Алматыда халық өз қаржысына мектеп салған

Алматыда халық өз қаржысына мектеп салған

ашық дереккөзі

 width= Алматы облысы Сарқан ауданының Кәкімжан Қазыбаев атындағы ауыл тұрғындары өз күшімен бастауыш мектеп салып алды. Мектептің бой көтеруіне елдімекеннен ертеректе көшіп кеткендер де қолдау білдірген деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі Хабар 24 сайтына сілтеме жасап. Жергілікті тұрғындардан жиналған 10 млн теңгеден аса қаржыға тұрғызылған 50 орындық мектеп Тәуелсіздік мейрамында пайдалануға берілді. Кәкімжан Қазыбаев ауылындағы бастауыш сынып оқушылары бұған дейін бұрынғы ауыл кеңсесінде оқуға мәжбүр болған. 1975 жылы салынған ғимарат әбден тозған. Едені сықырлап, терезесінен жел гулеп тұрады. Сыныптары да жеке пешпен жылытылады. Нәтижесінде балаларды көрші ауылға апарып оқыту мәселесі туындап, сол кезде Тоқтарбек Төлепбеков қария ауылдастарына мектеп салу туралы ұсыныс жасайды. "Балаларды қалай Бақалыға сандалтамыз. Автобус әрбір баланы екі үш сабақ сайын әкеп тұрмайды. Олар ана жақта тоңады. Жағдайы болмайды деп ұсыныс тастағаным рас. Сол жерде отырған азаматтар қолдады", - дейді Төлепбеков. Ақсақалдың бастамасымен қолға алынған құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары шама шарқынша асарлатқан. Бірі тас пен құмын түсіріп берсе, енді бірі қаржылай демеушілік жасаған екен. Жергілікті билік болса, жоба жоспарын әзірлеген. Нәтижесінде мектеп небәрі бір жазда тұрғызылып шығыпты.

"Көп түкірсе көл демей ме?! Бұл көптің бірігіп істеген дүниесі. Ауыл азаматтарының көмегінің арқасында елдің ертеңіне жасалып жатқан игілікті іс", - дейді еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Саят Мерекенов.
Ауыл балалары енді кең әрі жарық сыныптарда білім алатын болды. 240 шаршы метрлік мектептің керек жарақтары да жаңартылған. Тәуелсіздік күніне арналған төрт күндік демалыстан кейін оқушылар жаңа мектеп табалдырығын аттайды.
"Бұрын ескі мектеп салқын болған. Қазір жаңа мектеп жылы. Іші ұнады. Енді жаңа мектепте жақсы оқимыз", - дейді оқушы Руслан Жанайхан.

Жүктелуде...