
Ақмола облысында азаматтарға кешкі сағат тоғыздан кейін үйден шықпау ұсынылды. Бұл туралы облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусинаның облыс аумағындағы карантиндік шектеу шараларына байланысты қаулысында көрсетілген, деп
Newsroom+ақпарат агенттігі
Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаулыға сәйкес, шұғыл жағдай бойынша медициналық мекемеге, азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға баруды қоспағанда барлық тұрғынға, әсіресе 65 жастан асқан адамдарға сағат 21.00-06.00-ге дейін үйінен шықпау ұсынылды.
Сонымен қатар облыс аумағында жол жүру құжатын, тауар құжатын, іссапар қағазын, медициналық мекемеге жолдаманы, редакциялық тапсырмаларды растайтын құжат көрсеткен кезде санитарлық бекеттерден кедергісіз кіріп/шығуға рұқсат беріледі:
- медициналық көрсеткіштер бойынша кететін және шығатын адамдарға;
- транзиттік жолаушылар мен жүк тасымалдаушыларына;
- вахта қызметкерлерін тасымалдайтын автокөліктерге;
- Covid-19 таралуының алдын алу жөніндегі іс-шараларға тартылған көлік пен адамдар, ұйымдарға;
- өңірдің тіршілігін қамтамасыз ететін кәсіпорындарға;
- ПТР әдісімен Covid-19 тестілеуінің теріс нәтижесі бар, оны алған сәттен 30 тәуліктен аспаған анықтама болған жағдайда, Ақмола облысында тұрмайтын адамдарға;
- Көкшетау және Степногорск қалаларының тұрақты тұратын жеріне оралған тұрғындарға;
- қызметтік куәлігін көрсеткен аумақтық сайлау комиссиясының өкілдеріне.
Айта кетейік, Қазақстанда пандемия басталғалы 134 706 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды, 2 063 адам қайтыс болды. Бірінші тамыздан бастап 42 680 адам пневмонияға шалдықты, 448 адам қайтыс болды.
Өткен тәулікте Ақмола облысында 90 адам COVID-19 жұқтырды.