Бұл туралы облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Алмагүл Бекенова Ақтөбе қаласындағы «Анвар» гипермаркетінде тұрғындармен кездесуінде айтты. Ол сауда орнына келушілерге партияның бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасын жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында тұрғындар кандидатқа жеке сауалдарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны Ақмарал Мырзабекова үміткерге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық балабақшаға бейнекамералар орнатылып, арнайы қосымшалар арқылы ата-аналармен кері байланыс жасалса деген ұсынысын айтты.
Қазір мен бала тәрбиесімен үйде отырмын. Келер жылы үлкен қызым үш жасқа толады. Балабақшаға бергіміз келеді. Сол үшін қаламыздағы балабақшаларда балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалса дейміз. Себебі әрбір ата-ана алдымен баласының амандығын тілейді, - дейді ол.
Ал Ақтөбе қаласының тұрғыны Темірбай Сейітовті білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен өңірде алда атқарылатын жобалар қызықтырады.

Алмагүл Бекенованың айтуынша, 2025 жылға дейін облыста 60 білім беру ұйымы қайта жаңартылып, 125 балабақша мен шағын орталықтар ашылады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту көрсеткіші 86 пайызға дейін артады.
Үгіт-насихат жұмыстары басталғаннан бастап біз, мәслихат депутаттығына үміткерлер, көпшілік орындарға, бірқатар отбасыларға барып, кездесулер өткізіп, партияның облыстық сайлауалды бағдарламасын түсіндіріп жатырмыз. Осы орайда тұрғындар тарапынан тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау саласына қатысты сауалдар көп түсуде. Осы аптада қала шетіндегі Рауан тұрғын үй алабында тұрғындармен кездесіп, олардың ұсыныс-тілектерін тыңдап қайттық, - деді Алмагүл Бекенова.
Айта кету керек, партияның сайлауалды бағдарламасына сәйкес алдағы бес жылда облыста 30 ірі кәсіпорын ашылып, 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылады. 104 ауылдың 28 мың тұрғынына газ жеткізіледі. 43 медициналық ұйымды салу және жөндеу арқылы 15 мың ауыл тұрғыны үшін денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен қолжетімділігі артады.

«Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысының Сайлау қорының қаражатынан төленді.