6 жыл өтті: «Әлемнің үздік балуаны» Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз?

6 жыл өтті: «Әлемнің үздік балуаны» Жақсылық Үшкемпіров туралы не білеміз?

ашық дереккөзі

 width= 2014 жылы дәл осы күні даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров «Әлемнің үздік балуаны» атағына ие болды. Бұл марапатты танымал спортшыға «Бірлескен күрес әлемі» деп аталатын халықаралық күрес федерациясы тапсырды.

Жақсылық Үшкемпіров кім?

Ол 1951 жылдың 6 мамырында Дихан ауылы, Свердловск ауданы, Жамбыл облысында дүниеге келіп, 2020 жылдың 2 тамызында өмірден өтті. Жақсылық Үшкемпіров грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері, Халықаралық спорт шебері, Еңбек сіңірген спорт шебері, алтын медаль иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы. Қазақтың қарапайым отбасында дүниеге келген балуан үйінің ортаншысы болды. Әпкесі мен қарындасы бар. Үшеуі де әжесінің тәрбиесін алған.
«Мен өмірге келгенде халықтың тұрмысы ауыр болыпты. Анамның ауылда дүкені болған екен. Бір күні дүкенге Сарымалтай деген ақсақал келіп, сабын сұрапты. Ол – аузы дуалы, ел сыйлайтын беделді азамат екен. Сабынды беріп жатқанда, анамды толғақ қысады. Сөйтіп, мен дүниеге келіппін. Ақсақал мұны жақсы ырымға балап, өмірге жақсылық келді депті. Осылайша, атымды Жақсылық қойыпты. Кейін әжем кіндігімді кесіпті», - дейді ол әжесі, жалпы отбасы туралы Qazaqstan телеарнасындағы "Келбет" бағдарламасына берген сұқбатында.
 width=

Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы

Түрлі халықаралық турнирлердегі жеңісі мен Одақтық біріншіліктегі чемпион атанған табысынан кейін Үшкемпіров алғаш рет Олимпиада ойындарына кандидаттық жолдама алды. Ол күш-жігерін Москвада өтетін Олимпиадаға қатыстуға жұмсады. 48 кг салмақта классикалық күрестен төрт адамның кандидатурасының ішінен аз ғана арасалмақпен Жақсылықтың кандидатурасы алға шықты. Бұл қиын жарыста тек Үшкемпіровтің жеңетінін басшылыққа дәлелдеген жаттықтырушы Вадим Александрович Псарев еді. Олимпиаданың бірінші күнгі жеребе салу рәсімінің нәтижесінде спортшы бірінші айқасқа әлемнің екі дүркін чемпионы румын шебері Александрумен түсетін болды. Бұл сәтте де оны қолдаған Валерий Резанцев пен Вадим Александрович Псаревтар еді. Олимпиада күндері Үшкемпіровтқарсыластары: румын Александру, поляк Керпач, болгар Христов, венгр Шерештерді шебер техникасымен, шапшаңдығы мен төзімділігінің арқасында жеңіп шықты. Осылайша ол қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болды.  width=

Жақсылық Үшкемпіров туралы көркем фильм жарық көрді

2019 жылы Алматы қаласындағы Kinoplexx Sary Arka кинотеатрында «Жақсылық» көркем фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмнің қоюшы режиссері әрі сценарий авторы – Бақыт Қайырбеков. Көркем фильмді тамашалауға жиналған көрермен кинотеатр залында бос орын қалдырмады. Тіпті жиналғандар біразы фильмді түрегеп тұрып тамашалады. Ал көрсетілімнің соңында олар ұзақ уақыт қол соқты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ және Mergen studio компаниясы түсірген биографиялық фильм Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, СССР-ға еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақ ССР еңбек сіңірген жаттықтырушысы – Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайды. Режиссер Бақыт Қайырбековтің айтуынша, бұл оның көркем фильм жанрында түсірген алғашқы туындысы екен.
«Картина 48 кг салмақтағы Олимпиада чемпионы болған алғашқы қазақ – Жақсылық Үшкемпіров туралы. Ол түрлі мемлекет дәрежесіндегі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінсе де, спортшыға халықаралық ареналарға шығуға мүмкіндік бермеген. Тек 1980 жылы ғана ол Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алып, әлемдік деңгейде өнерін көрсете алды. Фильм Оңтүстік Қазақстан ауылдарының бірінде дүниеге келген спортшының балалық шағынан бастап, Олимпиада ойындарында жеткен жетістіктеріне дейінгі өмір жолын бейнелейді», - деді режиссер.
Дайындық кезеңде ұйымдастырылған кастинг нәтижесінде Жақсылық Үшкемпіровтің жастық шағы мен ер жеткен кезін Эльнар Назарқұл, Санүржан Сүлейменов және театр актері Олжас Сақ сомдады. Ал 60 жастағы спортшының рөліне Қазақстанның халық артисі, Жезқазған театрының актері Досжан Жанботаев шақырылған.  width=

Жақсылық Үшкемпіров ел есінде

Жақсылық Үшкемпіров биыл 2 тамызда өмірден өтті. Бұл туралы Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы хабарлады.
«Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, «Барыс», «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров ағамыз бақилық болды. Батыр ағамыздың Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне биыл 40 жыл болып еді... Марқұмның барлық туған-туыстарына, отбасына, жора-жолдастарына, барша Қазақстан күресiнiң жанкүйерлеріне қайғырып көңіл айтамыз!», - деп жазды олар парақшасында.

Ақмарал БЕРЕКЕТ

Жүктелуде...