...Ағам қатты тентек еді. Шал-кемпірдің баласы болғасын, әкемді аға санап, көп бағына бермейтін. Бірде шешеден боқтаған кеңшар директорын жағадан алып, іс насырға шапты. Ауылдан "жер аударылды". Бір подхоздың малын бағып, Үстірттің етегіндегі жалғыз үйге орналасты. Екі-үш шақырым жерде көрші кәрістер бар. Олар сол подхоздың шошқасын бағады.
Менің үш ай каникулым енді мал бағуға арналды. Жиендер де көмекке келіп, сиыр мен қойды кезектесіп бағамыз.
Ағам әлгі кәрістермен тез тіл табысты. Витя, Вася дейтін егіз жігіт қазақшаға судай еді. Егіз қызға үйленеміз дейтін. Анда-санда қаладан әкелері (подхоздың бастығы) келеді. Кейде біздің үйге келеді, кейде өздерінің вагондарына ағамды ертіп әкетеді.
Іші пысқан екі жігіт қазақтарды алдап, иттің етін жегізеді екен. Ағама да дәм татырыпты. Ертеңіне айтқанда, бір боқтады да, күліп, жүре берді. Ештеңе болған жоқ. Ал тағы бір егде ағамызға тура 6 айдан кейін айтқанда, үш күн ауырып, өліп кете жаздапты.
Бір күні ағам мені кәрістерге жұмсады. Қуырдақты алдарына алған беті екен. "Киіктің еті, кел, кел..." - деді Вася қулана күліп. Біртүрлі... ұқсамайды. Қолымды шайып келейін деп сыртқа шықтым да, тайып тұрдым.
- Сен егіздерге барып, иттің етін жепсің ғой, - деді кешке ағам күліп. "Жо-жоқ" деп шыр-пырым шықты. "Бауыржанды алдай алмадық..." - депті кәрістер. Шынында да, Құдай сақтапты. Манағы иттің еті екен. Соны естіп, қатты ауырдым. Жемеген ет есіме түссе, құсамын келіп... Ағам күле береді. Енді күлкі нысанына айналдым.
Бір күні ағамның досы Жаңабай ағай іздеп келді. Класс жетекшім. Бізбен қалжыңдаса беретін. "Жайлау жаққан екен. Толысыпсың...", - деді маған. "Толыспағанда, кәріс достары бар ғой. Осы күні үйден тамақ ішуді қойды...", - деді ағам.
...Үш айдан кейін үйге келгенде бойымның қатты өскенін сездім. Шешемнің алып қойған шалбары шолтиып қалды. 9-класқа дейін дене тәрбиесі сағатында 18 ер баланың ішінде 17-інші боп тұратын басым 6-ыншы тұратын болып шыға келдім. Кластастарым да таңғалды. "Е, ит жеген кәріс, бойың өсіпті, ә?" - деді Жаңабай ағай. Сол-ақ екен, әлгі ат маған шоғайнаша жабысты. Қатты намыстанатынмын. Қаншама рет төбелестім десейші...
...Кластастардың чаты ашылып, бір сөзге келісе алмай қап жатқанда: "Ей, ит жеген кәріс, осындайыңды қойшы..." дегені Сыдық досымның. Ал кеп күлейін. Тура бір күн күлдім. Мүлде ұмытып кеткен екенмін.
Автор: Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