Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
18 сәуір, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Өзгенің күмісіне көз тікпе

Өзгенің күмісіне көз тікпе

Өзгенің күмісіне көз тікпе
ашық дереккөзі
Атқа атаның баласы мінсін, - демекші Ыбырай болыс атқа мінген атаның баласы. Өз заманының шынжыр балақ, шұбар төс сал-серісі еді. Айтқаны келіп, атқаны тиген бір елдің болысы болды. Үріп ішіп, шайқап төккен тектінің ұлы еді.
Мыңғырған малы жайлауға сыймайтын. Тоқтықтың да өз кесірі болады. Көйлегі көктік, тамағы тоқтық - аздырар адам баласын-демекші. Сегіз қырлы, бір сырлы сабаздың баласының бірақ міні бар еді. Қыз-қырқын көрсе қырғидай тиетін. Соңғы кезде Ыбырай келе жатыр дегенді естіген ел қыздарының бетіне күйе жағып, үйге тығатын болды
Елден сұрастырып келсе керек, болыстың шаңырағына алпамсадай, жасы отызға жете қоймаған жігіт, жас жұбайымен кіреді. Жөн сұрасқан соң, жағдайын айтады әлгі жігіт. Болыс аға, біз бір мұңлықпыз. Бізді Алланың разылығы үшін панаңа ал. Жасаған жақсылығыңызды табан ақы, маңдай терімізбен өтейміз-дейді.
Жігітте, жас жұбайы да көрсең көзің тоятын өте келбетті адамдар екен. Екі иығына екі адам отырғандай, алпамсадай ірі жігітті Ыбырай болыс, қасына атқосшылыққа алады. Келіншегін үй шаруасына қояды.
Болыс кейін сұрастыра келсе. Торғай жақтағы мыңғырған жылқысы бар, Жылқыбайдың атастырып қойған жалғыз қызына өлердей ғашық болып, елінен алып қашып кеткен жылқышы жігіт екен.
Арада жылдар өтеді. Әлгі атқосшы, тындырымды жігіт болып шығады. Ойыңдағыны айтқызбай істейтін іскер. Өзі қандай ірі болса, жүрегі сондай кең, елгезек азамат екенін уақыт өзі дәлелдейді.
Қансонарда келіп, апта бойы аң аулап жатқан, қайын атасының інісі Елшібек болыстың да өткенде осы жігітке көңілі кеткен. Аттай қалап, ауылына бірге алып кетуге сұрап еді. Қайнағасына, Ыбырай болыс қимады бұл жігітті. Оны қимайтындай да өз себептері бар еді.
Көңіл құрғыр көк дөнен-демекші. Сөйтсе болыстың бар ойы жылқышының жас жұбайы болып жүр екен. Анадан асыл туған арудың, көлдің бетіндегі айдың сәулесіндей келбетін ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Кербез келіншектің сұлулығына қарап болыс. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылады.
Таңертең жылқыға кеткен күйеуінің, кешке келетін білетін болыс, бақтың ішіндегі құдықтан иынағашпен иіні талып екі шелек көтеріп келе жатқан келіншектің ақ білегінен шап беріп ұстап алады.
Сонда жас келіншек сөйлеп қоя берді-дейді. Ау болыс аға, мен бір мұңлық емеспін бе?Айтқаныңа көніп айдағаныңа жүремін. Менің басқа амалым жоқ. Қалағанын алып, қармағанын тістеген болысқа, менің арым не тұрады.
Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды-дейтін еді әкем. Менің Сізге бір уәжім бар, болыс аға. Уәжің болса айт айналайын, құлағым сенде-дейді болыс.
“Заманында бір елдің тұсынан алып арыстан шығады. Ойды орып, қырды қырып бара жатқан соң. Жандарына сауға сұрап, аңмен құстың тілін білетін, сол елдің ханына барып көмек сұрайды қалың елі-деп әлгі келіншек әңгімесін бастайды.
Алып аңмен тілдескен хан елге келіп, халқына айтады. Арыстанмен келістім, енді ол сендерге тиіспейді. Бірақ күнде жандарыңнан садақа, бір семіз ту биені апанының алдындағы бағанаға байлап кетесіңдер-дейді. Халқы қуанып бастарының амандығы үшін, күнде семіз бір ту биені бағанаға байлап жүреді.
Араға апта салып бірнеше айлар өтеді. Бірде апарған ту биені әлгі арыстан жемей қояды. Екінші, үшінші күніде осы жағдай қайталанады. Бұның арты жақсылыққа апармайтынын сезген халық, ханға хабар береді.
Алыстан ат арытып келген хан, апанға кіріп арыстанмен сөйлеседі. Абадан сізді үш күннен бері ас ішпеді деп жатыр халқым. Ауру-сырқаудан амансыз ба? Ту биені жемегеніңізге не себеп?-дейді хан.
Себеп біреу дейді арыстан. Аштан өлсем де, сауырын қасқыр тарқан ту биенің етін ешқашан жемеймін мен. Арыстан атыма ұят емес пе? Сауыры бүтін, ту биеге ауыстырыңдар-деген екен.
Сол айтпақшы:” Менде сауырын арлан тартқан бір мұңлық емеспін бе? Ыбырай аға”. Арыстан деген атыңызға кір келмей ме? Арысым-ау дегенде болыстың қолы, келіншектің ақ білегінен сусып түсті дейді.
Осы әңгімені Мағауия досым майын тамызып айтып бергенде, аузымнан суым құрып тыңдап едім. Ғибрат болсын деген ниетпен, елге жеткізгім келді.
Арыстаннан алтау туғанмен, абадан болар біреуі. Атадан алтау туғанмен, заманы оның келгенде, елінің қамын ойлайтын заңғар болар біреуі-демей ме? Қазақ тізгін ұстағанға қарап бой түзейді. Тізгінің түзу болу үшін, алдымен ниетіңді түзет. Адалынан тапқан алтын асығыңмен ойнап отырып, көршінің күміс қасығына көз салма-дейді екен абыздарымыз ағайын.
                                                                                                                                                                                                                    МАҚСАТ СҚАҚОВ