Түркістан облысында 3,7 мың адам мемлекеттің қолдауымен жеке кәсібін бастады

Түркістан облысында 3,7 мың адам мемлекеттің қолдауымен жеке кәсібін бастады

ашық дереккөзі

 width= Түркістан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 44 677 адам қатысқан, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Осы жұмыстарды жүзеге асыру үшін 24,8 млрд теңге қаралып, 1 қыркүйекке дейін оның 11,8 млрд теңгесі немесе 47,7 пайызы игерілген. Айталық, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 2186 адамды оқуға жолдау, оның ішінде қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан 1211 адам өтеді деп жоспарланған. Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты қысқамерзімді кәсіптік оқыту жұмыстары қазан айында жүргізіле бастады. Негізінен азаматтар шаштараз, тамақ өндірісі, электр және газ саласындағы мамандықтар, фермер шаруашылығы, тігін өндірісі және басқа да салалар бойынша оқып жатыр. Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша 5791 адамды қамту жоспарланған. Бүгінге дейін оның 482-сі шағын несие алса, 3254-і грантқа қол жеткізген. Шағын несие мен грантқа бөлінген қаржының басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға және халыққа қызмет көрсету бойынша жобаларды іске асыруға жұмсалды. Мәселен, Келес ауданының тұрғыны Ақжол Абдазұлы «Бастау-Бизнес» жобасы кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 6 жыл мерзімге төмен пайыздық мөлшерлемесімен 4 млн теңге несие алды. Аталған қаржыға 16 ірі қара мал алып, мал шаруашылығын дамыту бойынша өз ісін ашып, кәсіпкер ретінде тіркелді. Бүгінгі таңда мал басын 30 данаға дейін көбейтіп, қосымша табыс табуда. Сондай-ақ жетісайлық Эльмира Жалкиева «Еңбек» бағдарламасы арқылы жаңа бизнес идеясын іске асыру үшін грант ұтып, оған кір сабын өндіретін құрылғы сатып алды. Аталған кәсіпті отбасымен атқарып, айына орта есеппен 1 тонна, яғни 5 мың дана кір сабын өндіреді. Өнімнің әр данасын 70-80 теңгеден саудалап, айына шамамен 350 мың теңге табыс тауып отыр. Үшінші бағыт аясында 89 930 адамды қатыстыру жоспарланса, бүгінге дейін 40 941 адам қамтылған. Бүгінде оның 15 363-і жұмысқа орналасқан. Қорыта айтқанда облыс аумағында биыл жалпы жұмыспен қамтылғандар саны 40 941 адамға жетіп отыр. Оның 14 114-і тұрақты, 25 578-і уақытша жұмысқа орналасқан. Олар құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау салаларында қызмет етуде. Айта кетейік, биылғы ІI тоқсандағы статистикалық мәлімет бойынша, жұмыссыздық деңгейі - 5,1 пайыз болса, жастар жұмыссыздығы - 3,9, ал әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6,7 пайызды құраған.

Жүктелуде...