Сөзі — найзадай, өзі — найзағай
Сөзі — найзадай, өзі — найзағай
Ақынның мінезі – ақынның паспорты. Дәуір тынысын тап басуда шайыр айтқан шындық халық көкейіндегі ұлы мұраттармен үнемі үндес келеді. Ілкідегі «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деген аталы сөздің түп-төркінінен де осы ақын образын, шайырға тән өткір мінезді, поэзияға тән өрлікті аңғару қиын емес. Ханға қаймықпай дат айтып, ел мүддесі таласқа түскен қысылтаяң кезеңде қарақан басын құлқыны үшін саудаға салмайтын ақын, ең алдымен мінезді болуы керек. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегенде де осы мінез туралы айтқан деп ұғамыз.
Әлбетте, қазақ әдебиеті тарихына зер салған кез келген оқырман мінездері найзағайдай шатырлаған шайырлар қосынының аз емес екеніне көз жеткізер еді. Тіпті олардың жырын тілге тиек етпей жатып-ақ ерлік пен азаттықтың айғағындай есім-сойларының өзі намысыңды жанып, аттарының тұяқтарын дүрсілдете ту сыртыңнан ту көтергендей болады. Көшпелі көк түріктердің тасқа қашалған том-том тарихы Күлтегін, Тоныкөк жырларынан бастап, Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді жыраулардың өршіл өлеңдерімен өзектесіп жаныңа күрескер рух сыйлайды. Бұл тізім және жалғасып-жалғасып келіп Махамбет, Мағжан, Қасымдарға ұласады, тіпті берірек қарасақ алаштың ары мен мұңын жоқтап, қасиетті сөзге қорған болып келе жатқан біздің бүгінгі кейіпкеріміз Серік Ақсұңқарұлы болып толығады.
Шын мінезі шығармасынан көрініп тұратын ақын Ақсұңқарұлы туралы айтқанда міндетті түрде оның бірбеткей болмысына барып тірелер едік. Ақынға мұндай мінез қайдан келді дейтіні жоқ. Биыл Мемлекеттік сыйлыққа түсіп жатқан Секеңнің шығармашылық зертханасына үңілген тұста да сол мінезін еш айналып өте алмайтынымызды түсіндік. Осынау жазбамыздың өзінде де шайырдың «шатақ» мінездеріне қайта-қайта соғып отыруымыз мүмкін. Шамамыз келгенше көкеміздің «көкейіндегі Күлтегін бабасы жазып кеткен жауһар жырларды» сіздермен бірге парақтап көргіміз келеді.
Мінез дегеннен шығады, бірде жас ақындар ағамыздың үйіне бара қалсақ, ағамыз өлең жазып болған беті, шалқар шабытпен қазақ ақындарының антологиясын «ауызша» құрастырып, ойша тізім жасап отыр екен. Бұл әңгіме кейін «Ақсұңқарұлының санамағы» деген қызық анекдотка айналып кетті.
Үйіне кіргеніміз сол еді, амандасқан қолымызды жібермей тұрып бірден: – Қазақ поэзиясында Абай, Мағжан, сосын — Мен, – деді, бір жағы сендер не дейсіңдер дегендей оқты көзін сынай қадап. Жөпелдемеде бізде қандай пікір болсын: – Дұрыс қой аға, дегенмен Қасым ше? – дедік қайдан шықсақ одан шығайық деп. Ағамыз: – Ойбай, Қасым көкем бар екен ғой! – деді шошып кетіп. – Міне, – деді сосын саусақтарын қайтадан бүгіп: – Абай, Мағжан, Қасым, сосын – Мен!.. Бұл жолғы дауысында бағанағы қатты екпіннен гөрі қажығандық, өзі айтып жүретін қаптаған «халтурщиктермен» алыса-алыса шаршағандық бар сияқты. Әлгі тізіміне келісіп, бекіте салуға да болушы еді, біз бірақ үнемі өзі айтып отыратын әдебиеттегі ұстаздарын есіне салуды парыз санадық. Аға, Мұқағали қалып барады, – дедік. Ағамыз: – Ойбай, Мұқағали қалып барады екен ғой, – деді көкесіне еркелей әрі ыңғайсызданып. Бізді бұл кезде әбден күлкі қысып болған. Қайта санайды: – Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, сосын – Мен! Біз де қоймаймыз: – Аға, Жұмекен ше, Қадыр ше? «Түу, тұра тұрыңдаршы, не боп кетті, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали», деді де кішкене ойланып тұрып қалып: – Әй, көп боп кеттік, тізімді кейін дұрыстап қайта қарау керек, – дейді қарқылдап. – Жүріңдер, жақсы келдіңдер, Ғалия, бізге кофе әкел, – деп балконына қарай беттейді.
