Жаңалықтар

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма: Серіктің серті

Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма: Серіктің серті

 width=   Біздің буынның арасында да, шүкір, кітаптары жарық көрмей жатып-ақ, қаламгерлік одақтың емес, қалың оқырманның ілтипатымен танымал ақындар санатына лезде еніп кеткендер болды. Мысалы, Есенғали немесе Тыныштықбек. Әрине, Серік Ақсұңқарұлы. Бұл жолғы әңгімеміз — Серік туралы. 1970-жылдардың соңында, бәлкім, 1980-жылдардың бас жағында сол кезде коммунистік ілімді мығым ұстанатын, сол себепті де қалыптасқан қағидалардан тыс әр нәрселерге ұрынып жүретін ақындарды, оның ішінде жас ақындарды онша жолата қоймайтын «Социалистік Қазақстан» газетінде «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» деп аталған топтама өлеңдер жарқ ете қалды. Үңіле қалдық, тұтас бетті алып жатыр. Сол дәуірде жақсылы-жаманды жырларды «Бес өлең» деген рубрикамен (неге бес өлең?) там-тұмдап қана беріп отыратын аға газеттің мына мырзалығына таң болдық, оған қоса, расын айтайық, риза болдық. Риза болған себебіміз — қазақ өлеңіне тағы бір талғамы биік өзгеше үн қосылғаны. Кейін бұл өлеңдер дәл осындай атпен «Жалын» баспасынан 25 тиын тұратын 56 беттік жұқа жинақ болып жарық көрді. Жинақ аннотациясы былай жазылыпты: «Жас ақын бұл алғашқы жинағында жаратылыс пен адамзат тіршілігінің әр алуан қыры мен сырын, бүгінгі планета тынысын азаматтық асқақ сезіммен жырлайды». Хош. Әңгімемізді неге енді осы алғашқы жинақтан бастап отырмыз? Себебі, Серіктің сол жинаққа ілескен одан кейінгі күллі кітаптарының барлығы да әлгі аннотацияда көрсетілгендей «адамзат тіршілігін, планета тынысын азаматтық асқақ сезіммен» жырлайды. Ақынның біз әңгімелегелі отырған 2018 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан кезекті «Көкейімде — Күлтегіннің жазуы» атты кітабы да сол адамзат тіршілігін қаузап, сол планета тынысымен бірге дем жұтады. Әрине, азаматтық асқақ сезімін жоғалтпайды. Асқақ сезім, қалай десеңіз де, Серіктің өлеңдегі басты ұстанымы. Бала шақта жүрегіміз атқақтай соғып оқыған өжет пионерлік, жас гвардиялық кітаптарымызды былай қойғанда, идеологиялық шегесі нық қағылған кинофильмдердің өзінде өлім жазасына бұйырылған шын коммунистер кеудесін көтеріңкі, басын асқақ ұстаушы еді ғой. Адамзат көнбістікке бұйырылған мына заманда жазылған Серіктің өлеңдері де сол тәрізді, кеудесін көтеріңкі, басын асқақ ұстайды. Аталмыш кітаптың беташар өлеңіне көз жүгіртейікші: «Күнім түсіп қайдағы бір жаманға,-— / Өзек жалғар талшығымды табам ба? / Өмір сүрген мендей ақын бар ма екен, / Мұнай деген құдай болған заманда. / Көктей өтіп Көк Түріктің өр елін, / Өз елімді келді-ау нұрға бөлегім. / Иномаркалардың моторларында, / Бензин болып жанып кетті өлеңім... / Мұнай-Тақсыр өртке қарай тақымдап, / Қайдағы бір қу мен сұмда хақым ғап; / Мен де жандым, (бензиннен де тез