Түркияда жұмыс табу қиын ба?

Түркияда жұмыс табу қиын ба?

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан азаматы Түркияда тұруға рұқсат (ikamet_izni) алса да, ол құжат ресми жұмыс істеуге жарамсыз. Яғни үйіңіз болсын, туристік визамен жүрсеңіз де, тіпті өзіңіз бизнес ашсаңыз да, бәрібір жұмыс істеу  үшін арнайы жұмыс визасын алу керексіз. Оны түрікше «çalışma_izni» (чалышма изни) - жұмыс рұқсатнамасы деп атайды.  Бұл туралы Түркиядағы Newsroom+ақпарат агенттігінің меншікті тілшісі Әлия БОСТАН баяндайды.  Жұмыс визасын қалай алады? T.C. Aile, çalışma ve sosyal hizmetler bakanlığı - ТР отбасы, жұмыс және әлеуметтік қызметтер министрлігі арқылы алынады. Министрліктің e-izni онлайн жүйесі арқылы өтініш тапсырылады. Жұмыс визасының 3 түрі бар: ✅ Үй қызметшісі визасы - жұмысқа алушының түрік азаматтық куәлігі арқылы жасалады; ✅ Жеке кәсіпкерлік визасы - шетелдік азаматтың 99 - дан басталатын нөмірлі «икамет изни» арқылы жасалады; ✅ Жұмыс орны визасы - барлық компаниялар шетелдік қызметкеріне осы визаны жасауы тиіс. Бұл визаны Түркияға келместен бұрын шақыру қағазы арқылы Қазақстанда да жасатуға болады. Егер Түркияда тұратын болсаңыз және осы жерден жұмыс тапсаңыз, компания жұмыс визасын тұру рұқсаты арқылы да Түркияда жасай алады. ❗Шетелдік азаматқа жұмыс визасын алу үшін компанияға қойылатын шарттар бар. Мысалы, уставтық капиталы, жұмысшылар саны сияқты. Заң бойынша 1 шетелдікті жұмысқа алу үшін, 5 түрік азаматы сол фирмада жұмыс істеу керек. Яғни өзіңіз фирма ашып, директор ретінде жұмыс визасын алу үшін 5 түрік азаматын жұмысқа алуға, олардың жалақысымен қатар сақтандыру төлемін де төлеуге міндеттісіз. Ал визасыз жұмыс депортқа әкеледі.  «ДЕПОРТ»  дегеніміз - сізді сол уақытта Түркиядан өз еліңізге шығарып жіберу.  Cол елге бірнеше жыл қайта кіре алмайтыныңыз туралы ескерту алу! Бірнеше шақырымды артта қалдырып жұмысқа тұрғандағы айлығыңыз қанша? Түркиядағы ең аз айлық теңгемен шаққанда 180 000 теңге.  Түркияда «ең аз жалақы мөлшері» деген ұғым бар. Жыл сайын оның мөлшері өсіп отырады. Өзінің азаматтары мен шетелдіктер үшін оның сомасы әртүрлі. Мысалы, осы жылдың ең аз жалақы мөлшері Түркия азаматтары үшін 2300 лира (138 000 теңге) болды, демек жұмыс беруші бұдан аз ақша төлей алмайды. Ал шетелдіктер үшін ең аз жалақы 3400 лира (204000 теңге). Бұлар қарапайым жұмысшылар үшін төленетін айлық мөлшері. Тиісінше лауазымыңыз жоғарылаған сайын жалақыңыз да өсіп отырады. Мұнда байқағандарыңыздай, Қазақстанмен салыстырғанда қарапайым азаматтардың айлықтары көбірек. Түркияда жұмыс табу қиын ба? Ағылшын тілін жетік білсеңіз жұмыс табу жеңіл. Түйіндемеңізді ағылшын тілінде толтырсаңыз да болады. Түйіндемеңіз ұнаса жұмыс беруші сізге хабарласады. Алайда біздегідей бір-екі кездесуден кейін-ақ сізді жұмысқа ала қоймайды. Мұнда кем дегенде бес рет кездесу ұйымдастырады. Әрі сіздің жұмыс тәжірибеңіз өте маңызды. Мамандығыңыз бойынша емес, қарапайым жұмысқа орналасу оңай. Ол үшін түрік тіліңіз жақсы болса жеткілікті. Дегенмен де неғұрлым көп тіл білсеңіз, соғұрлым жұмысқа орналасу мүмкіндігіңіз де көп мұнда. Себебі, Түркия бірінші кезекте туристік мемлекет екенін ұмытпаңыз! Қазақстанда алған мамандығыңыз бойынша жұмысқа тұра аласыз ба? Ағылшын, түрік тілдерін жетік меңгерген әрі жұмыс тәжірибеңіз жақсы болса жұмысқа тұра аласыз. Ол үшін дипломыңызды нотариалды түрде түрік тіліне аударасыз. Жұмысқа тұрған компания сізге құжаттарыңызды жинауға көмектесуге міндетті. Қазіргі таңда Түркияда жұмыс істеп жүрген қазақтар өте көп. Заңды істеп жүргендер аз. Заңды түрде жұмысқа тұрсаңыз өз құқығыңызды қорғай аласыз (айлығыңызды бермей қоятын кездер жиі кездеседі). Медициналық сақтандыруыңыз болады, онсыз түркия медицинасы өте қымбат. Мезгілсіз жұмыстан шықсаңыз өтемақы төлеуге міндетті болады. Айтпақшы, Түркияға келіп жатсаңыз kariyer. net сайтынан  жақсы жұмыс таба аласыз. P.S Үйімнің қасындағы кафеде әзірбайжан ұлтының азаматы даяршы болып жұмыс істейді. Өзі - студент. Осы кафеде жұмыс істеп жүргеніне бір жылға жақын уақыт болған. Жақында қасына екінші даяршыны алыпты. Ол - түрік. Әлгі бір жылдан бері жұмыс істеп жүрген әзірбайжанға қарағанда жақында жұмысқа тұрған түріктің айлығы көп екен. Нені байқадыңыздар?!  

Жүктелуде...