Қызылорда қаласының №2 сотының үкімімен ҚР ҚК 190-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қ.Ысқақов, оның орынбасарлары М.Имандосов пен М.Делмұханов, экс-әкімінің туысы А.Досмаилов пен экс-әкімінің сенімді тұлғасы Ж.Ысқақов кінәлі деп танылып, жаза тағайындалды, деп
Newsroom+ақпарат агенттігі
zakon.kz. сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жазасын орташа қауіпсіз колонияда өтеумен және мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырумен Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қ. Ысқақов - 7 жылға, оның орынбасарлары М. Имандосов пен М. Делмұханов - 6 жылға, облыстың бұрынғы әкімінің туысы А. Досмаилов пен облыстың бұрынғы әкімінің сенімді тұлғасы Ж. Ысқақов - 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Олар Қызылорда облысының мемлекеттік қызметшілерінің бір күндік жалақысын аудару есебінен қалыптастырылған және Арыс қаласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге арналған "Сыр Мейірімі" қорының ақшалай қаражатын жымқырды деп айыпталуда.
Аталған іс бойынша жалпы саны 10 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын атап өткен жөн. Жоғарыда аталған 5 сотталушыдан басқа қылмыстық іске 4 кәсіпкер мен Қызылорда облысы Құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы тартылды. Оларға қатысты шын өкінуіне байланысты қылмыстық қудалау тоқтатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.