жандым), — / Лаулап! Заулап! Өршіп өрде — Лапылдап!!!...». «Мұнай заманы» деп аталатын осы өлең тұтас кітаптың жеке жетекші тіні тәрізді. Себебі әр ақынның сыртқы формасы қалай болатындығына қарамастан, сөз жоқ, ішкі формасы — лаулау, лапылдау. Серік өлеңге қадам басқан заманда Назым Хикметтің «Мен жанбасам лапылдап, Сен жанбасаң лапылдап, Біз жанбасақ лапылдап — Аспан қалай ашылмақ» деуі әншейін қиыстырыла салған жолдар емес еді, азаматтық лирикамен қанаттанған ақындық миссиясы-тұғын. Серік те мына өлеңде үнемі көз көріп жүрген таныс көріністің нақты кескіні мен көзге көрінбейтін тылсым сезімнің жұмбақ жалынын қапталдастыра, қатарластыра бейнелеу арқылы проблемалық мақалалар мен әлеуметтік дискуссияларға ғана лайықтыдай көрінетін ащы ойларды әлдебір үмітсіз көнбістікпен емес, соңы өртке айналуға тиістігін мойындататындай ірі қайсарлықпен «лаулап, лапылдап» жырлайды. Қайталап айтайық, сонау жылдары жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәтін бейнелеп бергеннен бергі Серік Ақсұңқарұлы поэзиясының өзіне тән ерекшелігі сол — ешқандай компромиске бас ұрмайтындығы. Рас, бірлікті ту етіп ұстанған елімізде бейбітшіл, ымырашыл ақындар (өмірде де, өлеңде де) болуы заңды да. Оның үстіне, ретті жерінде компромиске қол қою ортақ мақсат жолында табысқа жетудің қайнар бұлағы болуы да мүмкін. Бірақ, Серік әуелде қалай жаратылса (өмірде де, өлеңде де), қазір де сол күйімен келе жатыр. Оның жырларындағы (метафролық өрнектер дейсіз бе, публицистикалық уыт дейсіз бе, солғын үйреншіктіден қанық сонылыққа үдере көшу дейсіз бе) әйтеуір жаңаша мүмкіндіктерді игеру мен өзгеше өрімдерді өру тәрізді ізденістер толастаған кезі жоқ. Бүгінгі заманның келбетін бейнелейтін тағы бір мына өлеңді оқып көрелік: «Қан базар – қазақ атырабы. / Алмай көріңіз: / Шүршітке топырақ сатылады! / Үндіске –— Маңдай теріміз! /Сатамыз! Хақың болмасын! / Ай-хой, азаттығым: / АҚШ-қа — Атом бомбасын, / Орысқа — Қазақ Тілін! / Қайда әлгі Ұлттық Табыс?! / Не деп барам? / Бір кило Ұлттық Ұят! Бір кило Ұлттық Намыс — / Керек маған!!!». Ал, не дейсіз?! Наз ба, нала ма? Әрі-беріден соң айдын шалқар атырабың мен теңіздей төгілген маңдай теріңнің, жарық дүниеге келгеніңде жадырап қарсы алған ана тіліңнің құны бар-жоғы бір келі ұят (ұлттық ұят), бір келі намыс (ұлттық намыс) болғаны ма?! Әрине, жоқ. Әрине, олай еместігін Серік білмей отырған жоқ. Бұл ретте ақын, аңдап қарасаңыз, қоғамды, соның ішінде қазақы қоғамды да жаулап болған әлеуметтік дерттің, әлеуметтік немкеттіліктің, солардан пайда болмасқа амалы қалмайтын әлеуметтік жұттың тамырын тап басып, күйінішті ызасын таусыла айтып отыр. Әйтпесе Серік жеті жұрт көшіп-қонған қасиетті Қазақ елі ғана емес, жалпы Жер үстінде ұят та, намыс та ешуақытта килограммен өлшенбейтінін (олай өлшеу мүмкін еместігін де) білмей отырған ештеңесі жоқ. Әрі-беріден соң бұл жерде қолданылып отырған кило (килограмм) ұғымы