Жаңалықтар

Жаңалықтарға шолу: Бүгін қандай оқиға болды?

Жаңалықтарға шолу: Бүгін қандай оқиға болды?

 width= 28 тамыз күніне арналған маңызды жаңалықтарға шолуды Newsroom+Ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады. Қазақстанда ядролық сынақтардың тоқтағанына бүгін 29 жыл толды  width= Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы Халықаралық іс-қимыл күні. 1991 жылы 29 тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Ал 2009 жылы Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қырық жыл бойы қазақ даласын улап келген Семей полигондағы алғашқы ядролық жарылыс 1949 жылғы 29 тамызда, соңғысы 1989 жылғы 19 қазанда жүргізілген болатын. СССР заманында бұл аумақ аса маңызды стратегиялық нысанның бірі болды. Атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін Қазақстан аумағынан 18 млн га жер бөлініп, алғашында халық пен табиғатқа тікелей зардабын тигізген, ашық сынақтар жасалды. Кейін сынақтар жер астында жасала бастады. Салдарынан сол маңда тұратын 500 мыңдай адам тікелей зардап шекті. Өйткені тәжірибелік алаңдарда 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды. 1989 жылдың ақпанында танымал ақын және саяси қайраткер Олжас Сүлейменов бастаған «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының алғашқы митингі өтті. Осыдан кейін ядролық сынақтың қатері туралы барлық бұқаралық ақпарат құралдары ашық ақпарат тарата бастады. Ал Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. Осылайша, 1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды. Бүгінгі әлемде Қазақстан жаһандық антиядролық қозғалыстағы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Қазақстан бастамасымен мәні барлық адамдарды ядролық қаруға жаппай тыйым салу жолындағы күреске жұмылдыру болып саналатын АТОМ (Abolish Testing. Our Mission) жобасы жүзеге асырылуда. Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 12 қарашасында Astana Club пленарлық отырысында ядросыз әлем үшін жаһандық көшбасшылар альянсын құруды ұсынды. Қытай мен АҚШ соғысуы мүмкін  width= Қараша айында өтетін Американың президенттік сайлауы қарсаңында Вашингтон мен Пекин әскери қақтығысқа баруы мүмкін. Бұл туралы Австралияның бұрынғы премьер-министрі мәлімдеді. Пекин мен Вашингтон арасындағы қатынастар соңғы айларда COVID-19 пандемиясы, сауда, Гонконг және Қытайдың Шыңжандағы қазақ, ұйғыр азшылығына жасаған қысымына байланысты нашарлады. Екі ел арасындағы ықтимал соғыс қаупі туралы ескертуді 2007-2010 жылдар аралығында Австралияның премьер-министрі болған Кевин Радд жасады. Радд Мельбурндегі Ла Троб университетінде «Қытай мәселесі: жаңа қырғи-қабақ соғыстың алдын алуға бола ма?» атты іс-шарада сөз сөйлеген. Сол сәтте коронавирус жайында бірқатар пікірталастар өрбіп, Радд 3 қарашада Америкада сайлау өткізілер алдында «қате есептеу және шиеленісу жолымен қақтығыс» болатынын ескертті. Оның пікірінше, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың құлдырауы қатерлі салдарға әкелуі мүмкін. Ол Қытай мен Американың соғыс ұшақтары мен кемелерінің бір-біріне өте жақын келуі жиілеп, қақтығыс болудың аз-ақ алдында тұрғанына алаңдайтынын жеткізді. Айтуынша, Қытай өз позициясын нығайту үшін Оңтүстік Қытай теңізінде табиғи және жасанды аралдарда әскери базалар, соның ішінде аэродромдар салуда. Ал оған Вашингтон қатаң түрде қарсы тұрып келеді. Радд мырзаның айтуынша, Пекиннің де, Вашингтонның да «ұлтшылдық екпіндері» ашық қақтығыстарға апарады. Ол «әсіресе, Вашингтонда да, Бейжіңде де өте күшті ұлтшылдық саясаты жүріп жатқадықтан, сайлаудан бірнеше ай бұрын дағдарыс болатынын» баса айтты. 8 күннен бері іздестіріліп жатқан 13 жасар қыздың денесі орманнан табылды  width= Полиция сегіз күн бойы іздеген 13 жасар қыздың денесі табылды. «28 тамыз сағат 17:45 кезінде Көкшетау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері Краснояр кентінен 5 шақырым жердегі орман алқабынан жоғалған жасөспірім Әйгерім Хайдарованың жерге көмілген денесін тапты», – делінген хабарламада. Естеріңізге сала кетейік, 21 тамызда қыздың жоғалып кетуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, 25 тамызда іс қылмыстық кодекстің 99-бабы «Адам өлтіру» санатына ауыстырылды. Полиция 13 жасар қызды жоғалып кеткен күні көрген болуы мүмкін 200-ден астам куәгерлерден жауап алды. Іздеуге еріктілер қосылды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жасады  width= Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты үндеу жолдады. Құрметті отандастар! Осыдан тура 29 жыл бұрын, 29 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ядролық қару-жарақтан бас тарту туралы теңдессіз тарихи шешім қабылдап, антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды. Осылайша, 450-ден астам жарылыс жасалған әлемдегі ең ірі ядролық сынақ алаңының бірі – Семей полигоны, бұрынғы Кеңес Одағы басшылығының қарсылығына қарамастан, біржола жабылды. Бұл өскелең ұрпақтың жарқын келешегі мен мемлекетіміздің баянды болашағы жолында жасалған шешуші қадам болды. Сонымен қатар әлемнің әр түкпіріндегі сынақ алаңдарының жабылуына жол ашқан батыл бастамаға айналды. Тәуелсіздікті ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау жөніндегі бейбіт ұстаныммен қарсы алуымыз Елбасының саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асқаны анық. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихта тұңғыш рет ядролық полигонды өз еркімен жабу жөнінде парасатты шешім қабылдауы арқылы әлемдегі қауіпсіздікті және бейбітшілікті қамтамасыз етуге зор үлес қосты. Осы батыл әрекет әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатынына күмәнім жоқ. Қадірлі қауым! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы және жаһандық қауіпсіздік жөніндегі басқа да бастамалары бейбітшілікке деген берік ұстанымымызды айқындап берді. Елбасының көреген басшылығымен мемлекетті жойқын қарусыз дамытудың әлемдік бірегей үлгісі қалыптасты. Еліміз ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық қозғалыстың белсенді мүшесіне айналды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы халықаралық қауіпсіздікті нығайту, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты дамыту, жаһандық қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу ісіне белсене атсалыса береді деп сеніммен айта аламын. Қандасымыз Гиннестің рекордтар кітабына енді  width= Қытайдың Шиху қаласының тұрғыны Гүлзар Дәлелханқызы маржаннан тоқыған қолөнерлік бұйымы арқылы әлем рекордын жаңартты. Зейнетке шыққан Гүлзар уақытын бос өткізбеу үшін қолөнермен айналыса бастаған. Ол 2018 жылы Қытай астанасы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңының моделін маржаннан жасауды қолға алады. Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Гүлзар Дәлелханқызы 50 мың дана түсі әртүрлі маржанды сатып алады. Оның ішінен түсі, көлемі ұқсамайтын 10 мың маржан таңдап алып, тоқуға кіріседі. Ұзындығы 2.15 метр, кеңдігі 1.2 метр, биіктігі 1.2 метр келетін, жиыны 600 мың дана, салмағы 100 килодан асатын маржаннан екі жыл уақыт жұмсап, өзі ойына алған жұмысын сәтті аяқтаған. «Шиху қаласының тұрғыны Гүлзар Дәлелханқызы меруерттей жалтылдаған маржаннан тоқыған «Тяньаньмэнь моделі» деп аталған қолөнерлік жұмысы дүние жүзілік рекордын куәләндіру мекемесі (WRCA) жағынан тексеруден өтіп, «Дүние жүзіндегі ең үлкен меруерт моделі» ретінде бекітілген» деп жазады kazakcnr.com. Сөйтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енуді жоспарлаған қандасымыз арманына жетеді. Гиннестің рекордын жаңартқаны туралы ақпарат ресми расталып, сертификат Гүлзар Дәлелханқызының қолына табысталған. Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы карантин басталғалы қызын мүлдем көрмеген  width= Қытайда түрмеде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова карантин басталғалы қызынан ешқандай хабар ала алмай отырғанын айтты. Жуырда Қытайдың апелляциялық инстанциясы Ақжарқын Тұрлыбайға кесілген сот үкімін тағы да өзгеріссіз қалдырды. Енді қорғаушылар мен қыздың отбасы Ақжарқынды Қазақстанға қайтару жолдарын қарастырып жатыр. Екі ел арасындағы келісімшартқа сәйкес, Ақжарқын жазасын Қазақстанда өтеу үшін жазбаша келісім беруі керек. Зухра Сейтімова қызының өз елінде жазасын өтеуге келісіп-келіспегенінен хабарсыз. «Білмеймін, мен қызыммен жолықпаймын ғой. Келісім берудің нақты мерзімі жоқ», – деді ол. Сейтімова Ақжарқынның қазір Гуанчжоу қаласындағы изоляторда жатқанын, енді қандай түрмеге ауыстырылатынын білмейтінін айтты. Әйел қызымен соңғы рет былтыр сәуір айында сөйлескен. Карантин басталғалы баласынан еш хабар ала алмай отыр. «Карантин болғандықтан, ол жаққа ешкімді кіргізбейді. Тіпті дипломаттарды, адвокаттарды кіргізбеді. Карантин басталғалы бері ешкім көрмеген», – деді Сейтімова.