Қазақ баласы түрік сериалдарына киім тігіп жүр

Қазақ баласы түрік сериалдарына киім тігіп жүр

ашық дереккөзі

 width= Кезінде Қытай үкіметі орнатқан қатаң тәртіптің тезіне түсіп, алдымен Пәкістанға, кейіннен Түркияға үдере көшкен қазақтардың ұрпақтары арасында атадан балаға мұра болып, қазіргі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан кәсіпті жандандырып жүргендер баршылық. Стамбұлда жеке дүкенімен қоса, шағын зауыты бар Тұран Баһадүр есімді қандасымыз теріден киім тігіп, әшекей бұйымдар жасаумен айналысады. Сонымен қоса Түркия аумағында түсірілетін тарихи киноларға арнайы киім тігеді, танымал түрік әншілерінен де көп тапсырыс алады. Тіккен киімдері мен жасаған бұйымдары Түркиядан тысқары Еуропа және Батыс елдерінде де үлкен сұранысқа ие қандасымызбен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Стамбұлда тігіншілік кәсіппен айналысатын жалғыз қазақ екеніңізді білеміз. Талант пен төзімділікті талап ететін бұл кәсіпті қайдан, қалай меңгердіңіз? – Мен сонау 1949 жылы Алтай жақтан Пәкістанның Кашмир аумағына, сосын Түркияға үдере көшіп келген қазақтардың ұрпағымын. Ақсақалдарымыздың айтуынша, сол уақытта Түркияға екі мыңға жуық қазақ көшіп келген екен. Ал олар көшіп келгенде дайын тұрған жұмыс жоқ, сөйтіп көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға мәжбүр болды. Малшылықты кәсіп еткен олар малдың терісінен түрлі нәрселер, соның ішінде әралуан киімдер тігумен шұғылданған. Әкесінен көргенін баласы жасайды, кейін оларға немересі қолғабыс етеді, сол себепті Түркияда тұратын ересек қазақтардың басым көпшілігі тігін тігудің қырсырын жастайынан біледі, әсіресе теріден киім-кешектің қалай жасалатынынан хабардар. Кейінгі буынның көп нәрсе білмеуі мүмкін, себебі қазіргі таңда олардың түрлі мамандық бойынша оқуға мүмкіндіктері зор, әрі заман ағымына сай талап-тілектері де басқа. Ал біз секілді орта буын өкілдерінің ата кәсіпке бейімділігі бұрыннан бар. Атадан балаға мұра болып қалған бұл кәсіппен шұғылдануым да осы себептен, бала кезімнен әкемнің әлденені жонып отыратынын көріп өскен мен мектепте оқып жүргенде қолым бос кезде тігін зауытына барып, әкеме көмектесетінмін. Мектеп бітірген соң, басқа мамандық оқу үшін университетке түспей, осы кәсіптен нәсіп табайын деп бұл іске шындап кірістім. Осылайша бүгінде жеке дүкен ашып, ұлттық нақыштағы түрлі киімдер тігіп, әртүрлі әшекей бұйымдар жасап, мұны сатумен айналысып келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды. – Ал тігін цехы сол дүкеніңіздің ішінде орналасқан ба? – Иә, шағын зауыт пен дүкен бір жерде орналасқан. Қоластымда он шақты адам жұмыс істейді. Кейбірі түрік, енді бірі өзіміздің қазақтар, арасында енді үйреніп жүрген жастар да бар. Киім тігуді кезінде өзім әкемнен қалай үйренсем, оларға да солай үйретуге барымды салып жүрмін.  width= – Дүкеніңіздің жеке сайтын ашып қарағанымда, бұйымдарды, әсіресе бас киімдерді сатып алушылардың көптеген жағымды пікір қалдырғанын, сонымен қатар Түркиядағы тарихи кино түсірушілердің де сізге тапсырыспен киім тіктіргенін байқадым. Олармен қалайша байланыс орнаттыңыз? – Айта кетерлігі, бұл жақта оғыздардың бас киімдеріне сұраныс көп. Сонымен қатар көпшілігі киімнің сызбасын сызып я болмаса белгілі бір суретті әкеліп «Тура осылай тігіп беріңізші» деп тапсырыс береді. Сексен миллион халқы бар Түркия елінде қазіргі