кәдуілгідей атаулы сөз ретінде бас шұлғытпайтыны, көк қағазбен есептесіп, көп қағазбен тіл табысатын қазіргі тірліктің бет қаратпас атрибуттарының бірі есебінде әлдебір наразылықты түртіп оятатыны да әбден мәлім. Яғни бұл жырында да Серік ішек үзер ұзынсонар баяндаудың немесе ішіңе енбейтін ғұмырсыз ғақлияның емес, көптің көңіліндегі түйіртпекті әлдебір детальдармен жеткізе білудің ақыны екенін тағы бір рет танытады. Кітаптағы «Кейкінің басы» немесе «Жұмекеннің жүрегі» әйтпесе «Жәнібектің бесік жыры» тәрізді жырларды оқығанда да ақын ақ қағазға төнгенде әуелі нені мақсұт еткенін бірден бажайлауға болатын секілді. Кейкінің заманы — ақ пен қызылдың айқасқа түскен шағы еді ғой. Бұл заман арғы жақтағы батырларды былай қойғанда, берідегі бас көтерер ерлердің бағы тайған кез болатын. Ашық айқасқа түсуден тайынбайтын небір батырларымыз арамза саясаттың адастырар тұманына тұншығып, сонда да, оққа ұшса да, отқа түссе де, өз жұртының бақ-талайы үшін өз басын бәйгеге тіккен бір аласапыран дәуір еді. «Кейкінің басы» — қайта оралуын ешкім тілемейтін сол астан-кестен көріністің бір сұлбасы. Ал «Жұмекеннің жүрегі» ше? Жұмекен өмір сүрген кезең — Серіктің де ортақ дастарханнан дәм татып, опалы-опасыз дәурен кешкен тұсы еді. Ол тұста, тап қазір қаншалықты сынап жүргенімізбен де, өлең сөзге дәл осы күнгідей еркіндік беріліп көрген жоқ-ты, кеңестік цензура әр жолдың астарын микроскоппен тексеретін. Ал сол микроскопты қателестіру тек Жұмекен тәрізді дара ақындардың ғана қолынан келетіні және рас-ты. Яғни батыр Кейкілер қиын сағатта әр іске басын тіксе, ақын Жұмекендер әр сөзге жүрегін жұмсады. Алтын бастарымыз солайша азайды, сезімтал жүректеріміз солайша дерт жамады. Міне, осындай-осындай тақсыреттерден соң ең күнәсіз әуен — бесік жырын қай дауыс, қандай көкірек уайымсыз ыңылдай алушы еді. Оның үстіне ақынның бесік жырын әспеттейтін кейіпкері сахнаны арзан кәсіптің тулағына айналдырған әлдеқандай дәлдүріш емес, дені таза қазақ өнерінің дегдар өкілі Жәнібек (Кәрменов) екенін ұмытпалық. Міне, сол себептен де «Кейкінің басындағы» жолдар «Кеудесінде қалып қоймай зар әні, / Маңдай, шеке сүйегіне тарады» болып өрілсе, «Жұмекеннің жүрегі» өлеңіндегі шумақтардың бірі «Көп пендеден қайтып әбден меселі, / Қайтара алмай езге кеткен есені, / Қыл, қыбырдай соқыршекке тоғысқан, / Жүрегіне шөге берді кеселі...» болып түзіледі. Ал «Жәнібектің бесік жыры» әуелі «Сен — Һас Сақсың желбіреген тұлымы. / Ата Жұртың — Арғы Ғұн, Ана Жұртың — Түркістан, Асау да — селдің тұнығы, / Саф алтынның бізге жеткен сынығы» болып басталып, одан әрі «Жалғанда, мына жалғанда, / Тексізге еріп, сандалма? / Мен — Қабірден атып тұрармын, — / Сен — Үзеңгіге аяқ салғанда!» болып жалғасады. Жалпы Серіктің жырлары бұл кітапта да бәз-баяғысындай азулы атаулармен немесе шалт қайырылар шумақтармен, бөлекше бастаулармен немесе тосын түйіндермен елең еткізіп отырады. Бұл