Түркиядан пәтер алғыңыз келе ме?

Түркиядан пәтер алғыңыз келе ме?

ашық дереккөзі

 width= Түркияға оқуға түссеңіз немесе көшіп келсеңіз, әрине бірінші кезекте пәтер іздейсіз. Мұнда да біздің krysha.kz сияқты сайттар бар. Аталған сайттардан пәтер іздеген кезде 1+1; 2+1; сияқты т.б. жарнама көресіздер! Бұл нені білдіреді? Бөлмелері: Түркия пәтерлерінде бөлмелерді жатын бөлмеден бастап санайды. Содан кейін қонақ бөлмесін қосады. Мысалы: 1 жатын бөлмесі, 1 қонақ бөлмесі - 1+1; 2 жатын бөлме, 1 қонақ бөлме болса 2+1; Асханасы: Түрікше #mutfak, әдетте, бөлек орналасқан кішкентай бөлме болады. Бірақ соңғы кездері тура біздегідей «асхана студия» сәнде. Бірақ бағасы қымбат үйлерде міндетті түрде асханалары өз алдына бөлек болады. Қабаттар: Түркияда қабаттар 0-ден басталады. Бізден ерекшелігі сол. «-1 деген» қабат бар, ол -  жертөле. Балкон: Түркияда пәтерлерінде балкон болмаса болмайды. Ол жағы қатты дамып кеткен. Себебі мұндағы адамдар балконда тамақтанып, рахаттанып шәй ішіп отырғанды жақсы көреді. Тіпті балкондарында кәуәп пісіруге арналған арнайы пештер  қойылған үйлерді де көруге болады. Пәтер таңдаған кезде неге мән беру керек? Әр ауданда  базар, банк, аурухана, мектеп, балабақшасы сияқты жанға керектің бәрі қарастырылған. ⠀— Сол үшін үйіңіздің ең бастысы жұмыс орныңызға жақын болуына аса мән беріңіз. Себебі үлкен Стамбұлда күнде жұмысқа барып-келу оңай да, арзан да емес: ⠀— Кейбір адамға теңіздің жақын болғаны маңызды болуы мүмкін. ⠀— Үйдің жеке хауызы мен жаттығу залы барын қаласаңыз, табу оңай. Себебі соңғы жылдары салынған үйлердің  бәрінде бар десем де болады. ⠀— Үйде табиғи газ болса тіпті жақсы. ⠀— Жоғарыда  айтқан «0» қабаттағы үйлер арзандау болады. Бірақ жаңбыр жауған күні сол «0» қабаттағы үйлерді су алып кетеді. ⠀— Стамбұлдағы үйлердің қабырғасы жұқа. Орталық жылыту жоқ болғаннан кейін мұндағы үйлердің едендері дымқылданып кетеді.  Көп үйде кездеседі. Сол үшін үй аларда шкафтардың арттарын, бұрыштарды қарауды ұмытпаңыз. ⠀Тағы бір ескеретін нәрсе, 250.000$ тұратын пәтер алсаңыз Түркияның азаматтығын ала аласыз. Алайда, Қазақстанда қос азаматтыққа рұқсат жоқ болғандықтан, ол жақтікін алған кезде автоматты түрде Қазақстаннан шығып кетуіңіз мүмкін. Сол үшін жақсылап ойланыңыз. Түркиядағы тұрғын үй түрлеріне тоқталсақ: Баспананың бағасынан бұрын қандай үйде тұрғыңыз келетіні маңызды. Apartman – біздің тілмен айтқанда аз қабатты, подьезді, бір жедел сатылы тұрғын үй (обычная квартира). Айына кіреберіс (подъезд) тазалығына аз ақша төленеді. Residance – қонақ үй іспеттес элиталық тұрғын үй кешені. Тұрғын үйдің төменгі қабатында дүкендер мен супермаркеттер, көлікті қоятын арнайы орындары болады. Қолдарында аппақ қолғап бар рессепшндер жедел сатыңызға дейін жеткізіп, мінгізіп жібереді. Үйдің жоғарғы қабатында терраса кафелер, спорт залдар мен сұлулық салондары болады. Villa – көбіне қаланың сырт жағында, теңізге жақындау жерлерде орналасқан. Қаланың ішінде де бар, бірақ көп емес. «Вилла» біздің тілмен айтқанда - байлар тұратын, бүкіл жағдай жасалған жеке үйлер мен коттедждер. Site – бүкіл жағдай жасалған тұрғын үй. Арнайы тұрағы, хаузы, саунасы, хаммамы, спорт залы, балалар ойнайтын алаңдары, арнайы күзетшісі мен тазалықшылары болады. Ситенің бір жаман жері – пәтер ақыдан бөлек айына әр отбасы отыз екі мың теңге компанияға төлейді. Ол ақша жұмысшылардың айлығы мен зейнетақы қорына төленеді. Бір ситеде алты қызметкерге дейін жұмыс істейді екен. Егер үйді құрылыс жұмыстары жүріп жатқан кезде алған болсаңыз, жарты бағасына алуға болады. Көп адам солай істейді. Түркияның Анталия, Алания сияқты қалаларынан қазақтар көп үй алады екен. Әсіресе, зейнеткерлікке шыққан, онлай жұмыс істейтіндер осы қалада тұрақтайды. Қазақстанға қарағанда арзан. Жоғарыда айтқан АППАРТ сияқты екі бөлмелі пәтерді Анталияда сегіз жарым, тоғыз миллионға алуға болады екен. Шет елдіктерге, әрине, қымбаттау сатады. Бірақ түрік таныстарыңызды салып жүріп алатын болсаңыз аталған бағадан да арзан шығады. Ал ВИЛЛАЛАРДЫҢ үш қабаттысын қырық үш миллионға ала аласыз. Анталиядағы үйлердің сапасы көбіне төмендеу келеді. Құрылыс жабдықтарының сапасы орташа болғандықтан, үйлер де арзан болуы мүмкін екен. Ал Бодрум қаласында үйлер қымбат, себебі олар сапалы құрылыс жабдықтарынан салынатын көрінеді. Әлия БОСТАН

Жүктелуде...