таңда мен секілді ұлттық нақыштағы киім тігетіндер мен әшекей бұйымдарын әзірлеушілердің қарасы көп. Десек те, бәсекесі биік бұл нарықта біздің зауытта тігілетін киімдерге сұраныс көбеймесе, азайған емес. Бүгінгідей интернет дәуірі жүріп тұрған заманда тапсырыс алу мәселесі жеңілдеді. Тарихи киноларға қалай тапсырыс алғанымды сөз ететін болсам, «Қорқыт ата» киносын түсірушілер біз жасаған өнімді интернеттен көріп «Бізге сіздің өніміңіз ұнады. Зауытыңызға барып, қолыңыздан шыққан киім үлгілерін көрейікші» деп хабарласты. Кейіннен киім үлгілері, әсіресе мұның сапасы ұнаған соң, аталған киноның екінші бөліміне де тапсырыс алып, ақырында кино түсірушілер тарапынан тапсырыс беретіндер күрт көбейіп кетті. Осылайша Direnis Karatay, Hürkuş секілді тарихи кино түсірушілер тобы хабарласып, көптеген киім үлгісіне тапсырыс берді. Бұдан бөлек, Түркияның Алперрен Кекилли деген танымал әншісі концертіне киімді біздің зауытқа келіп, арнайы тіктіреді. Мұнымен қоса, есімі белгілі әншілер де клипіне қажетті ұлттық киімдерді біздің дүкеннен келіп, таңдап я тіктіртіп алады. Сосын Стамбұлдағы бірнеше театр әкімшілігі де қойылымдарына киім тігіп беру туралы ұсыныстар жасайды. Мұнымен қоса, садақ атудан жарыс ұйымдастырушылары жиі тапсырыс береді. Түркиядан бөлек, Еуропа елдерінен де тапсырыс алып тұрамыз. Сосын онлайн тапсырыс арқылы Канада, Австралия, Біріккен Араб Әмірлігі, Ресей және Украина елдерінен де клиенттеріміз бар. Қайыра айтсам, атадан қалған кәсіптің тізгінін ұстап қалғаныма, бұл істі бүгінде табысты түрде жалғастырып келе жатқаныма қуанамын. – Тігіншіліктен бөлек, Қазақ түріктерінің білім алу және зерттеу қауымдастығының (KATEAD) жұмысына да араласады екенсіз. Онда қандай қызмет атқарасыз? – Онда қауымдастық төрағасының орынбасары қызметін атқарамын. Қауымдастықта жалпы саны он үш адам жұмыс істейді. Қазіргідей пандемия кезінде мұндағы жұмыс өте қарбалас, атқарылып жатқан шаруа қыруар. Қазіргі күні шешімін тауып жатқан мәселені айтар болсам, күллі әлемнің оқушылары үйден оқып жатқандықтан, осындағы қазақ отбасыларындағы оқушыларды қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз, себебі осында тұратын кейбір қазақтың үйінде компьютер жоқ. Ақылдасып, қаражат жинап, нәтижесінде отыздан астам қазақтың үйіне компьютер әкеп орнаттық. – Сұхбаттасуға хабарласқанымда «Қазақ тілінде акцентпен сөйлеймін, ойымды кейде еркін жеткізе алмай қаламын. Елдегі бауырларым сұхбаттаса алмайды деп айып етпесін. Атажұртқа табаным бір-ақ рет тиген, оның өзінде үш-ақ күн болдым» дедіңіз. Сонда Қазақстанның қай өңірінде болдыңыз? – Осыдан екі жыл бұрын құрбан айт мерекесінен кейін Алматыға арнайы саяхаттап бардым. Алғашында әуежайдан түсіп, киелі топыраққа табаным тиген сәтте көзімнен қалайша жас ытқып шыққанын байқамай қалдым. Көпшіліктің пікіріне құлақ асып, ең алдымен Көктөбеге көтерілдім, сосын Шымбұлақтың баурайын араладым. Келесі күні сіздерше айтқанда «Барахолка» деп аталатын базарлар шоғырланған жерге бардым. Маған елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігін сыртынан бақылау қызық болды. Дегенмен, Қазақстанда бірде-бір туысқаным жоқ, барғанда қонақүйге тұрақтадым, сол себепті толығымен аралай алмадым. Шынымды айтсам, жалғыз жүру жайсыз болды. Оның үстіне сол кездері уақытым тығыз болды, ал Алматыны үш күн ішінде емес, асықпай аралау