Банк клиенттерінің 75 млн теңгесін ұрлаған әйел сотталды

Банк клиенттерінің 75 млн теңгесін ұрлаған әйел сотталды

ашық дереккөзі

 width= Жамбыл облысында да салымшылардың қомақты қаражатын қолды қылған бұрынғы банк қызметкер 6 жылға сотталды, деп хабарлайды Newsroom+ақпарат агенттігі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап. Жамбыл облысының Меркі ауданында Алматы қаласының 42 жастағы тұрғыны банк салымшысының ақшасын алаяқтық жолмен иемденген. Алаяқ әйел банкте бөлімше директоры болып жұмыс істеген және клиенттердің ақша жинағы туралы мәліметті жақсы білген. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. 2016 жылы банктің бөлімше директоры боп қызмет істеп жүрген кезінде күдікті қор биржасында ақша табу сылтауымен салымшы әйелдің бірінің сеніміне кіріп, одан 100 000 доллар ақшасын алған. Бір айдан кейін алаяқ аталған әйелге тағы да хабарласып, 30 000 доллар сомасын алды. Өзіне сенген әйелдің банктегі шотында қаражат қалмағанын түсінген алаяқ сол кезде жәбірленушінің анасының шотындағы жиналған 27 000 000 теңгені шешіп алуды ұсынады. Ол алынған соманы көбейтіп қайтаруға уәде берді. Бұнымен тоқтап қалмай, алаяқ банктің салымшысы болған жергілікті кәсіпкердің сеніміне кіріп, дағдылы әдетімен оның 3 500 000 теңге сомасындағы ақшасын иемденген, алған ақшаны жақын арада пайызымен қайтаруға уәде береді. «Әрбір әрекетін тек түбіртекпен істеп отырған. Әйел ақшаның бизнесменнің шотында тұрғанын айтып сендіреді. Алайда, ештеңеден күдіктенбеген ер адам екі аптадан кейін банкке келіп, шотында ақша жоқ екенін көреді» делінген ПД хабарламасында. Аталған дерек ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелді. Бүгінде Меркі ауданының аға тергеушісі Ж.Серіктің кәсібилігінің арқасында алаяқтың іс-қимылы толық ашылып, күдіктінің кінәсі дәлелденді. Сот үкімімен әйелге 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, мемлекеттік органдарда, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында және қаржы ұйымдарында ұйымдастырушылық-өкімдік функцияларға байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындалған.  

Жүктелуде...