ретте қағаздағы Серік Ақсұңқарұлының өлеңі өмірдегі Серік Ақсұңқарұлының өзі тәрізді. Оның поэзиясының ыстық сезіміңді аяқ астынан суытып жібере жаздайтындай аязды қаһары мен салқындауға бейім тұратын кербез ақылыңды күйдіріп өтерліктей өрттей қызуы үнемі қатарласа өріліп отырады. Жырлардың атаулары да солай: «Мидағы код» немесе «Жарық пен түнектің жыры», «Ұйықта, адамзат» әйтпесе «Стамбұл мен Доспамбет», «Көк түріктің көз жасы» болмаса «Адасқан ұлдың ата жұртына оралуы», «Матриархат заманы» немесе «Спарта әйелдері»... Қысқасы, Серік өлеңдерінде әрідегі асқақ рухты бабаларымыздан қалған дүбірлі дауыс та, берідегі бодандық заман босағамызға сүйеп кеткен мұң-шер де, елдігімізді есімізге салып отыратын қаһармандық леп те, ерлігімізді ұйқысынан оятып отыратын қайтпас шамырқаныс та, бәрі-бәрі бар. Әрине, Серік өлеңдерінде әр адамға, оған келіспесеңіз, әр пендеге тән әрқилы сезім де — адал махаббат та, сиқырлы сүйіспеншілік те, өткен де кеткен өкініш те, өзгелер сезбейтін өксік те — бұлар да жеткілікті. Бір дәлелге жүгінелік. Мысалы, Алматы туралы жырлар талай жазылды, талай толқытты. Дегенмен әр ақынның өз Алматысы болатыны рас екен. «Алматы» деп аталған өлеңді оқыған соң өзіміз бес жыл мекен еткен сол Алматыға Серіктің де белгілі бір дәрежеде таласы бар екенін мойындадық: «Алатау, айхой, тау елі, / Нұрғисадайын сиқыр ғой, шіркін, әуені! / Ашулы Алла жұмақтан жерге қуғанда, / Адам мен Хауа осында түскен әуелі! /Таза еді онда Адам да, Аспан, Ауаңыз,/ Алатау жатқан — Ақ шыңы, бақша-бауы — аңыз. / Өзге елде жоқ бір алманың асыл тұқымын / Өзімен бірге ап келді мұнда Хауа Қыз. / Ақсораң қалып мұң шалып бірде қабағын, / Алатау шығып алдымнан, таң ғап қарадым. / Алматы деген Ару Қыз кіріп түсіме, / Мен бүгін, міне, алпыстан асып барамын... / Жетісу, қайран, жаһанда жоқ бір жер едің, / Қолға шам ұстап іздесе әркім керегін; / Алматы, егер — Еңлік Қыз болса жалғанда, / Мен — Кебек деген еңіреп жүрген ер едім! / Еңкейер жерде — еңкейдім, Шалқаяр жерде — шалқайдым, / Ақсораң сынды кенжесі едім Алтайдың. / ... Алматы деген бір Ару қызға қол жетпей, / Қарағандыда... Қара шал болып қартайдым...». Қалың алаштың кешегі зары мен қалың қазақтың бүгінгі запыранын қазымырлана жырлайтын ақын, көріп отырсыз, міне, осылай елжірей де толғана алады екен. Демек, ол да бір топырақты басып, бір суды ішіп жүрген біз тәрізді алакөңіл жандардың бірі екен. Тек өзгешелігі — араб жазуынан латын харпіне, латын харпінен кириллицаға көшкен, енді сол албардан шыға алмай жүрген жұртының жоғы мен барын баян етуді міндетіне алған өмірлі өнер өкілі екен. Тобықтай сөзіміздің түйіні, сертіне берік Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде — Күлтегіннің жазуы» атты жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа лайық еңбек, жанкешті еңбек.

Ертай АШЫҚБАЕВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Ақтөбе қаласы.