиісінше орындамаудың салдары қамтылуға тиіс. Дауды реттеу туралы келісімді медиация тараптары ерікті түрде осы келісімде көзделген тәртіппен және мерзімде орындауға тиіс. Азаматтық істі сотта қарағанға дейін жасалған дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісім тараптардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған мәмілені білдіреді. Мұндай келісім орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, келісімді бұзған медиация тарапы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жауаптылықта болады. Азаматтық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім дереу іс жүргізуінде азаматтық іс жатқан судьяға жіберіледі. Дауды реттеу туралы келісімді сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен бекітеді. Бұл ретте төленген мемлекеттік баж Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде көзделген тәртіппен төлеушіге қайтарылуға тиіс. Қылмыстық процесс барысында медиацияны жүргізу кезінде тараптар қол жеткізген дауды реттеу туралы келісім жәбірленушіге келтірілген залалдың орнын толтыру және қылмыс жасаған адамның жәбірленушімен татуласуы жолымен реттеу туралы келісімді білдіреді. Аталған келісім дереу іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан қылмыстық процесті жүргізетін органға жіберіледі және Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде көзделген жағдайларда қылмыстық қудалауды болдырмайтын не оны жүзеге асырмауға мүмкіндік беретін мән-жай болып табылады. Дауды реттеу туралы келісім оған тараптар қол қойған күні күшіне енеді. Қазіргі уақытта татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықтың дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда. Өркениетті елдердегідей бейтарап медиаторды тарту арқылы істі бітімге келтіріп, заманауи құқықтық жүйенің дамуына ықпал етуі тиіс. Заңның қолданылу аясы енді-енді адымдай бастады десек орынды болады. ҚР Президенті Қ.Тоқаев ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жолдауында да Медиация туралы заңды жандандыруды, яғни «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет» екенін айтты. Өйткені медиацияның біздің елімізде болашағы зор. Оны бір деңгейде қолдасақ, медиация халқымызға игі әсерін тигізері анық.

Маңғыстау облысы, Түпқараған аудандық сотының

төрағасы м.а. Бегенов Едіге Берекетұлы

Мобилді қосымшаны жүктеп алыңыз

NewsRoom.kz қосымшасын жүктеп, жаңалықтардан хабардар болыңыз

Орнату