Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтың өкімімен 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап, Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып – Керімбеков Мырзахан Батырбекұлы тағайындалды.
Мырзахан Батырбекұлы – 1979 жылы 12 сәуірде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дүниеге келген.
2000 жылы – М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін экономист-кибернетик, ал 2011 жылы аталған оқу орнында электрэнергетика мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Еңбек жолын 2001 жылы облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық департаментінде коммуналды шаруашылық бөлімінің жетекші маманы болып бастап, 2002 жылы дәл осы қызметті Индустрия, энергетика және коммуналды шаруашылық департаментінде жалғастырды.
2003 жылы облыс әкімі орынбасарының референті-бас маман қызметінде жалғастырып, 2005 жылдың ақпанында ОҚО көлік және автомобиль жолдары департаменті инженерлік инфрақұрылым бөлімінің басшысы лауазымына тағайындалды.
Мырзахан Керімбеков өзінің қызметтік жолында облыстық әкім аппаратының қаржы-шаруашылық, әкімшілік-шаруашылық бөлімдерінде тәжірибе арттырып, 2012-2015 жылдар аралығында Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Ал, 2016 жылы «Қуат жылу орталық-3» КММ-нің бас инженерінің орынбасары, ал 2017 жылы «Шымкент қаласы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі әкімшілік бөлімінің басшысы болып қызмет етті.
Мемлекеттік қызметте және коммуналдық салада мол тәжірибе жинаған Мырзахан Батырбекұлы еңбек жолын 2017-2019 жылдары Түркістан облысы Түлкібас ауданында аудандық тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы болып жалғастырды.
Әуелі Түркістан облысы, Сайрам аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде басшының міндетін атқарған Мырзахан Керімбеков 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап аталған бөлінің басшысы лауазымына тағайындалды.
Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметі