Өндірістік жарақат салдарынан арбаға таңылған азамат өтемақы ала алмай отыр

Өндірістік жарақат салдарынан арбаға таңылған азамат өтемақы ала алмай отыр

ашық дереккөзі

 width= Түркістан облысында 1-топтағы мүгедек әділдікке жете алмай жүр. Кентау қаласының тұрғыны Дастан Орынбасаров кезінде шахтада жұмыс істеп жүріп, аяқ астынан қол арбаға таңылыпты. Содан бері 13 жыл өтсе де, өзіне тиесілі өтемақысын әлі күнге өндіре алмай келеді. Төрт бірдей соттан жеңіп шыққанымен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл аудандық соты оның талап-тілегін қанағаттандырмай тастаған көрінеді. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Дастан Орынбасаровтың мүгедек болып қалғанына 13 жыл болды. Тепсе темір үзетін шағында сүйретіліп, қол арбаға таңылғаны оның жанына аяздай батып жүр. «Мүгедекпін. Арбада отырмын. Олар 13 жыл бойы күрескен қаражатымды бермей отыр», - дейді 1-топтағы мүгедек Дастан ОРЫНБАСАРОВ. Ол Павлодар облысындағы жеке компанияда жұмыс істеп жүргенде өндірістік жарақат алыпты. Шахтада үстіне 500 келі тас түсіп кеткен екен. Соның салдарынан 3 ай ес-түссіз ауруханада жатқан. Сол кезде сақтандыру компаниясы оның жалақысын небәрі 22 мың теңге деп белгілеп, 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем жасаған. Алайда Дастан Орынбасаров еңбекақысының 130 мың көлемінде болғанын соттасып жүріп, дәлелдегенін айтады. Оның үстіне, оқыс оқиғаға 100 пайыз жұмыс берушінің кінәлі екенін сол уақытта комиссия анықтаған. Сөйтіп сот шешімімен  жұмыс беруші 47 млн теңге өтемақы төлеуге міндеттеліпті. «Сенің ақшаңды төлейміз, бәрін өзіміздің мойнымызға аламыз деп 2009 жылы бейбіт шешім шықты. Қарағаны үшін әйеліңе де төлейміз деді. Сол шешімді олар орындамай кетті», - дейді 1-топтағы мүгедек Дастан ОРЫНБАСАРОВ. 3 баланың әкесі осылай айтысып-тартысып жүргенде, жекеменшік компания банкротқа ұшыраған. Жұмысшының алдындағы қарызын Павлодар облыстық мамандандырылған ауданаралық соты республикалық қазынадан өтеуді және төлемді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жүргізу жөнінде шешім шығарған. Өзіне тиесілі ақшасын өндіріп алу үшін Дастан Орынбасаров  Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотына талап-арыз түсіріпті. Бірақ сот арызды қанағаттандырмаған. «Сот 4 бірдей соттың шешіміне қанағаттанбай талап-арызды кері қайтарады. Қазіргі уақытта аппелациялық шағым беріліп, аппелациялық сот алқасында қаралатын уақыты жақындап тұр», - дейді Д.Орынбасаровтың сенімді өкілі Әріпбек ЖАҚЫПБЕКОВ. Әзірге, үкім заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленуші тарап аппелациялық шағым түсіріпті. Есіл аудандық сотындағылар келесі процесс 13 қазанда белгіленгенін хабарлады. Оған дейін бұл мәселеге қатысты қандай да бір мәлімет бере алмаймыз деп отыр. Ал қиын жағдайға тап болған Орынбасаровтар отбасындағы 5 адам осы күні сақтандыру компаниясынан түсетін ай сайынғы төлем мен жәрдемақыға ғана күн көріп жатыр. https://www.youtube.com/watch?v=gmVsNNuA6w4

Жүктелуде...