керек екен. Алматы мен ойлағаннан да үлкен қала болып шықты. Мазаны қашырған мына індет бәрімізді айналып өткен соң, келесі жылы елдегі бір-екі қаланы асықпай аралаймын деп жоспарлап отырмын. Көпшілігі екі ел арасы жақын екенін айтып, атажұртта бір-ақ рет болғаныма таңданып, мұның себебін сұрап жатады. Елде туыстарым болса, жиі келетін едім. Қазақстанда ешкімді танымаймын. Дегенмен, елде еш туысым болмаса да, қаным қазақ болған соң, атажұртымды өз көзіммен бір рет болса да көру арманы әркез менмұндалап тұратын. Сол арманымды орындау үшін жұмысымды ысырып тастап, тарихи Отаныма барып, бір марқайып келдім. Десек те, Алматыда орысша шүлдірлейтін бауырларымыз көп тұратынын байқадым. Дүкенге кіріп, сатып алғым келген өнімді қазақ тілінде сұрасам, дүкенші бауырым маған орысша жауап қатады. Түркияда барлығы тек бір тілде сөйлейтіндіктен, бұл маған бастапқыда қызық көрінді. Орысша білмейтінімді сан мәрте айтсам да, әлгі дүкеншіге не іздеп жүргенімді ұғындыру қиынға түсті. Дей тұрғанмен, қазақша білмейтін қазақтарға ренжімеймін, олардың ата-аналарының өскен ортасына кезіндегі Ресей империясының басқару жүйесінің әлі де ықпалы бар екенін жақсы білемін. Мәселен, түрік тілінің қолданыста жүргеніне мың жыл болды, әрі бұл ел Қазақстан секілді өзге елдің бодандығында болған емес, осылайша түрік тілінің қолданыс аясы тарылмай, еш шұбарланбай, бүгінде өз аумағында жүз пайыз қолданылуда. Қазақ тілінің де алдағы уақытта елдің барлық аймағында қолданыс аясы кең болады деп сенемін. Стамбұлдың қазақтар көп шоғырланған ауданы Зейтүнбүрніде алты мыңға жуық қазақ тұрады. Әуелі ата-анамыздан, сосын сол ауданды мекендеген қалың қазақтың ортасында жүріп қазақ тілін үйрендік. Өкінішке қарай, артымыздан ерген жастарымыздың көпшілігі ортасы басқа болғандықтан, қазақ тілін үйрене алмай қалды. Бізде өзге көршілес мемлекеттердегідей қазақтілді мектеп жоқ, дегенмен біздің қауымдастықтың жанынан қазақтілді курс ашылып, ана тілін білмейтін жастарды сол курстарға қатысып, қазақ тілін жетік меңгеруге, сонымен қатар мұнда жұмыс істейтін арнайы үйірмеден домбыра тартуды үйренуге үгіттеп жүрміз.  width= – Келесі жылы жағдай түзелсе елдегі бір-екі өңірді асықпай аралайтыныңызды айтып қалдыңыз. Қазақстанның қай өңіріне саяхаттауды жоспарлап отырсыз? – Бәрінен бұрын Семей өңіріне барғым келеді. Әкем кезінде Шығыс Түркістан деп аталған аумақта туылғанымен, атам сол Семей жақтың тумасы. Ата-бабам жүріп өткен, үйдегілердің бала күнімнен құлағыма құйып айтқан сол өңірді өз көзіммен көргім келеді. Сондай-ақ ел астанасы Нұр-Сұлтан шаһарын Дубай секілді әсем қала дегенді жиі естимін. Сол қаланы да асықпай аралағым келіп жүр. Сосын елге барып, сары қымызды сапырып ішіп, қалың топпен бірге Наурыз мерекесін тойлатқым келеді. Қымыз демекші, Түркияның Измир қаласында қымыз әзірлеумен айналысатын қазақ бауырымыз бар, десек те, Қазақстанда жасалатын қымыздың дәміне ештеңе жетпейді екен. Атажұртта жылқыны бағудың қыр-сыры басқа ма, әлде ауасы мен табиғаты бір бөлек пе, білмедім, Қазақстанның қымызының дәмі өте ерекше. Елде әзірленетін қымызды бір татқаннан-ақ ұнатып қалған біздер Түркияда туып-өсіп, қазіргі күні Қазақстанға көшіп кеткен қазақтар немесе осында оқитын студенттер арқылы тапсырыспен қымыз алдыртамыз.

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

turkystan.kz

Жүктелуде...