Шетелдегі қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі экономикалық жағдайлары қалай?

Шетелдегі қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі экономикалық жағдайлары қалай?

ашық дереккөзі

 width= Шетелде тұратын қандастардың жоғары іскерлік белсенділігі Қазақстан үшін отандық өнімнің экспорттық әлеуетін дамыту, озық технологиялар (білім) трансферті мен инвестициялар тарту үшін үлкен мүмкіндіктер ашады. Олардың кәсіби құзыреттілігі, жергілікті тілді, құқықтық базаны және нарық конъюнктурасын білу, сондай-ақ іскерлік тәжірибесінің болуын экономиканың түрлі секторларында пайдалануға болады. Осыған байланысты, 2019 жылы 8 мемлекетте (ГФР, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Ұлыбритания, Швеция, РФ, Моңғолия) «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен 500-ге жуық іскер қандастарды қамтыған жоғары деңгейдегі бизнес-форумдар өткізілді. Өкінішке орай, 2020 жылы әлемде COVID-19 індетінің таралуына байланысты іскерлік кездесу ұйымдастыру мүмкін болмады. Дегенмен «Отандастар қоры» шетелдегі іскер қандастармен байланысты үзбеу мақсатында іс-шараларды онлайн форматта ұйымдастыруды ұсынып, Zoom платформасында «Қандастар форумы» атты 7 онлайн-кездесу (Түркия, Өзбекстан, РФ, Иран, Моңғолия, АҚШ және Еуропа қазақтарымен) өткізуді жоспарлаған болатын. «Қандастар форумын» өткізудегі басты мақсат, әлемде өршіген пандемиядан кейінгі шетелде тұратын қазақтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын анықтай отырып, оларды ҚР-дағы қолайлы инвестициялық климатпен таныстыру. Іс-шараға спикер ретінде ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «KazakhInvest» ҰК» АҚ өкілдері шақырылды. Алғашқы іс-шара 16 қыркүйек Түркияда тұратын қандастардың қатысуымен ұйымдастырылды. Онлайн-кездесу нәтижесінде «KazakhInvest» ҰК» АҚ-ның Түркиядағы өкілі Нұрлан Ахметовпен ҚР-на инвестиция тарту сұрақтары бойынша Стамбул қаласынан Ерол Йолчы, Ертолқын Гайратулла мен Анталия қаласынан Ақмарал Габдиева Түркияда тұратын ірі кәсіпкерлерді байланыстыру жұмыстарын іске асыратын болады. Сонымен қатар қандасымыз Ертолқын Гайратулла Стамбул және Анкара қалаларында  «Қазақтардың мәдени-іскерлік орталығын» ашу туралы ұсыныс айтты. 5 қазан өткізілген онлайн-кездесуге Өзбекстанда тұратын этникалық қазақтар қатысты. Жиын барысында Өзбестандағы қазақ орталығының басшысы Серікбай Назарұлы «Отандастар қорының» қолдауымен 2 қазанда Ташкент қаласында ашылған «Абай» қазақ мәдени-іскерлік үйінің жұмыс кестесіне ҚР-на инвесторларды тарту мәселесін енгізетінін атап өтті. Келесі іскерлік кездесу 12 қазан Ресейдің 10-нан астам аймағында тұратын қандастарымыздың қатысуымен өткізілді. Өз кезегінде, қандастарымыз әлемдік пандемияның әлеуметтік-экономикалық жағдайларына тигізген кері әсері тұрғысында сөз қозғады. Сондай-ақ жақында ғана Омбы қаласында ашылған «Абай» мәдени-іскерлік үйін Ресейдің басқа қалаларында да ашылса деген тілегін білдірді. Кәсіпкер қандастар жыл сайынғы «Ресей мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастық форумына» қатысуға ниет білдірді. Биыл 16 қазан Еуропа қазақтарының қатысуымен өткен онлайн-кездесуде 40-қа жуық қандасымыз жеке-жеке өз пікірлерін ортаға салды. Германияның Мюнхен қаласынан Өмірхан Алтын, Украинаның Киев қаласынан Батыр Ниязбеков, Испанияның Мадрид қаласынан Жанат Нурбаева, Швецияның Стокгольм қаласынан Мұрат Ермиш және басқа да бірқатар  отандастарымыз Еуропадағы қазақтардың әлемдік пандемиядан кейінгі экономикалық жағдайлары туралы баяндады. Сонымен қатар өз қалаларындағы іскер қандастар мен кәсіпкерлерге ҚР-дағы бизнес-климат бойынша ақпаратпен бөлісіп, оларды отанымызға инвестиция құюға шақыратындықтарын мәлім етті. Zoom платформасында өткен жиынға Еуропада оқып жүрген қазақ студенттері де белсене қатысып, өз ойларымен бөлісті. «Болашақ» бағдарламасымен Швейцарияда оқитын талапкер Әлішер Тұрсын қандастармен қатар, шетелде оқып жүрген қазақ жастарына да еліміздегі қолайлы инвестициялық жағдайды өзге ел азаматтарына таныстыра жүруді ұсынды. Өз кезегінде, Қандастарды қолдау департаментінің бас менеджері Анас Ахатұлы «Отандастар қорының» Қазақстан Республикасындағы бизнесті қолдау бағытында жұмыс атқаратын барлық операторлармен байланыс орнатқанын және елімізге келіп кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін отандастарға бизнесті қолдау тетіктерін ұйымдастыру үшін дәнекер болуға дайын екенін хабарлады. Қазіргі уақытқа дейін 150-ден астам қандастарды қамтыған онлайн іс-шаралар мен жыл соңына дейін Иран, Моңғолия және АҚШ-да тұратын қазақтардың қатысуымен ұйымдастырылатын болады.

Қонысбек Жандос Түймебайұлы

Қандастарды қолдау департаментінің консультанты

Жүктелуде...