Бұл санамақтың екінші нұсқасын ақын Светқали Нұржан ағамыздан естіп тіпті шегіміз түйіліп қала жаздады. Светқали ағамызға звондап: – Түгел халтурщик, біз өзі бес-алтау ғана қалдық қой, – депті әңгімені созбақтамай. Әлгі қоңыраудан кейін арада біраз жылдар өтеді. Түрлі оқиғалар орын алады. Жау көбейген, жақтас азайған. Елордадағы бір жиыннан шығып, есік алдында темекісін бұрқыратып тұрса Светқали бауыры шыға келіпті. – Жарыққали, амансың ба жаным, қайда жүрсің, бері қарай кел, біз өзі аз қалдық қой, үшеу-ақ қалдық, үшеу-ақ, – депті.
Светқали аға кейін айтады. – Үшеудің біреуі – өзі. Біреуі не Есенғали, не қасына шақырып, қолтықтап тұрып айтқан соң мені айтып тұр деп топшыладым. Мәселе, анау ортада тұрған үшінші сорлы кім екен? – деп сылқ-сылқ күледі. Біз де күлеміз, бала сияқты мінезі осындай әңгімелерге үнемі арқау, өзек болады да жүреді.
Мәселе, ақындық деген Алладан берілетін аса қасиетті ұғымды былғамауға серт еткен Серік ақынның бұл мысалдардан поэзияға адалдығын аңғаруға болады. Абайдан кейінгі ақын болуды армандамайтын қазақ қаламгері жоқ шығар. Бұл туралы ақын Ұлықбек Есдәулеттің ғажап өлеңі де бар. Ақсұңқарұлы бізге Маяковскийдің «Бір біріне ұқсамайтын ақындар көп болсын» деген сөзін көп айтады. Төлеген Айбергеновше айтсақ «Әркімнің өз биігі бар». Серік ақын ешкімге ұқсамайтын мінезімен дара, өз биігіндегі бірегей де бірбеткей ұзан.
Арқадағы үлкен әдеби ортаның берік қалыптасып, қанатын кеңге жайған жемісті кезеңін ақын Серік Ақсұңқарұлынсыз елестете алмас едік.
«Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті», «Қызыларай», «Ғасырлар кардиограммасы», «Адам Ата – һауа Ана» атты жыр кітаптарын жастап, жаттап өскен тұтас буын бүгінде әжептәуір жасқа келді. Біз де сол буынның белді өкілі екенімізді үнемі мақтанышпен айтып жүреміз. Қызыларай деп қалдық қой, алдымен ақынның өлеңдеріне өтпес бұрын шайыр туған шаһарды сөз ете кеткеніміз дұрыс. Ақсұңқарұлының туған жері Ақсораң тауының етегіндегі Қызыларай колхозы.
Дәл осы жерде Секеңнің қызық мінезінің құлағы тағы қылтияды. Арқада Секеңе таласатындар көп. Қарқаралы жағы «Ақсұңқарлы біздікі деп бет қаратпайды. Ақтоғай болса, туған топырағы Тоқырауынның жағасы, Қызыларайдың қырғызы деп қиқынады. Секеңнен оңашада сұраймыз сосын: «Секе, қай жақтыкісіз, құдайшылығын айтыңыз», дейміз сөйлеткіміз келіп.
- Әлихан қайда туса, мен де сонда туғанмын, – Әлекеңнің паспортында Қарқаралы деп жазылып тұр, – дейді еш іркілместен. Түсінген адам бұл әңгіменің ар жағынан ақынның алаш идеясы үшін түгел өмірін сарп еткен ұлы мұратын анық аңғарар еді.
Мирас АСАН,
Халықаралық "Шабыт" шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты